Қоғам • 03 Мамыр, 2023

Оңтүстіктен солтүстікке келген 600 адам қайта көшіп кеткен - Дәулет Мұқаев

531 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев оңтүстіктен-солтүстікке қоныс аудару бағдарламасына қатысты мәселелерді айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оңтүстіктен солтүстікке келген 600 адам қайта көшіп кеткен - Дәулет Мұқаев

«Елге ел қосылса – құт» дейді дана халқымыз. Бүгінгі депутаттық сауалым Теріскейге көш жайында болмақ. Еліміздегі еңбек күшін реттеу мақсатында жүзеге асырып келе жатқан Оңтүстіктен-Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының жүзеге асып жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды. «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2022 жылы Теріскейге 7923 адам қоныс аударған. Олардың 1320 қандас және 6603 ішкі қоныс аударушылар болған. Ал биылға 8652 адамға квота бөлінген. 2021-2025 жылдарға бұл бағдарламаға 46,7 миллиард теңге бөлінсе де оң нәтижесін бермей отыр. Себебі көшіп барғандар көп ұзамай өз аймақтарына қайтадан көшіп жатыр. Ресми статистикаға сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысының өзінде-ақ миграция сальдосы теріс мәнге ие. Соңғы жылдары оңтүстік аймақтан көшіп келген 600 адам бұл облыстан қайта көшіп кеткен», деді Мәжіліс депутаты.

Мәжіліс депутаты мәселе адамдарды көшіруде емес сол өңірде тұрақтап қалуында екенін айтты.

«Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын. Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар. Солтүстік Қазақстанда жұмыс көзі аз, өмір сүру деңгейі төмен, берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Берілген жоспарды орындау үшін сан қуып жүргенде сапа ұмыт қалғандай. Солтүстікке көшуге ынталы азаматтар көп», деді Дәулет Мұқаев.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында солтүстікке қоныс аударғандардың көбі берілген үйдің сапасына сын айтқан. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты солтүстікке қоныс аударатын отбасыларға қосымша жағдай жасау туралы ұсыныс білдірді. Әрі басымдық көпбалалы отбасыларға берілу керек деді.

«Қоныс аударған ағайынға жат жердің тыныс-тіршілігіне үйренісуге жәрдемші болатын арнайы бейімдеу орталығы мен бірегей сайт, жедел желі телефоны іске қосылуы керек. Себебі қоныс аударушы қандастарымыздың көбі кирилл қаріптерін оқығанда қиналғандары байқалады. Ал өзіміздің жергілікті халық болса көші-қон жайлы толық ақпарат біле бермейді. Себебі ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстары өте аз. Қоныс аударушыларды арнайы комиссия негізінде іріктеп, кәсіпке икемі бар, көпбалалы отбасыларға басымдық берілу керек. Қоныс аударғаннан кейін туған әр сәбиге де берілетін жәрдемақы деңгейін арттыру демографияға серпін берері сөзсіз», деді Мәжіліс депутаты.