Фото: Ақорда
Президенттің айтуынша, елдің экономикалық дамуын жеделдету мақсатында қаржы саласы мен қарқынды дамитын қалалар үшін арнаулы құқықтық режим қарастырылған.
«Бірақ босаңсуға болмайды. Табанды жұмыс істеп, бұдан да биік белестерге ұмтылуымыз керек. Бұған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Атап айтқанда, жаңа Конституцияға мемлекетіміздің инвестициялық қуатын күшейтуге арналған нақты нормалар қосылды. Соның ішінде қаржы саласына және «қарқынды дамитын қалаларға» арнаулы құқықтық режим енгізу туралы шешім қабылданды. Баршаңызға мәлім, мен жақында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қойдым», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
️Мемлекет басшысы: Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша аймақта көш бастап тұр
Мемлекет басшысы құжат «ақылды қалаға» тән дербес экожүйені қалыптастырудың құқықтық негізін бекітетінін атап өтті.
«Бұл маңызды құжатта «ақылды қалаға» тән дербес экожүйе қалыптастырудың құқықтық негізі бекітілді. Арнайы құқықтық режим мемлекеттік басқару мүмкіндіктерін кеңейтуді, соның ішінде сот жүйесінің ерекше жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Алдыңғы қатарлы реттеу құралдары үздік әлемдік тәжірибені енгізуге, озық инновациялық шешімдерді сынақтан өткізуге және осы бірегей жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – Алатау қаласын болашақтың цифрлық агломерациясына, жаңа технологияларды тарту орталығына айналдыру. Мемлекет бизнес өкілдерімен ашық, өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын», деді Президент.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласына арнаулы мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.