Мамандар шылым шегу адам ағзасына кері әсерін тигізіп, көптеген аурулардың тууына себепші болатындығын, бүгінгі күні темекі тұтынушылар қатарын толықтырып отырған жастар арасында кальян мен электрондық темекілерді қолдану жиіленіп кеткендігін айтып келеді.Соның әсерінен созылмалы бронхит, туберкулез және басқа да өкпе аурулары асқынып отыр. Аталған өнімдерді қолданушылардың антиденесі вирусқа қарсы тұра алмайды. Сондықтан адамдар ағзаға әсер ететін зиянды заттарды пайдаланбағаны дұрыс дейді Халел Досмұхамедов атындағы қоғамдық денсаулық сақтау мектебі қоғамдық денсаулық кафедрасының профессоры Мақсот Құлжанов.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметіне сүйенсек, әлемде 1 млрд-тан астам адам темекі шегеді екен. Олар жылына 5,7 млрд дана табак өнімдерін пайдаланып, 1 млн тонна темекі тұқылын тастайтын көрінеді. Демек, адамдар шылым шегу арқылы өз денсаулығымен қатар, қоршаған ортаға және айналасындағыларға айтарлықтай зардабын тигізіп отыр деген сөз. Ұлттық тұтынушылар лигасының президенті Светлана Романовская жастардың қолданып жүрген электронды темекісі қауіпті, табакты қыздыратын құрылғының электронды темекі құрылғысын қуаттау кезінде жарылып кету фактісі жиі тіркелетіндігін және оған міндетті сертификаттың жоқтығын айтқан болатын.
Бұған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Темекімен күресу жөніндегі негіздемелік конвенциясындағы тараптар бойынша елімізде 2006 жылы барлық темекі өнімдеріне қолданылатын саясат пен реттеу шараларында жаңа темекі өнімдері, оның ішінде қыздыратын темекі 2018 жылы темекі бұйымдарының бірі деп танылған. Деректерге қарағанда, ДДҰ-ға мүшелік ететін 200-ге тарта мемлекеттің 30-ына темекі өнімін тұтынуға тыйым салынса, ал 65 мемлекетте қандай да бір реттеу шаралары енгізіліп, 20 елде темекі құрамындағы никотинге байланысты терапиялық немесе тұтынбалы тауар тәрізді, 18 елде темекі өнімдері ретінде, 31 елде тұтынбалы тауар ретінде қолданады екен.
Жақында пайдасынан зияны көп аталған өнімнің бағасына өзгерістер енгізілді. Қаржы министрі «Фильтрлі, фильтрсіз темекілерге, папиростарға, сигариллаға және қыздырылатын темекісі бар өнімдерге ең төменгі бөлшек сауда бағаларын белгілеу туралы» бұйрықтың жобасын жариялап, онда жиырмаға тарта түрі бар темекі өнімдеріне биылғы жылдың шілдесінен бастап жыл аяғына дейін 710 теңге, келер жылы 770 теңге шамасында ең төменгі бөлшек сауда бағаларын белгілеу көрсетілген.
Министрлік бағаның өсуіне темекі өнімдерінің акциз мөлшерлемесі 14%-ға ұлғаюы, импортталатын шикізат пен материалдардың қымбаттауы әрі логистиканың едәуір күрделенуі мен инфляция себеп болып отырғандығын, соған байланысты ведомство темекі өнімдеріне ең төменгі бөлшек сауда бағасын көтеруді орынды деп есептейді. Бұған дейін де 2022 жылғы 11 шілдедегі №135-VII заңына сәйкес, Салық кодексіне темекі өнімдеріне акциз мөлшерлемесін кезең-кезеңімен көтеруді көздейтін өзгерістер енгізілген. Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, фильтрлі темекіге қойылған тарифтер бағасы мың данаға 2023 жылы 14 100 теңге, 2024-2025 жылдар аралығында 15 900 теңге, сигариллаға акциз мөлшерлемесі де темекімен теңестірілді. Қыздырылатын темекісі бар өнімдерге акциз мөлшерлемесі өлшем бірлігін килограмнан данаға өзгерте отырып, темекіге акциз ставкасының 70% мөлшерінде белгіленді. 2023 жылы 9 870, 2024-2025 жылдары аралығында 11 130 теңгені құрайтын болды. Сондай-ақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін (Салық кодексін) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының (Салық кодексі) 43-бабына сәйкес, никотинге қатысты мөлшерлемелерді арттыру мақсатында өзгерістер де енгізілген. Картридждердегі, резервуарлардағы және электронды темекіде қолдануға арналған басқа ыдыстардағы сұйықтықтың миллилитрі 53 теңгеден 55 теңге аралығында.
Сонымен құжатта көрсетілген өзгерістер 19 мамырға дейін қоғам талқысына ұсынылып отыр.