Қоғам • 03 Мамыр, 2023

Мәжіліс депутаты блогерлердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынды

772 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев  ақпараттың рас-өтірігін тексермейтін блогерлерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс депутаты блогерлердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынды

Мәжіліс отырысында депутат қоғамға кері әсер етіп жатқан блогерлерге қатысты мәселе көтерді. Олар ақпараттың дәйектілігін тексермей, «фейк» таратып жатады. Алайда, сол үшін жауапкершілік алып, жазаланып жатқандар аз. Осыған байланысты мәжіліс депутаты блогерлердің жауапкершілігін күшейту керегін жеткізді.

Мәжіліс депутатының айтуынша, дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржы пирамидаларының жандануына да себеп болып отыр.

«Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің әлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бәріңізге мәлім», деді депутат.

Анас Баққожаев сапалы контент қалыптастырып жүрген блогерлердің барын жоққа шығармайтынын айтты. Дегенмен, жалған ақпарат таратып, халықты алдап жүргендердің саңырауқұлақша қаптап кеткенін де еске салды.

«Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл - қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс. Мұның бәрі біздегі заңнамада блогер мәртебесі айқындалмағаннан болып отыр. Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар әрине, ойына келгенін істейді. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Халыққа шын жанашыр блогерлер де аз емес. Көпбалалы жалғызбасты аналарға, мүгедек жандарға жәрдем беріп, әлеуметтік желі арқылы халыққа пайдасын тигізіп жүрген жерлестеріме тек бас иемін. Оқырманға қызықты әрі пайдалы ақпарат таратып, жеке блогын жүргізіп жүргендерге де айтар дауымыз жоқ», деді ол.