Технология • 03 Мамыр, 2023

Жасанды интеллект саласындағы жарыс

595 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жасанды интеллект (AI) көмегімен ауқымды деректерді талдайтын «Presight AI» компаниясы мен «Astana Hub» халықаралық технопаркі «AI Battle» жарысын өткізді. Жарыс жасанды интеллект, үлкен деректер және машиналық оқыту саласындағы стартап-идеялар деңгейін көтеруге әрі бизнес аясын кеңейтуге бағытталған.

Жасанды интеллект саласындағы жарыс

Жарысқа 50-ден аса өтінім түскен. Соның ішінде 11 стартап финалдық дода­ға өтті. Олар өз жобаларын 3 минуттың ішінде қазылар алқасына таныстырып, кәсіби кеңестер, ұсыныстар мен әлеуетті серіктестер табу мүмкіндігіне ие болды.

– Біз «Astana Hub»-пен серіктестік аясында «АI Battle» байқауын ұйымдас­тырып, жасанды интеллектінің шексіз әлеуетін пайдалануға ұмтылатын жаңа стартаптарға қолдау көрсетуге ниетті­міз. Мақсатымыз – жасанды интеллект арқылы ауқымды деректерді талдаудағы тәжірибемізге сүйене отырып, оларға дамып, жаңа байланыстар табу үшін қа­жетті ресурстар мен платформаны ұсыну. Жеңімпаздар индустрияның дамуына үлкен үлес қосады деген ойдамыз, – дей­ді «Presight AI» бас директоры Томас Прамотедхам.

«Alaqan», «Relive» және «ARA» стартаптары үш негізгі аталымда жеңімпаз атанып, сәйкесінше 10 мың доллар, 5 мың доллар және 3 мың доллар жүлде қорына ие болды.

– Жасанды интеллект және үлкен дерек­тер саласында белсенді жұмыс істеп жат­қан отандық стартаптардың көбе­йгені қуантады. Бүгінгі дәуір­де деректерге негізделген аналитика маңыз­ды рөл атқарады және оларды өз биз­не­сіне енгізетін стартаптарымызды дамыту қажет. «Astana Hub» мен «Presight AI» серіктестігі және алдағы бір­ле­скен бағдарламаларымыз арқылы кәсіп­орын­дар мен стартаптарға өздерінің инно­вация­ларын енгізу үшін қажетті қолдау көрсетуді мақсат етіп отырмыз, – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбақин.

Естеріңізде болса, биыл қаңтарда «Astana Hub» Біріккен Араб Әмірлік­терінің «Presight AI» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы келісім аясында «Group42» операциялық компания­сы «Presight AI» «Astana Hub» қа­ты­­сушыларының стартап жобала­рын вен­чурлық қаржыландыру мүмкіндігін қарас­тырып жатыр. Сондай-ақ «Presight AI» Қазақстан, Орталық Азия, Әзербайжан және Моңғолиядан келген технопарк қатысушыларының стартап жобаларына Таяу Шығыс пен Африка нарығына шығуға көмектеседі.

Жасанды интеллект – аса маңыз­ды және ең жылдам дамып келе жатқан ­тех­но­логиялық үрдіс. Сарапшылардың де­регі бойынша AI жаһандық нарығы­ның көлемі бағдарламалық-техникалық құралдар мен қызметтерді қосқанда, 2021 жылы 383,3 млрд долларды құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 20,7 пайызға жоғары. Өткен жылы нарық шамамен ­450 млрд долларға өсті және алдағы уақыт­та да осындай динамика жалғаспақ.