Аймақтар • 09 Мамыр, 2023

102 жастағы жауынгер

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысынан Екінші дүниежүзілік соғысқа 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның 70 мыңы елге оралған. Биылғы 25 сәуірдегі жағдай бойынша 4438 адам соғыс ардагерлері мен оған теңестірілгендер есебінде. Оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстың 14 ардагері бар.

102 жастағы жауынгер

Облыс басшылығы әрбір ардагердің үйінде болып, мерекемен құттықтады. Өңір­­дегі ардагерлердің ең жасы үлкені 102-де. Екінші дүние­жүзілік соғыстың Төле­би ауданындағы жалғыз куә­гері 102 жастағы Рысмет Жұ­мағұлов Леңгір қаласында дү­ниеге келген. Қара жұмысқа ерте араласып, Георгиевка ұжымшарында еңбек еткен. Қан майданға 1942-1943 жылдары қатысып, Сталинградты қорғаушылар қатарында бол­ған. Ал 1945-1974 жылдар аралығында күзет бөлімінде қарауыл және қосалқы шаруа­­шылықта жұмысшы бол­ған. Фосфор зауытында зей­­­неткерлікке шыққанша ең­­бек еткен Рысмет Жұ­ма­ғұ­лов «Отан соғысы» орде­німен, «Г.К.Жуков» ме­рекелік медалімен мара­пат­талған. Рысмет қа­рия­ның замандасы 101 жас­тағы Немет Абдрасилов 1-гвар­диялық артиллериялық ди­ви­зия құрамында нысанашы, зеңбірек командирі бол­ды. Сталинград, Курск, Украина, Белоруссия, Польша қалаларын азат етуге қатыс­қан. Рейхстагқа шабуыл жасау кезіндегі ерлігі мен ба­тыр­лығы үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Сондай-ақ ол «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа да 24 медальмен марапатталған. Соғыс аяқталған соң Түркістан қа­ла­лық милициясында және Түркістан қаласының автобазасында жүргізуші болып жұмыс істеді. Ардагер 5 ұл, 1 қыз, 20 немере мен 18 шөбере тәрбиелеп өсірді.

Жалпы, облыста 4438 ардагерге Жеңіс мерекесінің құрметіне бір реттік мате­риал­дық көмек төлеу үшін аудандық, қалалық бюджет есебінен 175,5 млн теңге бө­лін­ген. Соғыс ардагерлеріне 1,5 млн теңгеден үлестірілсе, 4400-ден астам тыл еңбек­кер­лері мен қаза болған жа­уынгердің жесірлеріне және басқа да санаттардағы ар­да­герлерге қаржылай көмек қа­растырылған.

 

Түркістан облысы