Елді мекендерінің басым бөлігі тау бөктерінде орналасқан Төлеби ауданында таза ауада саумалмен сусындап, тамаша табиғат аясында серуендеп, жайлы да алаңсыз демалуға мүмкіндік жасалған орындар көп. Таулы ауданның әлеуеті негізінен туризм саласын дамытуға қолайлы болғандықтан да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аудан әкімдігінің дерегінше, бүгінде бұл бағытта 76 нысан жұмыс істеп жатыр. Атап айтсақ, шаңғы базасы, 4 емдік-сауықтыру орны, 71 демалыс аймағы, 64 саяжай бар.
«Туризмді негізгі табыс көздерінің біріне айналдыруға мүмкіндік көп. Бұл салада нақты көрсеткіштеріміз де бар. Табиғатымыз, ауданның орналасқан жері ескеріліп, Біркөлік шатқалында, Қасқасу бағытында, Қоғалы ауылдық округінде заманауи туристік нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Ендігі мақсат – соларды халықаралық талаптарға сәйкестендіру. Дегенмен аудан бюджетінде қазір туризмнің үлесі көп деп мақтана алмаймыз. Оның бірнеше себебі бар. Мәселен, ауданда туристік нысан салған кәсіпкерлердің біразы Шымкентке немесе басқа аудандардың салық органдарына тіркелген. Салықты сонда төлейді. Қазір біз осыған байланысты мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз. Бизнесмен немесе инвестор туристік нысанды Төлебиде салса, осы жерден табыс тапса, онда неге осы жерге тіркеліп, салықты осында төлемеске? Ауданда жыл он екі ай туристердің қарасы үзілмейді. Сырттан келетіні, басқа өңірлерден киелі жерлерге зиярат етушілер, демалушылар бар. Соған байланысты сервистік қызмет көрсету сапасын жақсарту – басты назарымызда. Жол бойында жергілікті тұрғындар туристерге кішігірім шайхана, дәмхананы жеңіл конструкциямен салып, қымыз-көжесін, құрт-майын сатып, өз нәпақаларын тауып отыруға мүмкіндік жасалып жатыр», дейді Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев.
Өткен жылдың ресми статистикалық мәліметі бойынша, Төлеби ауданына 47 мың турист келіп кеткен. Бейресми дерек бойынша келушілер бұдан да көп. Табиғат аясында бір-екі күн демалып кетемін дейтіндер Біркөліктегі демалыс орындарына, ал енді тауға шығамыз дейтіндер Қасқасу бағытына көп барады. Ел назарындағы ауқымды жоба – Қасқасу шаңғы базасына қатысты жұмыстардың бірінші кезеңі жүріп жатыр. Ауқымды жобаға 3,5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық туризмнің әлеуеті зор әрі көрікті жерлердің көптігін, жұрттың әлі де ол жерлерге барып демалуына қолы жете бермейтінін айтқан болатын. «Сондықтан туризм саласына тың серпін беру үшін алдымен инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Жалпы, туризмнің болашағы зор екеніне кәсіпкерлердің көзі жетуге тиіс», деді Президент.
Осы орайда тұмса табиғатымен қаншама ақынның, қылқалам шеберлерінің қаламына арқау болған Төлеби ауданында инфрақұрылым жүйелерін жаңартуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Аудан көлеміндегі демалыс аймақтарына баратын жолдарға асфальт төселіп, аяқ жол салынып, түнгі жарық орнатылуда. Мәселен, алыс-жақын шетелге танымал «Біркөлік» демалыс аймағына баратын жолдар жөнделіп, 8,6 шақырым «Шарапхана – Жаңабазар – Бірінші мамыр» автомобиль жолында орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 14,7 шақырым болатын 18 көше жөндеуден өтеді. Сондай-ақ «Шымкент – Қасқасу – Көксәйек – Шымкент» автомобиль жолының 36 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы киелі орындардың, пайда болу тарихын шетелдік туристерге, жастарға дәріптеудің де берері мол. Яғни зиярат ету орындары да туризмді дамытуға үлкен үлесін қосып келеді. Мысалы, Төлеби ауданы, Қазығұрт тауы баурайында орналасқан Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиелі мекенге еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелден келушілер өте көп.
