Аймақтар • 04 Мамыр, 2023

Талас суы – табыс көзі

571 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл облысындағы Талас өзені өз бастауын Қырғыз елінен алатыны белгілі. Бұрын бұл өзен жағасындағы елді мекендерге суы жайылып, тыныштық бермейтін тасыған өзендердің бірі болған. Жағасында жолбарыс жортқан және түрлі аң-құс мекендеген өзен еді. Алайда Қырғыз Республикасы су электр стансасын салғаннан бері Талас өзенінің су көлемі кеми бастады.

Талас суы – табыс көзі

Бұған қоса өзеннің жоғарғы арнасында орналасқан елді мекендер қолдарынан келгенше түрлі көлемде су қоймаларын салды. Қоймаға жиналған судың жартысы жерге сіңіп, жартысы бу болып бұлтқа айналып кететіндіктен қалғаны бір жазға жетпей қалып жатты. Сол себепті төменгі ағыс бойындағы елді мекендер су тап­шылығын тартты. Бірақ бұл мәселе ешкімді тол­ғандырған жоқ. Сонымен қатар кейінгі кезде климаттың күрт өз­геруіне байланысты жаңбыр мен қар суының аз болуы себепті жерасты сулары төмен деңгейге түсіп, қуаң­шылық болу ықтималдылығы артты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы қаңтар айында сөйлеген сөзінде: «Былтыр егістік өнімі өткен жылмен салыстырғанда 4 млн тоннаға кем болды. Биыл да жауын-шашын аз болады деген жорамал бар. Сондықтан осы бастан қамданған жөн» деген еді. Осыған орай, Жамбыл облысындағы жайылым және егістік жерлерді кеңейту мақсатында облыс көлеміндегі өзендердің суын жинақтап, барынша ұқыптылықпен пайдалану керектігін жақсы түсінеміз.

Жоғарыда аталған флора мен фаунаның әртүрлілігін және жайылым мен егістік жерлерін, сондай-ақ өзен суларының кө­лемін көтеру үшін төмендегі іс-шараларды қолға алу қажет. Бү­гінгінің басшылары «Ағаң мұрат болғанша, саған мұ­рап болсын» деп су қоймаларын салып алған. Сол тоғанда жиналған судың отыз пайызын ғана іске жаратады. Өйткені қойманың табаны қазылып, топырағы жағаны көте­руге жұмсалады. Ал табаны қа­­зылған тоғандардың пайдалы ке­­ңістікке шыға алмауы ескерілмеген.

Суғармалы жермен қамтама­сыз ету жағдайы жүйелі жұмыс істеме­гендіктен Жамбыл облысын қақ жарып өтетін Талас өзені жаз мезгілінде тоқтау сулардың біріне айналады. Енді өзен табаны (бассейні) кеуіп, жай сайлардың қатарында қалмас үшін Талас өзеніне үлкен көмек қажет.

Мәселен, Мойынқұм ауданынан өтетін Шу өзенінің кей тұс­тары арнасынан асып, пайдасыз бат­пақты жерлерге босқа сіңіп жа­тады. Шу өзенінің 550-600 метр биіктікте орналасқан суын 450 метр биіктіктегі Талас өзеніне түрлі тех­никалық тәсілдерді қол­дану ар­қылы қосса, Жамбыл об­лысының қолданыстан шы­ғып бара жатқан егістігі мен жайы­лымдық жерле­рінің 70-80 пайызы қайта жанданары сөзсіз. Сонымен бірге Та­лас, Мер­кі, Т.Рысқұлов, Сарысу, Жам­был елді мекендері сумен қам­ты­ла­тын еді.

Жер ыңғайына қарайтын бол­­сақ, Шу өзенін Тасөткел су қой­­масы маңынан алып Байзақ ауданының Темірбек елді мекені маңынан Талас өзеніне әкеліп қосатын болсақ, осы өте ыңғайлы болар деп санаймын. Аталған ара қашықтықты жер қыртыстарын ескере отырып есептейтін бол­сақ, шамамен 250 шақырым, ал тікелей қосатын болса, 200 шақырымдай болар еді. Атап айтатын жайт, Аса өзеніне Теріс ащы қоймасынан су беріліп, оны Билікөл, Ақкөл, Ащы­көл еш пайдасы жоқ көл­деріне соқпай айналып өтіп, Та­лас ауданының Үшарал елді ме­кенінен Талас өзеніне қосатын болсақ, Жамбыл, Талас, Сарысу аудандарының жерлеріне қосымша суғармалы көмек болатыны белгілі.

Мысалы, Түрікменстанның ауа райы ыстық, жері түгелдей шөлейт (құмды), қолайсыз болып келеді. Осыдан құтылу үшін Әмудария өзенінен су алу­ға ұзындығы 1 100 шақырым арна қазып жерін суландырып, құм­ды жерді пайдаға жаратқаны сонша­лық, ылғалды көп қажет ететін жүзім, жүгері секілді көкөніс және бидай егіп, өнім алып отыр.

Онымен салыстырғанда Жам­был облысының жері құнарлы, ыл­ғалды. Сондықтан бұған осы бастан қамдансақ, Президент ес­керткен түйткілдің түйіні шешіл­мек, сөйтіп Талас суының арнасы қайта толса, табыстың көзі сол болар еді.

 

Нұрбек НИЯЗБЕК,

Жамбыл облысы әкімдігі

Құрылыс басқармасының

бас маманы