11 Шілде, 2014

Ақтық жұптың бірі – Аргентина

291 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Футбол-2014-1Шілденің 10-ына қараған түні Сан-Паулуде Голландия және Аргентина құрамалары арасында екінші жартылай финалдық матч ойналды. Матчтың негізгі және қосымша уақыттары 0:0 есебімен тең аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталды.  Осынау «лотереяда» аргентиналықтар 4:2 есебімен басым түсіп, финалда ойнайтын жұптың екінші командасы атанды. Осымен бұл екі құрама әлем чемпионаттары шеңберінде бесінші мәрте көзбе-көз кездесті. Мұның алдындағы ойындарда екі дүркін жеңіске жетіп, бір рет тең ойнаған және бір матч­та ұтылған голландиялықтардың десі басым еді. Алайда, сол жалғыз жеңіс­тің өзі Аргентина футболы тари­хындағы ең жарқын беттердің бірі болып қалды. 1978 жылы тіркелген осы ойынның қосымша уақытын 3:1 етіп аяқтаған бұл елдің командасы бірінші рет планета чемпионы атанған еді. Дегенмен, Голландияның екі ұтысында да айтарлықтай салмақ бар. Айталық, ол 1974 жылы қарсыласын 4:0 етіп талқандап ұтып, финалға апаратын жолдан қақса, 1998 жылы 2:1 есебімен тізе бүктіріп, жартылай финалға жібермей қойған еді. Аталмыш ойын алдында екі жат­­тық­­тырушы да өзінің бұрынғы құра­мы­на аздаған өзгеріс енгізді. Мәселен, Гол­­ландияның старттық сапында жа­­ра­­қатынан сауыққан тіректі жар­ты­лай қорғаушы Найджел де Йонг пай­да болса, аргентиналықтар құра­мын­да қатардан шыққан Анхель ди Ма­рияның орнын Энцо Перес басты. Бі­рін­ші тайм қорғаныс сипатында өтті. Екі жақ та аса сақ ойнады. Шама­сы, қар­­­сыластар осының алдында бол­ған бірінші жартылай финалдық кез­де­су­дегі ашықтық пен апай-топай іс-қи­мылдың бразилиялықтарды қан­дай дәрежеге жеткізгенінен жақ­сы са­бақ алса керек. Статистика көр­сет­кен­дей, голландиялықтар 1998 жыл­дан бері алғашқы 15 минутта гол соғып көр­­мепті. Ал аргентиналықтар қор­ға­­ныс­ты тас-түйін ете отырып, қарсы шаб­уылға шығып тұруды жөн санапты. Сондықтан бұлардың алғашқы 15 ми­нут қана емес, бірінші 45 минутта да е­сеп аша алмағандарына таңғалуға болмайды. Кездесу рәсімі екінші таймда да өзгере қоймады. Қарсыластар бір-бірін өз алаңы жаққа тарта келіп, жалт беретін қарсы шолғынға көбірек иек артты. Осы аңдысумен уақыт зырылдап өтіп берді. Сол кездері алаңда тіпті 92-ші матчына шығып, аты аңызға айналған Диего Марадонаны бұл жағынан басып озған Лионель Мессидің жүргені де білінген жоқ. Ойын осылайша біртіндеп овертаймға жақындап келе жатты. Тек негізгі мерзімнің ең соңында Арьен Роббеннің матч тағдырын шешіп кететін өте қолайлы мүмкіндігі болып еді. Бірақ «Қызғалдақтар елінің» өкілін ақырғы сәтінде Хавьер Маскерано қуып жетіп, еркін соққы жасауына жол бермеді. Овертаймның алдында Луи ван Гал да, Алехандро Сабелья да бір ға­на ойыншыдан алмастырды. Арген­ти­налық жаттықтырушы негізгі уа­қыт­тың аяғына қарай Энцо Перес пен Гонсало Игуаиннің орындарына Родриго Паласио мен Серхио Агуэроны шығарып, шабуыл шебін біршама жаңартып еді. Ал Луи ван Гал екінші таймның барысында ескерту алған Бруно Мартинс Инди мен 90 минут ойнауға дайын емес Найджел де Йонгті Дарил Янмат пен Йорди Класиге ауыстырды. Голландиялық бапкер, шамасы, өткен жолғыдай үшінші мүмкіндік ретінде қақпашы Тим Крулды пенальти сериясы үшін алаңға шығаруды көздеген де болуы мүмкін. Бірақ «қызғылт түстілердің» шабуылдағы енжарлығы оны соңғы сәтте алдыңғы шепті нығайта түсуге мәжбүр еткен сияқты. Сөйтіп, Робин ван Персидің орнын Клас-Ян Хунтелаар бас­ты. Бұлардың бәрінің соңынан Сабелья ақырғы ауыс-түйісті жасады. Оның ырқымен шабуылды күшейту мақ­сатында Эсекьель Лавессидің орны­на алаңда Макси Родригес пайда бол­ды. Соған қарамастан, таблодағы есеп 0:0 деген қалпынан мызғымай қойды. Екінші экстра-таймда Аргентина құрамасы гол соғудың тамаша бір мүмкіндігін тиімді пайдалана алмады. Егер қақпашы Яспер Силлессенмен бетпе-бет келген Родриго Паласио оны алдап өте алғанда, матчтың тағдыры толық шешілуі әбден ықтимал еді. Сол сияқты Месси жеткізген допты қабыл­дап алған Макси Родригес өте жақсы позициядан дұрыс соққы жасай алған жоқ. Нәтижесінде финалға апаратын екінші жолдаманың тағдырын пенальти сериясы арқылы шешуге тура келді. Сонымен, 11 метрлік соққылардың да кезегі жетті. Жеребе бойынша оны Голландия құрамасы бастады. «Нүктеге» бірінші болып Рон Влаар келді. Оның ұрған добын қақпашы Серхио Ромеро қайтарып тастады. Ал аргентиналықтар соққысын бастаған Лионель Месси мүлт кеткен жоқ – 1:0. Голландиялықтар Арьен Роббеннің күшімен есепті теңгерді – 1:1. Сосын Эсекьель Гарай америкалықтарды қайта алға шығарды – 2:1. Бұдан кейін еуропалық Уэсли Снейдердің ұрған добын Ромеро тағы қағып жіберді. Мұның есесіне, аргентиналық Серхио Ауэро допты қақпа торына топ еткізді – 3:1. Өз командасы үшін төртінші соққыны жасаған Дирк Кейт те одан қалыспады – 3:2. Енді бәрін аргентиналықтар соғатын соңғы соққы шешуі әбден мүмкін еді. Бұл расында да солай болды, Макси Родригес ұрған доп та еш тосқауылсыз қарсы қақпаға гүмп етті – 4:2. Осы арқылы Аргентина құрамасы түпкі жеңісті қамтамасыз ете білді. Енді 13 шілде күні өтетін финалдық шай­­қаста Германия және Аргентина құ­ра­малары кездеседі. Матч Астана уа­қы­тымен түнгі сағат 02-00-де баста­лады. Ал үшінші орын үшін талас сол күні сағат 03-00-де сөреден шығады. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».