Сенат • 12 Мамыр, 2023

Авторлық құқықты қорғаудың ортақ шарасы

311 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында сенаторлар «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды талқылап, мақұлдады.

Авторлық құқықты қорғаудың ортақ шарасы

Отырысқа мемлекеттік орган өкілдері, атап айтқанда, Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова, Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев, Ішкі Істер министрінің орынбасары Ержан Саденов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков қатысты.

Авторлық құқық және сабақтас құқықтар саласындағы ынтымақтас­тықты нығайту, ТМД елдері арасында тәжірибе және ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасу мақсатында қабылданып жатқан жаңа құжат осы мәселеге қатысты тиісті түйткілдерді, соның ішінде интернет-ресурстардағы авторлық құқық мәселелерін реттеуге арналған. Депутаттар бұл заң мемлекетаралық сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейтуге оң ықпалын тигізетінін айтты.

Сенатор Амангелді Толамисов ТМД-ға мүше мемлекеттердің цифрлық орта­дағы авторлық құқықты және сабақ­тас құқықтарды сақтау және қор­ғау жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы 2020 жылғы 25 та­мызда Кишенев қаласында өткен зият­керлік меншікті құқықтық қорғау мәсе­лелері жөніндегі Мемлекетаралық кеңес­тің оныншы отырысында қаралып, мақұлданғанын жеткізді. Келісімге 2021 жылғы 12 қарашада ТМД-ға кіретін сегіз мемлекеттің Үкімет басшылары қол қойыпты. Бүгінгі таңда мемлекетішілік рәсім­дерді Армения, Беларусь, Қыр­ғызстан, Өзбекстан Республикалары және Ресей Федерациясы өткізген.

– Қазір авторлық құқықты, соның ішінде интернетте авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғау тетіктерін дамыту тек дүниежүзі елдерінің ұлттық заңнамасының ғана емес, халықаралық құқықтың да міндеті. Сондықтан барлық елде бұл мәселені реттеудің оңтайлы нұсқаларын қалыптастыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Келісімді жүзеге асыру тікелей интернетте авторлық құқықты қорғау бойынша тәжірибе мен ақпарат алмасудан тұрады. Сонымен қоса, осы келісімді жүзеге асыру шеңберінде Әділет министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Жоғарғы Сот әрқайсысы өз бағыты бойынша уәкілетті органдар ретінде бекітіледі. Соның аясында тиісті шараларды күшейту көзделеді, – деді сенатор.

Оның айтуынша, қазіргі күні мемлекетаралық күштердің қызметін үйлестіру үшін тиісті құрылым – Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелерін үйлестіру жөніндегі мемлекетаралық кеңес құрылып жатыр.

– «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 2-тармақшасына сәйкес Келісім ратификациялауға жатады. Қаралып отырған Заңды іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді, – деді Амангелді Толамисов.

Сенатор Советбек Медебаев бұл заңда көтеріліп отырған келісімнің мақ­саты – цифрлық ортада авторлық құ­қық­ты және сабақтас құқықтарды қорғау саласындағы халықаралық нор­мативтік-құқықтық базаны дамыту, осы саладағы құқық бұзушылықтар­дың алдын алу және жетілдіру, сондай-ақ ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде, оның ішінде интернетте авторлық құқық объектілеріне және сабақтас құқықтардың бұзылуына жол бермеу жөнінде тетіктерді жүзеге асырумен қатар, құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталғанын атап айтты.

– Өздеріңізге белгілі, бүгінде интер­нет мемлекет пен қоғамның дамуына ерекше әсер ететін, заманауи жаңа технологияларды игеру үшін қажетті құрал ретінде қолданылады. Алайда елімізде осы салада заңсыз жұмыс істеп келген интернет-ресурстар анықтал­ған. Мәселен, 2020 жылы лицензия­сыз бағдарламалық қамтамасыз ету мен басқа да объектілерді тарататын 24 шетелдік интернет-ресурс, ал 2021 жылы 40 интернет-ресурс анықталып, бұғаттау үшін ақпараттық жүйеге енгізілген. Бұл жағдайға салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, осы уақыт аралығында шамамен екі есе артқандығы байқалады. Осы орайда, алдағы уақытта арнайы рұқсаты жоқ интернет-ресурстарға тосқауыл қою үшін тиісті мемлекеттік органдар жұмыла әрекет ету қажет деп есептеймін, – деді сенатор.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Бибігүл Жексенбай елордада және тұтас елімізде соңғы уақытта қатты байқалып жүрген ауыз су тапшы­лығының артуына алаңдаушылық білдірді. Сенатор мәселені шешуге арналған бірқатар ұсыныс айтты. Ол алдағы 15-20 жылдан кейін ел халқының тең жартысы ауыз су тапшылығын сезінуі мүмкін деген қаупін білдірді.

