Қоғам • 03 Мамыр, 2023

Мемлекеттік лауазымға үміткерлерге қазақ тілін білу талап етіле ме?

487 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы міндетін атқарушы Салауат Мүксімов мемлекеттік лауазымға үміткерлерге қазақ тілін білу талабы қойылмай жүргенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттік лауазымға үміткерлерге қазақ тілін білу талап етіле ме?

Салауат Мүксімовтің айтуынша, бұндай талап заң бойынша реттелмеген. Мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмесе де еш кедергісіз жұмысқа кіруге болады. 

«Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өз құзыреті аясында мемлекеттік тілді дамыту жұмыстарын үнемі жүргізуде. Қазіргі уақытта мемлекеттік лауазымдарға үміткерлер үшін мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бойынша талап жоқ. Бұл мәселе заңнамалық деңгейде реттелмеген. Атап айтқанда, Конституцияның 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында қазақ тілі мемлекеттік тіл. Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең дәрежеде орыс тілі ресми түрде қолданылады. Конституцияның 14-бабында ешкімді шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген басқа мән-жайлар бойынша кемсітуге болмайтындығы көрсетілген. Конституцияның 14-бабында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда шектелуге жатпайды», деді ол депуттардың сауалына берген жауабында.

Алайда, ол қазақ тілін білу талабын енгізу бойынша жұмыстар атқарылып жатқынын айтты.

«Осыған қарамастан агенттік мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында кешенді шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, 2021 жылы өткізілген Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуде үміткерлерге мемлекеттік тілді кем дегенде орта деңгейде (В1) меңгеру талабы енгізілді. Бұл ретте, осы жылы үшінші рет ұйымдастырылуы жоспарланып отырған Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу кезінде де мемлекеттік тілді білу негізгі талап ретінде бекітілді. Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап ҚР  Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына жоғары оқудан кейінгі білім алушы үміткерлерге мемлекеттік тілді орта деңгейден (В1) төмен емес білуі бойынша сертификаттарының болуы туралы талап енгізілді», деді Салауат Мүксімов.