«Бұл жерде Алланың құдіретімен жаратылған Адам Ата мен Хауа Анадан бастап, он сегіз мың ғаламның белгісі бар. Ғайып Ерен Қырық Шілтен дегеніміз – көзге көрінбейтін тылсым дүние. Қазақтың батырлар жырында, дастандарында айтылады. Қайбір заманда күтімсіз қалған киелі аумақ 1993 жылдан бері қолға алынып, көп жұмыс атқарылды. Көрші Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғыз елінен көп келеді. Кешегі пандемиядан бұрын алыс шетелдерден Қытай, Франция, Аустралиядан да келушілер көп болды. Турист ретінде келушілерге айтып түсіндіреміз, бұл туристік орын емес, зиярат орны деп. Көбінесе зиярат пен саяхатты шатастырады. Онысы дұрыс емес. Одан кейін Ата мен Ана белгісінің арасынан өтіп жатқан кезде күнәнің қатысы жайында көп айтады. Өзін сынау үшін келетіндер көп. Күнәм бар ма, жоқ па деп. Бұл жерде күнәнің қатысы жоқ. Иә, денесі ірі кісілер сыймай жатады, өйткені арасы тар, жіңішке кісілер де сыймай жатады, өйткені олар қорқады. Өкпе сығылады, жүрегі қысылады әйтеуір өте алмай қалып жатқаны болады. Әйтпесе, ол тұрған дүние қимылдамайды, сізді қыспайды. Шын ниет етсеңіз, емін-еркін өтуге болады», дейді шырақшы Сәкен Бөденеев.
Ғайып Ерен Қырық Шілтеннің кіреберісіндегі қасиетті тұт ағашы жеміс-жидек, дән-дақылсыз адамзаттың күн көруі мүмкін емес екенін білдіреді екен. Содан кейін жоғары өрлесеңіз, биіктігі он метрге жуық, ұзындығы жиырма метрдей, бастары шығысқа қарай ұйысып жатқан Ата мен Ана деген екі алып тасқа келесіз. Ананың бауыр жағында төрт бөлікке бөлінген қазаннан аумайтын белгі бар. Бұл – «Төрт құбыла түгел, төрт түлігіміз сай болсын, қора малды болсын!» деп тілек тілейтін жер. Ананың шарасы, нәрестесі, сүті, қамыры белгілері – бәрі де киелі орынның қасиетін арттырып тұр. Бұл киелі жердегі ең негізгі зиярат рәсімінің бірі Ата және Ана аталатын бір-біріне сүйеніп тұрған екі алып жартастың арасынан тілді кәлимаға келтіріп, оң жақ иықты алға салып бір қырымен өту болып саналмақ. Шырақшы алғаш келген кісі атаның қолтығынан өткені дұрыс екенін айтады. Себебі ата жолы үлкен. Көпшілік негізінен осы тастың алдына зиярат жасап түнейді. Келушілердің бәрі де «Ата мен Ана тасы арасынан өтейін, бойымдағы ауыртпалығымнан сейілейін» деп, ниет ететіні анық. Яғни ең бастысы Аллаға сену, иман келтіру, ниет ету, тазалық пен адалдықты, имандылықты санаға сіңіру.
