Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері үшін салынып жатқан 500 орындық жаңа жатақхананың құрылысы заман талабына сай бой көтерген. Тоғыз қабатты нысанда мүгедектігі бар білім алушыларға 16 орын қарастырылған. Секциялардың әрқайсысында ас үй, жатын және жуыну бөлмелері бар.
«Жатақхананың ерекшелігі – бұрынғыдай тұрмыстық бөлмелер бір қабаттағы тұрғындардың барлығына ортақ емес, жеке пәтер есебінде салынған. Мүмкіндігі шектеулі студенттерге инклюзия форматына сәйкес бөлмелері жабдықталады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы 7 жылда 70 мыңнан астам студентті төсек-орынмен қамтуымыз керек. Биылғы 1 жылдың өзінде мемлекет тапсырысымен 10 мың орын дайындалып жатыр», деді министр Саясат Нұрбек.
Құрылыс жұмыстары 85 пайызға аяқталған нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.