Саясат • 11 Мамыр, 2023

Татулық – толеранттылық тірегі

344 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Біріккен Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан «Толеранттылық үшін дүниежүзілік үкіметтердің инкубаторы» атты форумда сөз сөйледі.

Татулық – толеранттылық тірегі

Әлем елдері толеранттылықтың төрге озуы, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың салтанат құруы үшін қандай қадамдарға баруға тиіс? Ұлттық және діни дискриминациямен және төзімсіздікпен қалай күресеміз? Осы сынды өзекті мәселелердің түйінін тарқату үшін бірнеше мемлекеттің салалық ведомстволар басшылары ел астанасы Әбу Дабиде бас қосты. Ғаламдық тақырып арқау болған жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі арнайы қатысып, күллі адамзаттық бауырластық пен татулық жайында ой қозғап, еліміздегі ұлтаралық және дінаралық келісім үлгісін көпшілікке паш етті.

– Өздеріңізге белгілі, XXI ғасырдағы әлем жұртшылығын дүрліктіріп отырған сын-қатерлерге тойтарыс беруде толеранттылық, адами бауырластық, татулық құндылықтары ерекше мәнге ие. Біз бұл қастерлі құндылықтың қадір-қасиеті мен мән-маңызын күні кеше дүние жүзін әп-сәтте шарпып өткен коронавирус індеті кезінде байқадық. Бір қоғамда өмір сүре отырып, жүріс-тұрысы шектеліп, виртуалды байланысқа түскен кезде, таныс та бейтаныс адамдар өзара түсіністік таныта отырып қана осы қиындықты еңсерді, – деді министр.

Ол Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады.

– Біріккен Ұлттар Ұйымында басқарушы қызмет атқарған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің күн тәрті­біндегі өзекті мәселелер мен елдегі тыныштықтың тұрақты болуына үнемі назар аударып отыр. Бұған қоса, Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының диалог алаңына айналды. Дін қайраткерлерінің басын қосатын түрлі діндер көшбасшыларының съезі 2022 жылы Астанада жетінші рет өткізілді, – деді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ министр толеранттылық­ты насихаттауда бұқаралық ақпарат құрал­дарының маңызына ерекше тоқталды. «Медиада араздық тілінің қолданылмауын қадағалап, керісінше, елді бірлікке, татулыққа үндеуде, халық­ты рухани жақындастыруда ақпарат құрал­дарының рөлі зор. Бүгінгі конферен­ц­ия да осы мақсаттың орындалуына өз үлесін қосады деп сенемін және ұйым­дас­тырушыларға алғыс айтамын», деді министр.

Жиын соңында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі мен БАӘ-нің Толеранттылық және қатар өмір сүру министрі Нахаян бен Мубарак Әл-Нахаян өзара ынтымақтастықты нығайту туралы меморандумға қол қойды.

Бұл құжат қоғамдағы толеранттылық пен келісім құндылықтарын насихаттауды көздейді. Атап айтқанда, жастардың бойында толеранттылықты қалыптастыру, діни экстремизмге қарсы күрес және адами құндылықтарды ілгерілету мәселелері бойынша бірігіп жұмыс істеу жайы қаралған.