Шеруге қатысушылар соғыстан қайтпаған майдангерлер мемориалына гүл шоқтарын қойып, шекара ардагері Андрей Шаров пен ұлттық қауіпсіздік ардагері Павел Доценконың естеліктерін тыңдады. Жалпықалалық іс-шара кітапханашы Рәзия Тасмағанбетованың бастамасымен ұйымдастырылып отыр.
– Қалалық кітапхананың жанынан «Мұра» азаматтық-патриоттық клубы жұмыс істейді. Клубтың басты мақсаты – жастарға бейбіт өмірдің қаншалықты қымбат құндылық екенін түсіндіріп, насихаттау. Мұндай іс-шараны осымен екінші рет өткізіп отырмыз. Алғаш өзіміздің және курсанттардың күшімен ұйымдастырдық. Бүгінгі іс-шараға шекарашылар мен әскери қызметшілер келіп қосылды, – дейді кітапханашы.
Жиын барысында «Барлаушы» әскери-патриоттық клубының мүшелері жалаңаш қолмен шеге қағу, сынған шынының үстімен жалаңаяқ жүгіріп өту, әскери қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолдану сияқты шеберліктерін көрсетті.
– Мұндай іс-шаралардың тағылымы мол. Отанымызға қашанда тыныштық, жастарға бейбіт ғұмыр тілеймін. Жас ұрпақ жан-жақты оқып, терең білім алып, ел игілігіне еңбек етуге тиіс. Еліміздің Қарулы Күштерінің айбыны асқақтап, абыройы арта берсін! – деді шекара ардагері Андрей Шаров.
Қостанай облысы