Коронавирус • 06 Мамыр, 2023

ДДҰ пандемияның аяқталғанын мәлімдеді

283 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пандемия басталғаннан бері 13 800-ден астам қазақстандық коронавирус пен коронавирустық пневмониядан қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ДДҰ пандемияның аяқталғанын мәлімдеді

ДДҰ басшысы Тедрос Адан Гебрейесус әлемдегі COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимінің аяқталғанын ресми түрде мәлімдеді.

«Кеше Төтенше жағдайлар комитеті өзінің 15-ші кездесуін өткізді және маған халықаралық алаңдаушылық туғызатын денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайдың аяқталғанын жариялауды ұсынды. Мен бұл ұсыныспен келістім», деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Женевадағы брифинг барысында.

Т.Гебрейесус пандемия кезінде ДДҰ-ның бағалауы бойынша коронавирустан 20 миллион адам қайтыс болды деп хабарлады.

Қазақстанда пандемия жарияланған алғашқы күннен бастап ведомствоаралық комиссия құрылды, онда 2 мыңнан астам жедел және ұтымды шешімдер қабылданды. Комиссия халықтың денсаулығын COVID-19-дан сақтау мен қорғау, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы, медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын нығайту, дәрілік заттарды, иммунобиологиялық препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен жабдықтарды, жеке қорғану құралдарын сатып алу, елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, шектеу шараларын күшейту және әлсірету мәселелері бойынша шешімдер қабылдады.

Пандемия басталғаннан бері Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалалары әкімдіктерінің жанынан республикалық және жедел штабтар құрылды, олар күн сайын коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл жөніндегі медициналық ұйымдардың жұмысын үйлестірді.

Пандемия кезеңінде ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің COVID-19 мәселелері бойынша санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар бойынша 83 қаулысы әзірленіп, қабылданды, олар коронавирус инфекциясының жаңа нұсқаларының пайда болуын және вирустың қасиеттері туралы білімді ескере отырып, үнемі өзекті болып отырды.

Уақтылы медициналық көмек көрсету үшін қалаларда 16 модулдік аурухана салынды және 3 инфекциялық аурухана қайта жаңартылды, сондай-ақ 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді.

Пандемия кезінде үйде медициналық көмек көрсететін 3054 көшпелі мобилдік бригаданың жұмысы басталды.

Психоэмоционалдық жүктемені, қауіптерді ескере отырып, медицина кадрларын әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету мақсатында медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу бойынша шаралар қабылданды. Пандемияның барлық кезеңінде

57 мың медицина қызметкері шамамен 285 млрд теңге көлемінде түрлі ковидтік төлемдер алды.

Қазақстандық денсаулық сақтау жүйесі ресурстарының, медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің және КВИ бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізудің арқасында өлімге әкелетін инфекцияның таралуын тоқтатуға қол жеткізілді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ПТР оң нәтижесі бар 1 млн 411 мың адам және ПТР теріс нәтижесі бар 91 мың науқас коронавирус инфекциясымен ауырды. 2022 жылдың тамыз айынан бастап ҚР және барлық өңірлер жасыл аймақта.

Соңғы 3 жылдың ішінде коронавирус инфекциясынан 19 мың науқас, оның 13,8 мыңы КВИ+ және 5,4 мыңы КВИ- тан қайтыс болды.

Науқастардың 99% сауығып кетті.

ДДҰ COVID-19 пандемиясын 2020 жылғы 11 наурызда жариялады. Нәтижесінде ол 3 жыл 1 ай және 24 күнге созылды.