Шын мәнінде бұл заман білімге ғана емес, білекке де сенетін уақыт келгендігін көрсетіп отыр. Білек деп отырғанымыз – елдің қарулы күштері. Әскерің сақадай сай тұрмаса, әркімге жем боласың. Қылышың қайраулы болмаса, қолың байлаулы. Осыны түсінген әлем елдері бүгінде жаппай қарулануға көшкен. Қару-жарақтың құлақ естіп, көз көрмеген небір түрі жасалып, дүниенің әр жерінде тұтанған соғыс алаңдарында сынақтан өтіп жатыр.
Ал біздің жар астындағы жауға төтеп берер қауқарымыз қандай? Әскеріміз әлеуетті ме? Ата-бабамыз ескертіп кеткен айбалтамыз қайраулы ма? Бүгінгі мақаламызда қазақ әскерінің бүгінгі жай-күйі, қару-жарақпен қамтылу жағдайы және отандық әскери-өндірістік кешеннің дамуына бір шолу жасауды жөн көрдік.
Қазіргі таңда Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ел әскерін реформалау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Әскер құрылымы мен құрамын жаңғырту, жауынгерлік дайындықты жетілдіру, заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру, цифрландыру үрдісін одан әрі жалғастыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі басым бағыттар айқындалып, тиісті шаралар қабылданып жатыр. Бүгінгі ахуал бұл бағыттағы жұмыстарды мейлінше жедел әрі сапалы атқаруды талап етіп тұр.
Халықаралық стандарттарға сай заманауи қару-жарақпен жабдықталып, кәсіби шеберлігі жоғары жеке құраммен жасақталған, жауынгерлік әзірлігі мен қабілеті жоғары әскердің болуы ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекет мүддесін сенімді қорғау шарттарының бірі екені анық. Осы тұрғыда ел әскерін сапалық тұрғыда жетілдіру міндеттері аясында жеке құрамның кәсіби шеберлігі мен білім-біліктілігін арттырып, қарулы күштерімізді заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Бұл – Қорғаныс министрлігі алдында тұрған басым міндеттердің бірі.
Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтің айтуынша, қорғаныс саласына елдің ішкі жалпы өнімінің 1 пайызы көлемінде қаражат бөлінеді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл – елдің Қарулы Күштерін ұстау үшін жеткілікті көрсеткіш. Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз Қарулы Күштері Түркістан әскери округі базасында құрылғаны белгілі және алғашқы уақытта негізінен кеңестік қару-жарақпен қамтылған еді. Сұлтан Бүркітбайұлының айтуынша, қазіргі уақытта қару-жарақ пен техникаларымыздың 70 пайызы тәуелсіздік жылдары өндірілген және сатып алынған жаңа үлгілермен жабдықталған. Оның ішінде өз елімізде шығарылған өнімдер де бар.
«Соңғы үлгідегі заманауи техникаларға келер болсақ, еліміздің Құрлық әскерлері қару-жарақ пен әскери техниканың, жоғары дәлдіктегі қарудың, байланыс, барлау және автоматтандырылған басқару жүйелерінің соңғы шыққан үлгілерімен толық жабдықталды. Оның ішінде қазіргі заманғы электронды барлау және ату жүйелері, жауынгерлік броньды машиналар мен броньды транспортерлер, зымыран-артиллериялық қару-жарағы, ауыр отшашу жүйелері, мобильді байланыс кешендері, отандық радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс машиналары, жанар-жағармай жеткізу құралдары, далалық госпитальдар және түрлі медициналық техника бар», дейді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің авиациялық паркі негізінен ресейлік өнімдерді пайдаланады. Оның құрамында қазіргі заманғы жойғыш ұшақтар, әскери-көлік ұшақтары, соққы беруші және көліктік-жауынгерлік тікұшақтар бар. Атап айтқанда, 4++ буынына жататын «Су-30СМ» заманауи жауынгерлік ұшақтарын айтса болады. Одан бөлек, «Су-27» және «Су-25» ұшақтары күрделі жаңартудан өткен.
Сонымен қатар авиациялық паркке соңғы уақытта өз класында үздік саналатын «С-295» әскери-көлік ұшақтары, «Zlin» оқу-жаттығу ұшақтары, «ЕС-145», «Ми-171Ш» көліктік-жауынгерлік тікұшақтары, «Ми-35М» көп мақсатты соққы беруші тікұшақтары алынған. Генерал-лейтенат Сұлтан Камалетдинов Қорғаныс министрлігі тарапынан жеке құрамды, ауыр қару-жарақты, арнайы техникалар мен өзге де жүктерді Қарулы Күштердің қажеттілігі үшін алыс қашықтыққа тасымалдайтын, сондай-ақ арнайы операциялар мен өзге де жалпы мемлекеттік тапсырмаларды орындау үшін орта және үлкен жүктерді көтеретін әскери-көліктік ұшақтарды сатып алу жоспарланып отырғанын айтты.
Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері жаңа және жаңғыртылған зымыран кешендерімен және радиолокациялық стансалармен қамтамасыз етілген. Бүгінде еліміздің әуе шебін «С-300ПС», «С-200», «С-125» сенімді зениттік-зымыран кешендері, сондай-ақ отандық «Нұр» радиотехникалық кешендері күзетіп тұр.
