12 Шілде, 2014

Ағылшын тіліндегі алғашқы спектакль

411 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Еліміздің бас қаласы – Астана күні мере­кесі қарсаңында Л.Н. Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» студенттік театры ұжымы белгілі драматург, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Жолтай Әлмашұлы Жұматтың «Мұңмен алысқан адам» атты спектаклін ағылшын тілінде сахналады. Аталған спектакль жыл басынан бері Қостанай, Семей театрларында қойылып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген болатын. Оның үстіне Қостанай облыстық қазақ драма театры сол қойылымды сәуір айында елордамызға гастрольдік сапармен алып келіп, талғампаз қауымның назарына ұсынған еді. Енді, міне, сол спектакль университеттің өнерпаз жастарының ынта-жігерімен ағылшын тілінде сахнаға шығарылуы үлкен мәдени жаңалық болды. Бұл автордың мерейі ғана емес, бүкіл қазақ драматургиясы, қазақ өнері үшін де үлкен жетістік десе болады. Бұл тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен еліміздің рухани табыстарының бірі, Елбасымыздың «үш тұғырлы тіл» идеясының іске асқан бір сәті. Біз шетел классиктерінің драмаларын ана тілімізге көптеп аударып, жиі-жиі сахналап келеміз, ал енді төл туындымызды шетел тілдеріне аударып көрсету, көркемдік көкжиегімізді кеңітетіні сөзсіз. Бұл ретте кәсіби теа­тр емес, жастарымыздың өзі талпынып, дра­матургтің осы шығармасын таңдап алып, оны ағылшын тілінде сәтті қойып шығуы қуана қостауды қажет етеді. Туындының тағы бір ерекшелігі, оның тақырыбының өзі шетелде тұрып қалған қандастарымыздың тағдырымен тығыз байланысты. Қойылымға келген көрермендер қою­шы режиссер Жамбыл Тілеповке, көркем­дік жетекші Есбол Төкеевке, жас талап­кер­лер Дәуір Нұрболатов, Аманбек Мағзұм­хан, Анар Ізет, Дана Жанабекқызы, Есбол Тө­кеев, Ай­нұр Әлібекқызы, Алдияр Жапар­ханов­тар­дың өнерлеріне өз риза­шы­лықтарын білдірді. «Біз бұл қойылымды алдағы уақытта Астанадағы барша шетелдік елшілік өкілдеріне көрсетуді қалаймыз, оны алыс-жақын мемлекеттерге ұялмай алып баруға болатынын да байқадық», – дейді Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Р.Василенко. Айнұр НАЙМАНБАЙ, мәдениеттанушы.