Іріктеу сайыстарының соңғы күніндегі жекпе-жектерге тоқталар болсақ, әлем біріншілігінің тоғызыншы күні Ташкент төрінде керілген рингке бес боксшымыз көтеріліп, соның төртеуі ширек финалға жолдама алды. Тек 75 кг салмақта сынға түскен ел чемпионы Нұрқанат Райыс қана жанкүйерлердің сенімін ақтай алмай, бразилиялық Вандерлей Перейрадан жеңіліп қалды.
Күндізгі сессияға жоспарланған жекпе-жек кешін Қазақстан құрамасы сапынан ұлттық құраманың капитаны, 2022 жылғы Азия чемпионы, 2018 жылы Жакартада өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері Асланбек Шымбергенов (71 кг) сәтті бастап берді. Бұл кезеңде отандасымыз Ресейде туған 25 жастағы израильдік Мирослав Капулер-Ищенкомен жұдырықтасып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Сондай-ақ Шымбергенов қарсыласын бір рет есеңгіретіп, нокдаунға да түсірді.
Асланбектің ізін ала шаршы алаңға жастар арасындағы әлем чемпионы Нұрбек Оралбай (80 кг) көтеріліп, осыдан екі жыл бұрынғы жетістігін қайталады. Сербиядағы әлем чемпионатының ширек финалына дейін жеткен отандасымыз 1/8 финалда түркиялық Каан Айкутсунды жеңіп, бұл жолы да сол межеден көрінді.
Ал кешкі сессияда бақ сынаған Махмұд Сабырхан (54 кг) мен Дулат Бекбауов (67 кг) та жігіттердің жеңісті жолын жалғастырып, әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Сербиядағы əлем чемпионатының күміс жүлдегері М.Сабырхан 1/8 финалда 2016 жылы жастар арасында əлем чемпионы атанған алғашқы үндістандық боксшы Сачинді жарыс жолынан ығыстырса, сол күнгі қазақ-үнді боксшыларының екінші жекпе-жегінде де Дулат Бекбауовтың мерейі үстем болды. Отандасымыз алғашқы раундта Акаш Акашқа есе жібергенімен, кейінгі екі раундта қарсыласынан жеңісті жұлып алды. Осылайша, кеше жеті боксшымыз ширек финалда жұдырықтасты. Осыған дейін Санжар Тәшкенбай, Серік Теміржанов пен Қамшыбек Қоңқабаев ширек финалға шыққан болатын.
Жалпы, ширек финалға Куба құрамасынан – 12, Өзбекстаннан – 11, Ресейден – 8, Қазақстаннан – 7, Испаниядан – 6, Франция мен Грузиядан – 5, Иордания, Тәжікстан, Болгариядан – 4, Қырғызстан, Үндістан, Бразилия, Армениядан – 3, Жапония, Венесуэла, Таиланд, Моңғолия, Қытай, Әзербайжан, Замбия, Мексикадан – 2 және Тайвань, Шотландия, Аустралия, Хорватия, Мажарстан, Беларусь, Колумбия, Гана, Италия, Аустриядан бір-бір боксшыдан жолдама алды.
Кешегі жартылай финалда Санжар Тәшкенбай (48 кг) жапониялық Казума Аратакемен, Махмұд Сабырхан (54 кг) ганалық Амаду Мохаммедпен, Серік Теміржанов (57 кг) кубалық Сайдель Хортамен, Дулат Бекбауов (67 кг) мексикалық Мигель Мартинеспен, Асланбек Шымбергенов (71 кг) франциялық Макан Траоремен, Нұрбек Оралбай (80 кг) иорданиялық Хусейн Эйшайшиашайшпен және аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев өзбекстандық Баходир Жалоловпен жұдырықтасып, жартылай финалдың жолдамаларын сарапқа салды.
Әлем чемпионатының жартылай финал айқастары 12 мамырға, финалдық жекпе-жектер 13 және 14 мамырға жоспарланған.