Аймақтар • 11 Мамыр, 2023

Балық өсіру де береке

375 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Түркістан облысында «Балық шаруашылығын дамы­ту­дың өңірлік бағдарламасы» шеңберінде 6 640 тонна балық өсіру жоспарланған. Бірінші тоқсанның қорытындысы бо­йынша 2 559 тонна өндірілген.

Балық өсіру де береке

Балық шаруашылығына қа­тыс­­ты құзырлы мемлекеттік ор­­ган­дар және аудан, қала әкім­­­­дік­терінің салаға жауапты орын­басарлары мен шаруа қожалықтың иелері қатысқан жиында облыстық табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жануарлар дүние­сін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов өңірде 2030 жылға дейін тауарлы ба­лық өсіру көлемін 20 мың тон­наға жеткізу жоспарланғанын мәлім етті. Облыста жергілікті ма­ңызы бар 104 су айдыны 88 таби­ғат пайдаланушыға бекітіліп беріл­ген. Тауарлы балық өсірумен 146 кә­сіпкерлік субъектісі айналы­са­ды.

Балық шаруашылығын дамы­ту­ға мемлекеттік қолдаулар көр­се­тіледі. Мысалы, акваөсіру бо­йынша биылға жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа суб­сидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдар­ды суб­сидиялауға биылға рес­пуб­ли­калық бюджеттен 226 млн теңге қаралған. Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүр­гізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті ма­ңызы бар 21 су айдынында та­биғат пайдаланушылармен ке­лісімшарт талаптарының мер­зі­мінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.

Жиында бірқатар ұсыныстар да айтылды. Мысалы, су айдындары мен тоғандардың аймағынан шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін рәсімдеуді уақ­ты­лы, тез арада заңдастыру, ба­лық шаруашылықтарының көлемі мен санының көбеюіне байланысты, акваөсіру бойынша кеткен шығындардың көле­мін субсидиялауға қосымша қаржы бөлу қажеттігі айтылды. Бұл орайда облыс әкімі балық шаруа­шылығымен айналысатын кә­сіп­керлерге жан-жақты қолдау көрсету және жаңадан балық шаруашылығы нысандарын ашу жоспарын орындауды жүктеді.

Сондай-ақ облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашы­лы­ғын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді, экспортқа ден қоюды тапсырды. Балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет еке­ні айтылды.

«Балық шаруа­шы­лығымен айналысатын кәсіп­кер­лерге жан-жақты қолдау көр­сетілуі керек. Инвесторлар тарту маңызды. Балық азықтары мен балық өнім­дерін өңдейтін зауыт, кә­сіпорын ашуға ниет білдірген тұлғаларға жаңадан және табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітілген су айдындары мен жұмыс іс­теп тұрған тоғанды балық шаруашылықтарын одан әрі дамыту мақсатында ай­на­ласынан жер учаскелерін беруді қарастыру қажет. Ба­лық шаруашылығын дамыту мақ­сатында 2023-2025 жыл­дар­ға арналған жаңадан балық шар­уа­шылығы нысандарын ашу жоспарының орындалуы қам­тамасыз етіліп, атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына есебі берілуі керек. Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шар­уа­шылығын жүргізу үшін бе­кі­тіліп берілген жергілікті ма­ңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады», деді облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.

Айта кетейік, балық шаруа­шы­­лы­ғымен айналысатын 14 кә­сіпкер «Түркістан ӘКК» акцио­нер­лік қоғамы арқылы 5,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тонна болатын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оған қосымша 2023-2024 жылдары жеке инвесторлармен 1 млрд 700 млн теңгеге балық азықтарын шы­ғаратын, қуаттылығы жылы­на 10 мың тонналық 2 зауыт ашу жос­парланып, жұмыс жүр­гі­зіліп жатыр.

 

Түркістан облысы