«Ғайып Ерен Қырық Шілтен» қайырымдылық қорының төрағасы Махмуд Нақыпбаевтың бұл мәселеде өзіндік көзқарасы бар. Ол – зиярат пен саяхатты шатастырмау, бұл араға тазаланып шын ниет етіп келу қажеттігін айтады. Шырақшының әңгімесіне құлақ түрсек, әулиенің төменгі жағындағы қасиетті бұлақ суының бірі – көз, екінші көзі – ентікпе, өңеш, жұтқыншақ, асқазан, үшіншісі жүйке ауруларына емдік қасиеті бар екен. Үш бұлақ суының дәмі бір-біріне ұқсамайды. Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулие жатқан жердің алды қазір абаттанып, көріктеніп, инфрақұрылымдық кешен ретінде дамып келеді. 100 адамға арналған заманауи қонақүй бой көтерген. Қымыз, шұбат ішіп, тынығып отыратын жаздық асхана бар. Қоғамдық қор төрағасының айтуынша, алдағы уақытта намаз оқитын арнайы орын, кітапхана ашылмақ. Шағын медресе ашу да – ертеңгі күнге жоспарланған көп істің бірі. Киелі мекенде өткізген бір сағатқа жуық уақытта мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен зиярат етушілер мен туристердің ағылып келіп жатқанына куә болдық. Жолаушы тасымалдайтын үлкен автобустардың бірінде Батыс Қазақстаннан келген зияратшылар, енді бірінде көрші Өзбекстан елінен келген зияратшылар болды.
Аудан аумағында көпшілік арнайы барып, мөлдір суын ішіп әрі өзімен бірге ала кететін әулиелі бұлақтар көп. Соның бірі – Кемеқалған ауылдық округі Ұйымшыл ауылындағы Мейрам ана әулиелі орны. Ауыл тұрғындары жер астынан қыз-қыз қайнап шығып жатқан бұлақ аумағын тастармен қалап, шағын тоған жасап, бұлақ басын ластамауға шақыратын сөздер жазып іліпті. Ана кесенесіне көбінесе перзент сүймеген келіншектер тәу етіп келеді екен. Ал Ақбастау ауылында орналасқан Көзді ата киелі орны жайында аңыздарда бағзы замандарда Қазығұрт тауын әрі әулие, әрі емші адам мекендегені айтылады. Ол емші көз ауруын ғана жазады екен. Сондықтан зағип болғандардың барлығы осы емшінің дақпыртын естіп, дертінен айығу үшін арнайы іздеп келіп, емделіп жүріпті. Бір ғажабы бұлақ суынан ішіп, беті-қолын жуған, шын ниетімен емделуге келген сырқаттардың барлығы көз ауруынан құлантаза айығатын болыпты. Сөйтіп, халық бұл бастауды «Көз ата бұлағы» деп атап кеткен екен.
Суы шипалы әулиелі орынның тағы бірі – Жылақ ата жартасынан ағатын тамшылар көз ауруы, бүйрек және бауыр, асқазан, жүрек дерттерінен сауықтырар шипалы бұлақ көзі болып саналады. «Күндердің күнінде шапқыншылық болып, ер-азаматтар соғысқа кетеді. Жас балалар, әйелдер қалған. Бірде ұл-қыздар осында ойнауға келгенде жаудың жандайшаптары қуалап түсіп, бәрін өлтірген. Сол себепті де халық арасында бұл жер Жылақ ата әулиесі атанып кеткен. Суының емдік қасиеті бар, ниет етіп келгендерге шипасы тиіп жатады. Жылақ ата суының тағы бір ерекшелігі – күндіз де, түнде де кемпірқосақ секілді түстермен сәулесін шашып тұрады. Алдағы уақытта осы араға түсуді жеңілдететін текпішек салып, тасжол төсесек деген жоспарымыз бар», дейді он жылдан аса уақыт бойы осында шырақшы болып жүрген Жанболат Тәліпбаев.
Ал Қаратөбе ауыл әкімшілігіне қарасты Майбұлақ ауылында орналасқан «Нұр ата қорымы» сағанасы түбінен емдік қасиеті бар 12 бұлақ көзі ағып жатыр. Яғни бұлақ көздері – адамның 12 мүшесіне ем. Осындай емдік қасиеттерімен танымал болған бұлақ көздері көп және арнайы іздеп келетіндер де аз емес.
