Қоғам • 05 Мамыр, 2023

TikTok балалардың әлеуметтік желіні пайдалану уақытын шектейді

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі TikТok компаниясының Шығыс Еуропадағы мемлекеттік органдармен іс-қимыл бойынша және корпоратив директоры Сергей Соколовпен және Орталық Азиядағы мемлекеттік билік органдарымен жұмыс жөніндегі басшы Дмитрий Пылевпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

TikTok балалардың әлеуметтік желіні пайдалану уақытын шектейді

Дархан Қыдырәлі Қазақстан тарапының талабы бойынша өкілдік ашқаны үшін компанияға алғыс айтып, Дмитрий Пылевтің жұмысына сәттілік тіледі. 

Еске сала кетейік, жуырда ғана әлеуметтік желінің интерфейсі қазақшаланды. Бұл да екі жақты жұмыстың бір нәтижесі деуге болады.

Сонымен қатар Дархан Қыдырәлі компания өкілдеріне 13 жасқа дейінгі балалардың Tiktok-ты пайдалануына шектеу қою бойынша бірлескен жұмыс жүргізуді ұсынды.

Министр кибербуллингтің жиілеп бара жатқанына, сондай-ақ суицидке итермелейтін әрекеттерге ерекше назар аударды.

«Министрлік осындай мазмұнды контентті анықтау бойынша күшейтілген жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Біз балалар мен жастар арасында суицидтің көбеюіне әкелетін контентті көрсетуді шектеуге бірге күш салуымыз керек», деді Дархан Қыдырәлі.

Министр қазір талқыланып жатқан «Интернет жарнама және онлайн платформа туралы» заң жобасының ерекшеліктеріне тоқталып, заңнамада онлайн платформа иелерімен бірге жұмыс істеу, қазақша контентті монетизациялау және модеризациялау, интерфейстерді қазақшалау мәселесі қарастырылып отырғанын айтты.

Сергей Соколов өз сөзінде компания 13 жасқа толмаған жандардың TikTok платформасын пайдаланбауына назар аударатынын атап өтті. Жас шектеулерін сақтау және кибербуллингтің алдын алу үшін мүдделі билік органдарымен, жұртшылықпен және сарапшылармен бірге жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

«Атап айтқанда, ақпан айында біз «қауіпсіздік академиясы» бағдарламасының бөлігі ретінде онлайн-буллингке қарсы кампания бастадық», деді Сергей Соколов.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда ғана АҚДМ  «Медиа этика және балалар құқығын қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіп, ақпарат құралдарында балаларға байланысты халықаралық және жергілікті нормаларды сақтауға шақырып, арнайы Ұсыным қабылдаған болатын.