Пікір • 05 Мамыр, 2023

Алаңдауға негіз жоқ

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алаңдауға негіз жоқ

Екіжақты визасыз режім орнатудың Қазақ елі үшін пайдалы тұстары көп. Біріншіден, визасыз режім шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік беретінін мамандар жаппай айтып жатыр. Екіншіден, біз үшін қытай медицинасының игілігін көруіне кеңірек жол ашылады. Үшіншіден, туризмнің дамуына ықпал жасайды.

Мен – Жетісу облысынан сайланған депутатпын. Біздің өңірдің табиғаты керемет, ол жерде туристер көретін тамаша орындар бар. Қазіргі күні Алакөл мен Балқашқа жол салынып, демалыс орындары көптеп ашылып жатыр. Еліміздің туристер қызығатын таулы, орманды, көлді жерлерінің бәрі Қытаймен шекарада тұр. Сондықтан біз оның мүмкіндігін барынша пайдалануы­мыз керек. Жалпы айтқанда, Қазақстан мұхитқа шығатын ел болмаса да, Қытай – біз үшін алып теңіз. Біз сол теңіздің жағасында отыр­ған ел болғандықтан, оның игілігін мүмкіндігінше пайдаға асыруымыз керек.

Визасыз режім мерзімінің 14 күннен 30 күнге ұзартылуы «елге қара қытай қаптайды» деген қауіпке негіз болмайды. Ондай жаңсақ ойдан барынша аулақ болғанымыз дұрыс. Сол сөздерді айтып жатқандардың бәрі – бұрын-соңды Қытаймен байланысы жоқ адамдар. Мысалы, Жаркент қаласы – шекараға тиіп тұрған елді мекен. Бұған дейін қаншама қандасымыз бері асып, тарихи отанына оралып жатыр. Бірақ осы 30 жылдың ішінде Жаркентке қытайлар жаппай көшіп келіп, қаптап жатқандығын көрген емеспіз. Егер олар келетін болса, виза бар кезде де келе берер еді ғой.

ҚХР Білім министрлігінің ақпараты бойынша көрші елдің жоғары оқу орындарында көптеген отандасымыз оқиды. Сондай-ақ 2015 жылдан бас­тап Қытайдың Бейжің, Шанхай, Далянь, Сиань қалаларындағы жоғары оқу орындарында «Қазақстан орталықтары» жұмыс істеп келеді. 2022 жылдың қараша айында Шығыс Қытай педагогикалық университетінде «Қазақстанды зерттеу орталығы» ресми түрде ашылды. Сонымен қатар Қытайдың жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттердің ата-аналары өз балаларына кедергісіз бара алады. 

 

Болат КЕРІМБЕК,

Мәжіліс депутаты