Киелі орындарға зиярат етушілер сапарын таулы аймақтың тамаша табиғатында серуендеп, демалумен жалғастырады. Бұл орайда Қасқасу ауылдық округінде 17 демалыс орны келушілерге қызмет көрсетуде. «Ауыл округ аумағындағы демалыс орындары да жылдан-жылға көбейіп келеді. Біздің қызметтеріміздің бірі – қоршаған ортаны қорғау, тазалықтың сақталуын бақылау және қамтамасыз ету. Демалушылар арасында өздерінен кейін қоқыс қалдырып кететіндер, өкінішке қарай, бар. Міне, сол қоқыстарды жинап, оны шығару үшін көлік ұйымдастырамыз. Демалыс орындарынан әкімдікке келер пайда да көп болса екен дейміз. Әзірге олай болмай тұр. Өйткені демалыс орындардың арасында біздің ауданға тіркелмегендері де жетерлік. Олар тек жер салығын төлейді, басқалай түсім жоқ. Осы орайда ауыл ақсақалдарымен кеңесіп, демалыс орындарының иелерімен кездесіп, ашық әңгіме өткізу жоспарымызда бар. Аудан жерін, табиғатын, суын және басқа да мүмкіндіктерін пайдаланып отырған соң тиісті салықтардың осында түсіп, ол ауылдарды абаттандыруға, көріктендіруге жұмсалғанын қалаймыз. Салық түсімі ұлғайса, ауыл бюджеті де көбейеді. Сондай-ақ туризмді дамытуда құрылысы қолға алына бастаған «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешені жобасының да алар орны ерекше. Жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП-50 нысанның тізіміне, сондай-ақ Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілген. Қазіргі уақытта «Қасқасу туристік-рекреациялық орталығын» салу жобасының бірінші кезеңін іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жоба жүзеге асырылған жағдайда жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады», дейді Қасқасу ауылдық округі әкімі Мейіржан Ермаханбетов. Айта кетелік, жобаны жүзеге асыру мақсатында өткен жылы инфрақұрылым жүргізу үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 50 млн теңге қаржы қарастырылған еді.
Аудан шипалы суымен ғана емес, бал татыған қымызымен де елге танымал. Мысалы, тұрғындардың 80 пайыздан астамы қымыз өндірісімен айналысатын Диқанкөл ауылының азаматтары үй іргесінен саумалмен сауықтыру орталықтарын ашып жатыр. Бүгінде халық табиғи өнімдермен емделуге ден қойған. Яғни бабалардан қалған «ауру астан» деген мағынасы терең сөзге мән беріліп, табиғи өнімдерді таңдаушылар қатары көбейді. Осы орайда сауықтыру туризміне ден қойылды. Қымызбен емдеу орталықтары – иммунитетін нығайтқысы келетіндер үшін таптырмайтын дүние. Ауыл халқы қымызды тек пайдаланушыларға жеткізіп қана қоймай, бүгінде пайдасы мол сусынды негізгі рационға ала отырып, емдеу мақсатында сауықтыру орталығын іске қосуда. Мысалы, жеке кәсіпкер Эльмира Еспенбетова ашқан сауықтыру орталығында ем қабылдаушылар үшін үш мезгіл тамақ пен төрт мезгіл саумал және жатын орын ұсынылады. Елімізде саумал терапиясын қарқынды дамытуға үлес қосып келе жатқан кәсіпкердің тағы бірі Нұрболат Абилдаев 23 адамға арналған емдеу-сауықтыру орталығын іске қосқан. Қымызбен емдеудің бір курсы он күнді құраса, әрбір адам күніне бір литр саумал ішуге тиіс екен.
Экотуризмнің глэмпинг желісі бойынша келтірерлік мысал көп. Ал экотуризм мақсаттарының бірі – киелі және мәдени ошақтармен, тамаша табиғатпен, жергілікті елді мекеннің дәстүрлі өмірімен танысу. Осы орайда ауылдардағы инфрақұрылымның жақсаруы, тұрғындардың қолайлы ортада өмір сүруі де туризмнің дамуына оң ықпал етері анық. Онымен тұрмай алыс-жақын шетелден келген туристер ауылына қарап, мемлекетінің экономикалық ахуалын бағалайтыны заңдылық.
Түркістан облысы