Қоғам • 04 Мамыр, 2023

Ақан серінің аманаты

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі халқымыздың біртуар перзенті, ақын, әнші-композитор Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толуына орай республикалық дәстүрлі әншілер байқауын өткізді.

Ақан серінің аманаты

Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық дәстүрлі әншілер байқауына қазақ даласының бар қиырынан дәмелі әншілер жиналды. Олар жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөлінді. Әр топтың үздіктері арнайы марапаттарға ие болса, сонымен бірге, «Құлагер», «Маңмаңгер», «Майда қоңыр», «Балқадиша» сынды арнайы жүлделер тағайындалды.

Облыстық мәдениет және білім басқармаларының демеуімен өткен республикалық ән додасы дәс­түрлі ән өнерін дамытуды, ары­дағы аруақты аталарымыздың ұлттық өнерімізге қосқан өлшеусіз еңбегін насихаттауды мұрат тұтқандығын сөз арасында сыналап айта кеткен жөн. Әрине, жауапты жұмыстың түпқазығын ұстаған Ақан сері атын­дағы жоғары мәдениет колледжі. Жинақтап айтқанда, Ақан серінің есімі берілген оқу орны мен Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, колледж директоры Құралай Ыдырысованың еңбегі зор.

– Еліміздің тұс-тұсынан Ақан­ның әнін әуелетіп жеткен өрімдей жастар көңілге қуаныш сыйлап, өлмес әннің ертеңін елестетті. Он екіге енді толған жас әншілердің балғын дауыстары бабына жеткен жиырма бестегі әншілердің залды кернеген дауыстарымен біртіндеп баурап алды. Әрине, Арқаның асқақ әнін, иірімі мол, мың құбылған Ақанның әнін шебер орындау жас әнші үшін оңай емес. Дегенмен, байқауға түскен қырық шақты ән­ші­нің ішінен озып шығып, гала-кон­цертке қатысқан өрімдей өрендердің талабы таудай екен, – деді зерделі көрерменнің бірі Марал Жақыпова. – Серінің әнін майталман кәсіби әншілердің орындауында құлақ құрышын қандыра тыңдап үйренген көрермен ретінде мені кешегі жастардың салған әні сол аққу сазды, гәкку назды әуендердің үзілмегенімен, жасампаздығымен қуантты.

Ән байқауы айрықша тартыс­ты өтті. Ең бастысы, өнер иелеріне, киелі соқпаққа түскен жастарға қия­нат жасалған жоқ. Барынша әділ баға берілді. Сондықтан да өк­­пелеген ешкім болмады. Бұл да үл­кен жетістік. Әншейінде өнерлі орта­да арагідік кездесіп қалатын жат көрі­ніс орын алмады.

12-15 жастағы талапкерлер ара­сында бас жүлдеге Астана қала­сындағы Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситеті жанындағы колледждің білім алушысы Іңкәр Нүптеке ие болды. Бірінші орын Астана қаласындағы Роза Бағланова атындағы №2 білім ошағының оқушысы Томирис Рама­занға бұйырды. 16-19 жастағы жас­өспірімдер арасындағы додада бас жүлдені Астана қаласын­да­ғы Қазақ ұлттық өнер универси­теті жанындағы колледждің білім алушысы Мадетхан Айдын алды. Бірінші орынға Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің өкілі Әлбосын Таңнұр көтерілді.

Келесі топта бас жүлдеге Қара­ғанды облысының Бұқар жырау ауданынан келген жас әнші Қуан­дық Төкенов лайықты деп танылды. «Маңмаңгер» аталымына Алма­ты қаласындағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледждің білім алушысы Данияр Нұрмолдаев, «Балқадиша» аталымына Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы колледж­дің білім алушысы Гаухар Халық, «Майда қоңыр» аталымына Ұлы­тау облысының Жезқазған музыка­лық колледжінің білім алушысы Азамат Нұрғалиұлы, «Мақпал» аталымына Павлодар облысы Екібас­тұз қаласындағы Естай атындағы балалар музыкалық мектебінің өкілі Агиля Тавлетеева, «Құлагер» ата­лымы бойынша Солтүстік Қазақ­стан облысындағы Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің білім алушысы Мұрат Қажкен ие болды.

 

КӨКШЕТАУ