Спорт • 12 Мамыр, 2023

Халық арасында танымал ұлттық спорт түрлері қандай?

1176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, 2022 жылы ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатын Қазақстан азаматтарының саны 580 мыңнан асқан. Ал ұлттық спорт түрлері бойынша үйірмелердің саны 16 555-ке жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халық арасында танымал ұлттық спорт түрлері қандай?

БӘЙГЕ

Бәйге - халық арасында ең көп тараған ат спорты. Шабандоздардың ат жарысы қалың көрермені бар, естен кетпес ерекше әсер сыйлайтын ұлттық спорт түрі. Бүгінде елімізде шабандоздарды дайындайтын 753 үйірме жұмыс істейді. Онда 21 мыңға жуық бала ұлттық спорттың қыр-сырын меңгереді.    

АСЫҚ АТУ

Асық ату — ертеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойыны. Ол балаларды ептілікке, жылдамдыққа, мергендікке үйретеді. Қазақстанда 2237 асық ойны үйірмесі бар. Онда 77 мыңнан астам адам ұлттық спортпен шұғылданады. 

КӨКПАР

Көрермені бойынша да, қатысушылар саны жағынан да көкпар көш басындағы ұлттық спорт түрінің бірі. Елімізде 78 мыңнан астам адам көкпармен айналысады. Оларды жаттықтырып, шеберліктерін шыңдайтын 916 үйірме бар.  

ҚАЗАҚША КҮРЕС

Халық арасында спорттың жекпе-жек түрлері өте танымал. Соның ішінде қазақша күрес қатысушылар саны мен жанкүйерлері бойынша алдыңғы қатарда. Бүгінде еліміз бойынша 4427 қазақша күрес үйірмесі жұмыс істейді. Онда 159 мыңға жуық адам ұлттық спорт түрімен жүйелі түрде шұғылданады. 

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ

Елімізде ұлттық спорт түрлерінің ішіндегі ең танымалы – тоғызқұмалақ. 

Адамның ойлау қабілетін дамытып, тапқырлыққа тәрбиелейтін зияткерлік ойын жас ерекшелігіне қарамастан жалпыға қолжетімді. Қазақстанда 6856 тоғызқұмалақ үйірмесі бар. Оған 207 мыңға жуық адам тұрақты түрде қатысады.