Қазақстан • 04 Мамыр, 2023

Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық басталды

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2024 жылғы 8-15 қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық мәселесі Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық басталды

Мемлекет басшысы еліміз үшін маңызы зор іс-шараны өте жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Айта кету керек, Қазақстанның Ойындарды өткізуге өтінімін түркі қауымдастығы бірауыздан қолдаған болатын.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен, тіпті дәстүрлі түрде көшпелі саналмайтын елдерден командалар қатысады деп жоспарланып отыр. Жарыс қазақ күресі, көкпар, құсбегілік, асық ату, аударыспақ, тоғызқұмалақ сияқты қазақтың ұлттық спорт түрлерінен, сондай-ақ шет елдерде дамыған, бірақ тамыры біртұтас көптеген басқа спорт түрінен өтеді.

Спорт жарыстарының басты ұйымдастырушысы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы үлкен қолдау көрсетеді.

«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жақсы ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтуі үшін дайындықты бүгіннен бастау керек. Елімізде ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлінеді, мемлекет ұлттық спортқа үнемі қолдау көрсетіп отырады. Осыған байланысты Көшпенділер ойындары қазақстандықтардың зор қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Спорттық шеберлікті ғана емес, сонымен қатар қазаққа тән ашықтық пен қонақжайлылықты көрсету, ата-бабаларымыздың бай мәдени мұрасымен бөлісу мүмкіндігі де зор маңызға ие», деді Алтай Көлгінов. 

Кеңес соңында вице-премьер мүдделі министрліктерге алдағы айларда Ойындарды өткізу дирекциясының ұйымдастырушылық-құқықтық нысанын айқындауды, Іс-шаралар жоспарын және республикалық ұйымдастыру комитетінің құрамын бекітуге ұсынуды тапсырды.