– Қазіргі уақытта елордада су тап­шылығы тәулігіне 30 мың текше метрді құрайды. Оған сол жағалауда үй құрылысының қарқынды салынуы басты себеп болып отыр. Ал 4 млн-нан астам халықты сумен қамтамасыз ететін Ертістің суы көптеген кәсіпорындар­дың салынуынан, заңды тұлғалардың, шаруа қожалықтарының, кооперативтер­дің суды көп көлемде пайдалануы­нан, үнемдемеуінен және экологиялық жағдайларға байланысты азайып жатыр. Осылайша, Ертіс-Қарағанды арнасынан Астанаға келетін су көлемі де келешекте айтарлықтай төмендеуі мүмкін, – деді ол. Сенатор Сәтпаев арнасы арқылы Ертістің суын елордаға бұру бойынша жобадан басқа да балама бағыттарды қарастыру керек екенін айтты.

– Суды бөлудің халықаралық тәжі­рибесіне сәйкес, халықаралық құқық­қа негізделген трансшекаралық су ресурс­тарын басқарудың жаңа модел­дерін қол­ға алу керек. Су ресурстарын кешенді бас­қару саласындағы мамандардың бі­лім деңгейін арттыру және білім беру жүйе­сі­нің әдістемесін жаңарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет, – деді ол.

Ал сенаторлар Закиржан Кузиев пен Қайрат Тастекеев өңірлердің суармалы жерлеріндегі су тапшылығын көтерді. «Іс жүзінде фермер үшін қажет болған кезде жердің шамамен 30%-ы қажетті су мөлшерімен қамтамасыз етіледі, бұл өз кезегінде суармалы жерлердің өнімділігіне әсер етеді. Сонымен қатар суарылатын жердің негізгі бөлігіне жататын 75,8% немесе 1,1 млн гектардан астам аумағы әлі күнге дейін жер үсті әдісімен суарылады. Мұндай ескірген суару желісімен жеткізілетін судың 60%-дан астамы далаға ағып кетеді. Бұл әдіс мүлде тиімсіз», – деді Закиржан Кузиев.

Сенатор Қайрат Тастекеев Үкіметтен Абай облысындағы «Қарғыба» су алабы мен «Жаңа тоған» магистральды арнасында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға назар аударуды сұрады.

«Қарғыба өзеніндегі су алуға бекі­тілген барлық егіс алқаптарының ауданы 5 429 га, «Жаңа Тоған» магистральдық арнасының бойындағы егіс алқаптары­ның ауданы 4 439 га құрайды. 2016 жылы бұл нысандарды жаңғырту жұмыстары басталған болатын. «Қазсушар» РМК Шығыс Қазақстан филиалы мердігер ретінде белгіленген еді, ал республикалық бюджеттен жұмыстарды жүргізуге 407 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұ­мыс­тары аяқталмай тоқтап тұр. Жоба­ның сметалық құнының ұлғаюына байланыс­ты қаржылық-экономикалық негіздеме­сін қайта қарау ұсынылған. Осының сал­дарынан шаруашылық құрылымдары­ның еккен егістіктеріне ұдайы су беріл­ме­ген­дік­тен жойылып, суармалы жерді игеруге ешқандай мүмкіндіктер қал­ма­ды. Бұл мәселе ауыл тұрғындарының қатты алаңдаушылығын туғызып, мал шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізіп отыр», деді сенатор.

Әлібек Нәутиев ауыл шаруашылығы саласындағы қайта өңдеуді дамыту мәселелеріне тоқталды. Ол өз сөзін­де ауылшаруашылық тауарын өндіру­шілердің бірқатары шикізат экспортына ғана басымдық беретінін айтты. Соған байланысты аталған мәселені шешу жолдарын ұсынды. Ал сенатор Жанболат Жөргенбаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруға кейбір компаниялардың қатысуына рұқсат беру кезіндегі проблемаларды атап өтті.