Мәдениет • 05 Мамыр, 2023

«Бердіқұловтың бешпетінен» шыққан қаламгерлер бас қосты

577 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты басылымдар редакциясында «Сейдахмет Бердіқұлов мұрасы және қазіргі журналистика» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жазушы, журналист Сейдахмет Бердіқұловтың 90 жылдық мерейтойына арналған басқосуға қаламгердің көзін көріп, тәлімін алған, бірге қызмет еткен Сауытбек Абдрахманов, Уәлихан Қалижанұлы, Жарылқап Бейсенбайұлы, Жанболат Аупбаев, Қуаныш Жиенбай, Қыдырбек Рысбекұлы, Бауыржан Омарұлы сынды белгілі қаламгерлер, сондай-ақ Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің студенттері қатысты, деп жазады Egemen.kz.

«Бердіқұловтың бешпетінен» шыққан қаламгерлер бас қосты

Жиында «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы қазіргі «Ұлан», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» сынды республикалық басылымдарды басқарған қаламгер Уәлихан Қалижанұлын 75 жас мерейтойымен  құттықтап, қазақы салтпен иығына шапан жапты.

Одан кейін С.Бердіқұловтың азаматтық болмысы, қызмет жолы, өзінен кейінгілерге көрсеткен жанашырлығы, қалыптастырған мектебі, спорт журналистикасына қосқан үлесі туралы сөз қозғалып, жылы естеліктер айтылды.  
. 

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов: «Сейдахмет Бердіқұлов бүкіл қазақ журналистеріне стандарт жасап берді. Ол жаһандану журналистиканың басында тұр. Әсіресе қазақ жастарының бойына намысшылдықты сіңіру жолында ерекше еңбек етті. Футбол феноменін қазаққа алғаш түсіндіріп берген де - Сейдахмет Бердіқұлов. Бүкіл спорт әлемі оның намысшылдығын ерекше бағалайды», деді.

Сонымен қатар, іс-шара қатысушылары «Қазіргі журналистика - тек жазу немесе тек өзіңнің мақалаңды дайындап беру болып кеткендей. Бірақ, ең маңызды нәрсе - ұйымдастыру ісі», деп Сейдахмет Бердіқұловтың ұйымдастырушылық қабілеттері туралы әңгімеледі.

.

Уәлихан Қалижанұлы да қаламгердің қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін қостады.

- «Лениншіл жас» – ұлтты дәріптеген, ұлттың сөзін сөйлеген газет. Ал Сейдахмет Бердіқұлов - қазақ журналистикасы тарихында алтын әріппен жазылған тұлға. Ол спорт тақырыбының бастауында тұр. Сейдахмет Бердіқұловтың рухы, шәкірттері, елі, жері қалды, ол артына өшпес із қалдырды, - деді Уәлихан Қалижанұлы.

Ал «Ана тілі» газетінің алғашқы бас редакторы, белгілі қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы С.Бердіқұловтың журналистикадағы ерекше қолтаңбасы жайлы әңгіме қозғады.

«Сейдахмет Бердіқұлов - спорт тілін ең жоғары көркем әдебиет тіліне айналдырған журналист. Спорт журналистикасының стилі - Сейдахмет Бердіқұловтың стилі», деді ол.

.

Сейдахмет Бердіқұлов - саналы ғұмырында еліне еңбек еткен, журналистика саласына жанын берген, спорт журналистикасын қалыптастырған, басшылық қызметтерді атқара отырып, ізбасарларын дайындап, шәкірт тәрбиелеген ерекше тұлға. Әсіресе оның шәкірттерге деген қамқорлығы, жанашырлығы көпке үлгі болып отыр. Сейдахмет Бердіқұловтан тәлім алған журналистер оның болмысының даралығын үнемі еске алып отырады.

Дөңгелек үстел барысында публицист Жанболат Аупбаев С.Бердіқұловтың басшылық қыры мен ұстаздық болмысына тоқталып, алған тәжірбиесі мен көрген тәрбиесі туралы айтып берді.

«Сейдахмет аға - маған үлкен мүмкіндік берген тұлға. Ол жұмыс істеткізе білетін. Әрі қолға түсе бермейтін адамдарды алып келіп, кездесу өткізетін. Кейіннен оны ұйымдастыруды бізге жүктеді, бізге үйретті», деді ол.

Жазушы Қуаныш Жиенбаев та Сейдахмет Бердіқұловтың қарамағында жұмыс істеген шақтарды ерекше ықыласпен еске алды.

Журналист Қыдырбек Рысбекұлы: «Сейдағаң - менің ғана емес, мыңдаған адамның ұстазы, миллиондаған оқырманның жадында қалған қаламгер. Сейдағаң - біздің жүрегімізде сақталған, сағынатын, ұстаз тұтатын аяулы ағамыз», деді.

Ғалым Бауыржан Омарұлы Сейдахмет Бердіқұловтың қаталдығымен қоса қамқорлығын, басқару тәсілдерін айта келе, оның журналистика саласындағы дара стилистикасы мен шебер тақырып қоя білу қабілетін атап өтті.

«Сейдахмет аға 61 жасында абыз болды. Бұл бізге үлкен өлшем. Ол - ұстаздардың ұстазы. Мектеп қалыптастырды. Қорған болды. Оның қорған болу тәсілі бөлек еді. Басқару тәсілі, менеджмент тәсілі де мықты болды», деді Бауыржан Омарұлы.

.

Басқосу соңында «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы Сейдахмет Бердіқұловтың  90 жылдығына арналған дөңгелек үстелге қатысқан азаматтарға алғыс білдірді.