Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Осы тұста бірінші кезекте айрықша атап айтатын жайт – балаға нешетүрлі білімнің бастапқы негіздерімен қоса тәрбие де беріледі. Асылы, тәрбие табиғатында біліммен етене егіз, бөлінбестей бірлікте. Жас шыбық бала алған білім-тәрбиесіне сәйкес түзу немесе қисық болып өседі. Демек балаға, оқушыға балабақшада, мектепте қандай білім береміз, баланы қалай тәрбиелейміз – бұл аса маңызды. Керек десеңіз отбасылық, ауылдық қана емес, Отандық, елдік, мемлекеттік мәселе. Міне, сондықтан да ұлы бабамыз, Шығыстың екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби өз заманында – Х ғасыр ортасында-ақ: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзатқа жасаған қастандық» деп қадап айтқан.
Бас түзелмей, балық (халық та) шіри беретінін мойындасақ, мұның өзі елімізде өзіміздің төл елдік-ұлттық бағытымыз – идеологиямыз жоқ екенін, мемлекеттік білім беру саласында әлі де орасан олқылық бар екенін көрсетеді. Рас, кейінгі кездері орта білім жүйесіне көзқарас күрт жақсарып, бұған дейінгімен салыстырғанда, мұғалімдердің жалақысы бірнеше есе өсті. Елдің келешегін қалыптастырып жатқан ұстаздар лайықты еңбекақы алып, мәртебесі көтерілді. Бұл тұрғыда экс-министр Асхат Аймағамбетовтің жемісті еңбек еткеніне куәміз. Ал оған дейін бұл міндетті атқарған үш-төрт министр салаға пайда емес, зиян келтіргенін ашық айтуымыз керек. Тіпті ақиқатын айтсақ, бөтен елдің министрлеріндей қаракет жасады. Әрине, А.Аймағамбетовтің өзі бірнеше рет мәлімдегендей, оң өзгерістерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше қолдауы, пәрменді тапсырмалары жол ашқаны шындық. 6-7 жастағы 1-сынып шәкіртіне орыс, ағылшын тілін қосақтап оқыту балғын санаға қиянат болғаны да көп дәлел тілемесе керек. Сондықтан Асхат Қанатұлының бірінші сыныпта балалардың тек ана тілін, екінші, үшінші сыныптарда орыс, ағылшын тілдерін кезегімен оқуға көшуін қамтамасыз етуі оңды өзгеріс, игі жаңалық еді. Осы жетістікті кейінгі министрлер жойып, халқымызға қастандық істемесе екен делік. Бірақ бұл – қанағат емес. Егер іс жүзінде еркін, егеменді, елеулі (жеріміз қазынасына, еліміздің тарихына алаштық өре-мүмкіндігіне сай) ел боламыз десек, жоғары және орта білім, балдырғандар білім-тәрбиесіне қатысты заңдарға төмендегідей өзгеріс-өлшемдерді енгізіп, билік пен халық деңгейінде түрде жүйелі жүзеге асыруымыз шарт.
Бірінші, төл жазуымызды – әліпбиімізді отарлаған (в, ф, ё, ю, ь, ъ, тағы басқа жат әріп-дыбыстарды зорлықпен қосқан) орыс алфавитінің үстемдігінен құтылып, қазіргі уақытта орыс тілі Абайдың кезіндегідей дүниенің кілті емес екенін ескеріп, әліппемізде тек төл әріп таңбаларды қалдыруымыз қажет. Осыған қоса орыс тілі – қатардағы шетел тілдерінің бірі ғана болғандықтан, оны бастауышта оқуды мүлдем тоқтатып, тек орталау мектептің алғашқы сыныбы – 4-сыныптан бастап оқытқан орынды. Біздіңше, бұл жер-жаһандағы ақпараттың, ілім-білімнің 90 пайызын қамтып, әлемдегі ең бірінші және ең қажетті ағылшын тіліне де қатысты болуы әділетті.
Біз неге нақ осындай өзгеріс – ұсыныстар жасап отырмыз? Біріншіден, өз мүддемізге сай, өзімізді сыйлай білуіміз. Екіншіден, балалардың бәрі ақын, ғалым бола алмайтыны секілді аталған пәндер мұғалімі лингвист-ғалым, журналист-қаламгер болмайтын басқа шәкірттер үшін қиянатқа бармау, әділеттілік. Ал бұл тілдер керек болса, адамдар балғын шақ түгіл кексе кезінде де орыс, ағылшын тілдерін үйреніп алатынын көріп жүрміз ғой. Үшіншіден, біздің айтып отырғанымыз өмірде болған, тиімділігі әбден дәлелденген, қолдансақ бүгінгі қалып-қағидалардан озық та оңды нәрселер. Мәселен, біз жамандайтын кеңес кезінде шетел тілдері бастауышта оқылмайтын, тек 5-сыныптан бастап оқытылғаны мәлім. Осы бір жақсы әрі оқушылар қабілетіне сай өлшемді ала салмай, 30 жыл оңды-солды реформа жасауымыз – мемлекет мүддесін аяққа басу ма, жоқ әлде бұл ретте де көпшілікті алдап, халық ақшасын шашу болды ма? Шын мәнінде ізденіп пайдалы реформаларды жүзеге асыруды көздесек, 30 жыл уақыт Жапония мен Норвегиядағы білім жүйесінен де артық жасампаз жаңалық ашатын уақыт емес пе?
