12 Шілде, 2014

Ауыл шаруашылығы ғылымның көмегінсіз дами алмайды

1122 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
11-07-01-12 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» ЖШС-інде болды. Негізі 2002 жылы қаланып, үш сала – мал шаруашылығы, ветеринария және егіншілікпен айналысатын бұл ұжымда 300-ден астам адам еңбек етеді. 43 332 га жері бар. Серіктестік мал өсіріп, егін салып, сүт пен ет өнімдерін өңдеп, жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Айталық, 2013 жылы 698 млн. теңгенің өнімдерін өндірді. Нақтылай түссек, салған егіннің әр гектарынан 26,2 центнерден өнім алды. Бүгінгі таңда 2218 бас ірі қара, 9243 қой-ешкі, 573 жылқы, 149 бас түйе өсіруде. Ірі қараның сүт бағытындағы «қара ала сиыр», «голиштино-фрис» асыл тұқымды сиыр­ларынан 7500 литр сүт сауады. Уа­қыт талабына сай италиялық «megatex» атты қондырғымен сау­ған сүттерінен өздерінің арнайы цехында сүт өнімдерін – айран, ірімшік, кілегей, йогурт, сары май шығарады. Был­тыр­ғы жылы 8148 тонна өнім өндіріп, 18,6 млн. теңгеге сатты. «Қазақтың құйрықты қойы» және «етті-меринос» асыл тұ­қым­ды қойларын өсіріп, сапа же­тіс­тігімен биікке көтерілгені өз алдына. 11-07-02-7 Ал жылқы малын екі бағытта бағады. Асыл тұ­қымды сәйгүліктер ат жарыстарына және ат спорты ойындарына қосу үшін дайындалады. Түйе мен құс та табыс көзін еселеуде. «Байсерке-Агро» ЖШС еліміздегі ең ірі мегаполис – Ал­маты қаласына жақын орналас­қандықтан, өндірген өнімдерін бірден ірі супермаркеттер мен арнайы тапсырыс беріп сатып алатын сауда орындарына өткізеді. Бұл – екі жаққа да тиімді. Әсіресе, әдемі исі танау жа­ратын сары уыз секілді сүт өнім­деріне сұраныс күннен күнге арта түсуде. Олай болатыны мал азығы да экологиялық та­за ай­мақта дайындалып бері­ле­т­ін­­діктен, оның өтеуі сапалы сүт және ет өнімдерімен қайта­рылуда. Бұл өндіріс орнында сан алуан түрлі көкөніс те өсі­ріліп, саудаға шығарылады. Қорыта айтқанда, халықтың сұранысы күннен күнге артып, тіпті, «Байсерке-Агро» ЖШС өнімдерін экспортқа шығару жолдары да қарастырылуда. Мемлекет басшысы осында болған кезінде шаруа­шылық базасында Қазақ ұлттық ауыл шаруашылығы уни­верситетімен бірлесіп құрған «Байсерке-Агро» ғы­лыми-өнді­рістік оқыту орталығы жұмы­сымен танысты. Қазақстан Президентіне дәнді дақылдардың жаңа сорттары, пестицидтер мен биотыңайтқыштардың сан алуан түрі, сондай-ақ, Қа­зақ­стан ғалымдары «Байсерке-Агро» ҒӨОО базасында жасап шы­ғар­ған ветеринарлық препарат­тар көрсетілді. Сонымен қатар, Нұр­сұлтан Назарбаев ауыл шаруа­шылығы техникасының жетіл­ді­ріл­ген әрқилы түрлері мен мал шаруа­шылығы нысандарын аралап көрді. Мемлекет басшысы отандық жоғары оқу орындары оқыту үдерісін ғылыммен және өнді­ріс­пен ұштастыру тәжірибесін қол­дануы қажеттігіне назар аударды. – Барлық университеттер ғылыммен айналысуға тиіс. Олар­да зертханалар ашып, кейін өндіріс ұйымдастыру үшін қажет болатын тәжірибелік-өнеркәсіптік жұмыстарды жүргізуге арналған техникалық база құрған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы елдегі ауыл шаруашылығы кешенін тиім­ді дамыту ісі бұл салада зама­науи ғылыми әдістемелер мен әзірле­ме­лерді қолдануды талап ететінін айтты. – Азық-түлік өндірісі елімізді дамытудың басты факторына айна­лып келеді. 2050 жылға қарай әлемде халық саны 9 мил­лиард­қа дейін өседі, ол ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіруді екі есеге арттыруды қажет ететін болады. Қазақстанның, орасан кең алқаптарды қоса алғанда, сол орынды иеленуге барлық мүмкіндігі бар. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы жаңа технологиялардың көмегінсіз одан әрі дами алмайды. Ғылымның бар күшін пайдалану керек, тек сонда ғана біз ауыл шаруашылығы саласында ілгерілей аламыз, – деді Қазақстан Президенті. «Байсерке-Агро» өндірістік шаруашылығында ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарын өсіру барысында отандық ғалымдар әзірлеген инновациялық технологиялар бел­сенді түрде қолданылады. Шаруашылық құрамына екі вете­ри­нарлық патология-анатомия­лық зертханасы, жем-шөпті зоотехникалық талдаудан өткізетін зертханасы және агрохимия зертханасы бар ғылыми-өндірістік оқыту орталығы кіреді. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы, Талғар ауданы. Суреттерді түсірген Юрий Беккер.