Аймақтар • 14 Мамыр, 2023

Сүмбенің сәні кірді

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шекаралық аймақтағы Сүмбе ауылының тұрғындары үшін жақында жағымды жаңалық болды. Ол – ауылдың сән-салта­натын асырып, рухани ошағына айналатын мәдениет үйінің пай­далануға берілуі еді.

Сүмбенің сәні кірді

Кеген ауданынан іргесі ажырап, қайта қалпына келгеніне бес жыл толған Райымбек ауданында бүгінге дейін бірқатар әлеуметтік, спорттық-мәдени ны­сандар бой көтеріп, халықтың игілігіне беріліп жатыр. Тұмса та­би­ғаты қандай көркем болса, ш­екара шебіндегі халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігі де көз сүйсінер күйде болуы аса ма­ңызды. Мамыражай мамыр ме­рекелеріне орайластырыла тұ­сауы кесілген игілікті шараға Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев пен аудандық мәс­лихат төрағасы Самат Мү­сірбаев бастаған игі жақсылар мен жайсаңдар қатысып, тұр­ғын­дарды қуаныштарымен құт­тықтады.

Екінші дүниежүзілік соғыс­тың құрбандарына арналған еңселі ескерткішке гүл шоқтарын қо­йып, рухына тағзым етуден бас­талған іс-шарада жыршы, термеші Серік Әбдірайымов жырдан ша­шу шашты.

«Бүгінгі мәдениет үйінен бө­лек, Қызылшекара, Сүмбе ауыл­дарында заманауи шағын спорт кешендері салынып жатыр. Ел игі­лігіне берілер уақыты алыс емес. Сонымен бірге қайта түле­ген ауданымыздың Жамбыл ауы­лында мәдениет үйі салынды. Қақ­пақ ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Алдағы жылдары Шалкөде, Сарыжаз, Тегістік ауылдарынан жаңадан мәдениет ғимараттары бой көтеретін болады», деді салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Б.Дүйсенбаев.

Аудандық ақсақалдар кеңе­сінің төрағасы, Қазақстанның еңб­ек сіңірген жаттықтырушысы, Алматы облысының Құрметті азаматы Бекболат Бірбаев ақжарма тілегін арнады. Іс-шара барысында ту­ған жерге туын тігіп, Сүмбенің әлеу­меттік жағдайын жақсартуға барын салып жүрген атпал азамат Тілек Юсуповқа айрықша құрмет көрсетілді.

Шекара шетіндегі ауылдың ажарын ашқан мәдениет үйінің құ­рылысына бюджеттен 475 млн теңге бөлініп, игерілген. 180 орын­ды өнер ордасына 4 штат бір­лігі бө­лінген. Ауыл мәдениетін көте­ріп, өнерін өрістететін бұл ғи­ма­ратта ал­дағы уақытта түрлі үйір­­мелер ашы­лып, жұмысын бас­тайтын болады.

 

Алматы облысы