Ұлттық спорт • 03 Мамыр, 2023

Жүйріктер жүйткіген күн

216 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан халқының бірлігі мен тірлігін, ынтымағын паш ететін мерейлі мереке күні Қазақстан ұлттық спорт қауымдастығы, Алматы облысының әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Панфилов ауылдық округіндегі Қобыланды батыр атындағы ипподромда ұшқыр бәйгеден «Qazaq World Cup» турнирі өтті. Оған көршілес қырғыз ағайындардың жокейлері қатысты. Қырықтан астам тұяғымен жер тарпыған тұлпардың бабы мен бағы сыналған бұл ұшқыр бәйге елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылды.

Жүйріктер жүйткіген күн

Жарыстың салтанатты ашылуы­на Алматы облысының әкімі Ма­рат Сұлтанғазиев қатысып, бәй­ге­ні та­машалауға жиылған қауым­ды

1 мамыр – Бірлік күнімен құт­тық­тады. Сондай-ақ атадан балаға жеткен ұлттық спортты дамыту бо­йын­ша өңірде игі­лікті істер жібін үзбей жалғасып келе жатқандығын, әсіресе, ұлттық құн­дылықты дә­ріптеп, жастарды жігер­лендіретін ат спортының өрісін ке­ңейтуге әр­дайым әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетіндігін тілге тиек еткен ол бәйгеге қатысатын шабан­доз­дарға сәттілік тіледі.

– Елімізде көнеден келе жатқан құнан бәйге, аламан бәйгенің барын білеміз. Бірақ, әлемде кең таралғаны ұшқыр бәйге. Сондықтан халықаралық тәжірибені зерттеп, зерделей келе ұшқыр бәйгенің дамуына үлесімізді қосып, насихаттауды бастап кеттік. Осы өңірде туып-өскен шабандоз Бауыржан Мыр­забаевтың есімі Еуропаға әйгілі. Оның таланты талайды тамсандырып жүр. Сондықтан біздің елімізден әлі та­лайдың таңдайын қақтырар мықты жокейлер халықаралық аре­наға шығып, еліміздің көк туын көкте желбірететін бола­ды, – деген Қазақстан ұлттық спорт қа­уымдастығының пре­зиденті Ис­ламбек Салжанов ұлттық спорттың да­муына ел Президенті ерекше мән беріп, қолдау көрсетіп отырғанын ай­рықша атады.

Ұлттық спорттың дәрежесін арттырып, халықаралық деңгейге көтеру мақсатында құрылған «Qazaq World Cup» деп аталатын бұл жарыстың жүлде қоры шамаман 20 миллион тең­геден асады. Мамыр айынан бастау алған жарыс қараша айына дейін әр екі апта сайын ұйымдастырылмақ.

Тұңғыш рет тұсауы кесілген «Qazaq World Cup» турнирі келер жылы елі­мізде өтетін V Дүниежүзілік көш­пелілер ойындарына дайын­дықтың бас­тауы саналады.

Сондай-ақ бұл күні бәйгені та­машалауға келген көрермендер арасында арқан тарту, қыз қуу, асық ату сынды ұлттық ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етілді. Танымал өнер жұлдыздары күй күмбірлетіп, әсем ән шырқады. Сөйтіп, сәні мен салтанаты келіскен жарыс өз мәресіне жетті.

Қысқа қашықтықта асқан жылдам­дықпен мәре сызығын кескен бәйге жеңімпаздары арнайы кубокпен және қаржылай жүлделермен марапатталды.

 

Алматы облысы