Біз тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында көп нәрсені бүлдіре қойған жоқпыз. Қол қысқа, қаржы тапшылығынан да шығар. Содан кейінгі министрлер өмірде бар велосипедті жақсартып жетілдіру орнына сындырып, қайта жамап-жасқап, анау елдің ақылын тыңдап, мына елдің нұсқауына намазхандай ұйып, болдырумен емес солдырумен айналысты. Бәлкім, мұнда біздің өркениетті, озық ел емес, ұрлықпен байыған олигархтарын құлдық ұрып, тума жаратылысына тән ұлттық болмыс-мінезінен айырылған, әлемдік жаһандану жоспарына сай қанатынан қайырылған бейшара ұлыс құру, қалыптастыру саясаты да әсер еткен шығар. Жер жүзіндік көлем-келеде дос аз, «қастар» көп, басты нәрсе – ел-мемлекет мүддесі болса, біз неге жаһандандыру өкілдерінің кеңесімен болашағымызды мүсіндейтін балаларымызды ғаламтор құлы, орыстың ұлы етуіміз керек.
Шаңырақ көтерген Әділетті Қазақстанға кірер есік – заманауи білім болса, оның болашақ иелерін қалыптастыратын алтын бесік – ұлттық тәрбие. Жалпы, адамзаттық адамгершілікке еншілес алаштық тәрбие. Нешетүрлі мамандарды: инженер, технолог, агроном, мұнайшы, физик, мұғалім, шопан, тағысын тағыларды даярлайтын – физика, математика, педагогика, химия, медицина тағы басқа ілім-білімдер болса, адамды тек әдебиет пен өнер тәрбиелейді. Сұлу, асыл мазмұнымен ғана емес, бала ақылына нұр, қайратына – ыстық от, жылы жүрегіне – нысанына сәйкес аз-көп азаматтық ұлы рух қосатын тәлімімен. Ащы да асыл ақиқат осыған сайса, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында алдымен әдебиет, тарих, көпшілікке аса қажет өнер үлгілері терең де түбегейлі оқытылуы міндет. Оқулықтар қарапайым да қызықты, шәкіртке ой салып, қиялын шарықтататын болуы керек. Себебі мектептегі пәндер – әліппе, азаматтық өміртануға, үлкен ғылымға, білімге бастар кілт, апарар баспалдақ болғаны жөн.
Ұзын сөздің қысқасы, бізге, елімізге керегі – надан емес, адам, қожайынның айтқанынан (дұрыс болса, мәселе басқа) шықпайтын құл емес, ұл-қыз отбасы мен Отаны үшін адал да аянбай қызмет ететін азаматтар қажет болса, онда бірінші кезекте жас ұрпаққа білім, адамгершілікті өзек еткен терең тәрбие беруге міндеттіміз. Сонда ғана әлемдік пәндер олимпиадаларында балалары топ жарып, бірінші – бесінші жүлделер алып жүрген дарынды халқымыздан ұрылар емес, ұлылар көктеп шығады.
Түйіп айтқанда, мектептеріміздің маңдайында Оңтүстік Африка Республикасының Стелленбош университетінің ұраны «Кез келген ұлтты құрту үшін атом бомбасын жарудың, алыс қашықтыққа ұшатын ракетаны атудың қажеті жоқ. Ол үшін елдегі білім берудің сапасын төмендетіп, шәкірттерге емтиханда жалған айтуға жол берілсе болғаны. Дәл осындай мектепті бітірген дәрігерлерден науқастар жазылмайды, өледі; инженерлер қолынан салынған үй-ғимараттар құлайды. Нақ осындай экономистер-бухгалтерлер тарапынан мемлекет ақшасы талан-таражға түседі, нақ осындай заңгерлер мен судьялар әділеттілікті табанға таптайды. Білімнің күйреуі – ұлттың күйреуі» деген сөздер жазылып тұрса кәнеки! Осындай түзу сөзге сай ісіміз – білім-тәрбиеміз түзелсе, кемел келешек қашық емес.
Бақыт САРБАЛАЕВ,
жазушы-сыншы