Әскери-теңіз күштеріне келер болсақ, бұл саладағы қару-жарақ техникаларымыз Оралдағы «Зенит» зауытында жасалған зымыран-артиллериялық кемелерімен жарақтанған. 2013 жылы
7 мамырда отандық «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі мен «Жайық» гидрографиялық кемесі «Мәтібұлақ» полигонында өткен жауынгерлік парадқа қатысып, Каспий теңізінің қазақстандық секторында онлайн режімде өздерінің атыс мүмкіндіктерін көрсеткені көпшіліктің есінде.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында әскери ведомство отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенімен өзара ықпалдаса отырып, әскерді техникалық тұрғыдан қайта жарақтау шараларын қабылдап жатыр. Бүгінде отандық кәсіпорындарда өндірілген «Арлан» брондалған дөңгелекті машиналары, зымыран-артиллериялық кемелері, «Нұр» радиолокациялық стансалары жауынгерлік кезекшілікті лайықты атқарып келеді. Бұл тізімді жаңа үлгідегі байланыс құралдарымен, оптикалық көздеуіштермен, автокөлік техникаларымен де толықтыруға болады. Мұнан өзге осы отандық қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қарасты кәсіпорындарда қару-жарақ пен әскери техникаларды күрделі жөндеу мен жаңғыртудан өткізу мүмкіндігі бар.
Мамандардың айтуынша, «Нұр» радиолокациялық стансасы – қорғаныс-өнеркәсіп кешеніміздің жаңа даму деңгейіне шыққанын көрсетеді. Қазақ-француз тараптары бірлесіп жасаған бұл құрылғы заманауи элементтік базада жобаланған және радиоэлектрондық әсер ету жағдайларында тиімді жұмыс істеуге қабілетті. Әскери техника «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіретін отандық «Гранит-Талес Электроникс» кәсіпорнында өндірілді. 2019 жылдан бастап еліміз әскерінде қолданылып келеді. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мамандары оның тиімділігіне оң бағасын беріп отыр.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік мүмкіндіктері жыл сайын артып келеді. Биыл Қарулы күштердің элиталық құрылымы дербес әскер ретінде танылды. Ол Жоғары Бас қолбасшының резерві саналады. Сонымен қатар Президент Жарлығымен Қарулы Күштердің құрылымында Арнайы операциялар жасау күштерінің қолбасшылығы құрылды. Оған қорғаныс және әскери қауіпсіздік жөніндегі тапсырмаларды орындау, терроризмге қарсы операцияларға қатысу және заңсыз қарулы құрылымдарға қарсы іс-қимыл жүргізу жүктелген.
Қазіргі таңда әлем елдері қару-жарақтың шығыны аз, мүмкіндігі көп заманауи түрлерін дамытуға басымдық беріп жатыр. Мәселен, солардың бірі – ұшқышсыз ұшу аппараттары. Бүгінде Ресей-Украина қақтығысында Түркияның «Bayraktar», Иранның «Shahed» секілді аппараттары тиімділігін көрсетті. Ал біздің елімізде бұл бағытта өндіріс қолға алынды ма?
Осыдан бірер жыл бұрын Ұлттық қорғаныс университеті мамандары құрастырған «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппараты сынақтан өтіп жатқаны туралы хабарды естігеніміз бар. Бірақ ол – тек барлау жұмыстарына арналған құрал. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, осы перспективалық бағытты дамыту мақсатында Қарулы Күштердің Бас штабында Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту департаменті құрылған. Яғни сең қозғалды, бастама қолға алынды. Алдағы уақытта біздің ғалымдарымыз да көштен қалмай, заманауи шабуылдаушы аппараттардың отандық үлгісін жасайды деген үміттеміз.
Бүгінде еліміздің әскері қорғаныс пен шабуыл жасаудың классикалық үлгілерінен гөрі, қазіргі қарулы қақтығыстар тәжірибесі көрсеткендей, заманға сай ұрыс дағдыларын игеруге көшкен. Мәселен, қалалық және таулы жерлерде ұтқыр қимылдайтын, техникалық жағынан жақсы жарақталған, шағын топтардан тұратын заңсыз қарулы топтарға қарсы ұрыс салатын әдіс-тәсілдерді игеру үстінде. «Бұл әскеріміздің мүмкіндігі мен тиімділігін арттырады», дейді мамандар. Осы сынды мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізілген іс-шаралар еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға және уақыт қатерлеріне қарсы дайындығын арттыруға мүмкіндік бермек.
Сөз басында айтылғандай, бүгінгі геосаяси ахуал бізден бес қаруымызды сай ұстауды талап етіп отыр. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», жау жағадан, бөрі етектен алатын заман кез болса, Отанымызды, жерімізді, азаттығымызды сақтау үшін қорғаныс қабілетімізді арттыра беруге тиіспіз. Әскери күштерімізді ең озық үлгідегі қару-жарақпен жабдықтап, айбынын асқақтату – уақыттың басты талабы.