Сарапшылар алаңында GovTech саласындағы әлемнің жетекші зерттеушілері, новаторлары мен практиктері тұрақты және әділетті келешек үшін идея алмасып, мемлекеттік секторда цифрлы трансформация қалыптастыру мақсатында жиналды.
Жиынға Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Бәйменов қатысты.
«Бұл істе үкімет пен жеке компаниялардың әріптестік орнатуы маңызды. Себебі, зерттеулер қазіргі таңда жеке компаниялар технологияларына сенім, орташа алғанда, үкіметтік құралдарға қарағанда жоғары екендігін көрсеткен», деді Әлихан Бәйменов.
Ол сонымен бірге Астана мемлекеттік қызмет хабына Дүниежүзілік банктің жаһандық әріптесі атануы үлкен құрмет екенін жеткізді.
Сапар барысында Әлихан Бәйменов пен ҚР Президенті әкімшілігі мемлекеттік басқару бөлімі жетекшісі Әлтайыр Ахметов АҚШ кадр қызметі Кеңсесі (ОРМ) жоғарғы жетекшілері - Роб Шрайвер, Марк Ламберт және басқа қызметкерлермен кездесті. OPM өкілдері америкалық мемлекеттік қызмет жүйесі ерекшеліктерін,оның ішінде кадрларды іріктеу мен бағалау үдерісі жайлы баяндады. Оған қоса олар жоғарғы мемлекеттік қызмет (Senior Exeсutive Service - Қазақстандағы «А» корпусы баламасы) жұмысына тоқталды. Тараптар ынтымақтастықты әрі қарай дамыту жолдарын, оның ішінде Қазақстан мен аймақ елдері мемлекеттік қызметшілері біліктіліктерін арттыру бағдарламалары туралы пікір алмасты.