Пікір • 05 Мамыр, 2023

Алыс-беріс әлеуеті

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алыс-беріс әлеуеті

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Біз үлкен саяси доданың ортасында отырған еліміз. Біздің Қытаймен қарым-қатынасымызды бұзғысы келетін елдер мен компаниялар бар. Тіпті араға от салып, ақша тауып отырғандар да бар. Бұл режімге қарсы үгіт-насихат жүргізіп жүрген адамдарға аса сақтықпен қарауы­мыз керек. Олар халықтың үрейін қазақ­тың мүддесіне қарсы қойып жатқан адамдар деп ойлаймын. Қытай – корей де емес, орыс та емес. Қытай деген бөлек өркениет, өзге планета. Біз олардың тілі мен мәдениетін түсінбейміз. Қазіргі таңда нан мен астығымызды өткізіп отырған әріптес ел. Үрейленетін ештеңе жоқ деп ойлаймын. Осы күнге дейін Қытай азаматтары Қазақстанға 14 күн­­­ге визасыз келе алатын еді. Алдағы уақытта оны 30 күнге ұзарту көзделіп отыр.

Мұны мүмкіндік ретінде қарауымыз керек. Мысалы, пандемияға дейін 500 мың қазақстандық Қытайға барып тұрды. Бұл байланыс кейін де жалғасатыны анық. Тағы бір мәселе, егер Қытаймен шекара жабылатын болса еліміздің оңтүстік пен шығыс өңіріндегі шағын және орта бизнестің көбі жабылып қалады. Көбі жұмысшы санын қысқартып, кейбір азық-түліктің тапшылығы болуы мүмкін. Осы бір қытайлардың келуіне қарсы болып жүрген азаматтар өзіне міндеттеме алса деймін. Мен осы отбасыны асырап, жауапкершілігіме аламын деп уәде берсін, сол кезде олармен басқаша сөйлесейік. Біз де азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған адамдар бар екенін білейік.

Мәселен, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты елдер мұндай визасыз режімді армандап жүр. Біз мұның екінші жағын да қарауымыз керек. Қытайда 1,5 млн-ға жуық қандастарымыз тұ­рады. Осы күні шекара жабылып, қан­­дастарымыз озбырлық көріп жатыр деген әңгіме айтылып жүрген жоқ. Енді ағайынымызды түгендеп келуге жол ашылады. Қытай – біздің тәуелсіздігіміздің әрі тұтастығымыздың кепілі. Қытай елінің Еуропадан және басқа мемлекеттерден ерекшелігі олар өз сөздерінде тұрады. Біздің Қытайда оқып жатқан мыңдаған студентіміз бар екенін де ұмытпауымыз керек. Бұл басқа елдермен салыстырғанда көп. Оларға да тиімді жағдай жасауымыз керек. Мұндай кезде шынайы әңгіме айтып, нақты көзқараспен өмір сүру маңызды.

 

Айдос САРЫМ,

Мәжіліс депутаты