Мекеме инспекторлары ерекше қорғалатын аумаққа Тәуіп, Жайсаңбай, Нұра ауылдық округтері жағынан кіріп, киік төлдеп, құстар ұя басып, көлдерде балық уылдырық шашып жатқан кезде табиғат тыныштығының бұзылмауын қадағалайды. Әсіресе резерваттың қақ ортасы, аң-құстың мекені – Ағашүй төбе, Атанбас, Қосбүйрекке ешкімнің кіруіне рұқсат жоқ. Құралайдың салқынымен киіктер жас төлдерін жел мен жаңбыр астында өргізіп жатқанда қасқырлардың иіс сезу қабілеті нашарлап, далалықта шыбын-шіркей де болмайды.
Ырғыз ауданында орналасқан аумағы 763 549 га болатын табиғи резерват 2007 жылы құрылды. Сарыарқаның даласы мен кәрі Мұғалжар қыраттарымен шекараласатын Торғай үстіртін есте жоқ ескі заманнан бері мекендейтін Бетпақдала киіктері ешқашан еліміздің шекарасынан тысқары ауып көрмепті. Бетпақдала үйірлері осы қасиетімен Орал және Үстірт киіктерінен ерекшеленеді. Резерват киіктері қыс қаһарына мінгенде үйір-үйірімен Арал теңізі маңындағы құмды алқап – Қарақұмның бауырына қарай ауады. Ал қыс жайлы болған жылдары осы жақта қалып қояды.
Киік – 10-12 жыл өмір сүретін өте өсімтал жануар. Аналықтары әдетте екі лақтан, кей жағдайда үш лақ туады. Тағы бір қасиеті – бір жылы еркек төлі көбірек болса, келесі жылы ұрғашыларын көбірек туады екен. Осылайша, төлдерінің жынысын реттеп отырады. Бір киіктің орташа салмағы 45 килоға жетсе, аталық киік мүйіздерінің ұзындығы 30 см-ге барады. Сағатына 70-80 шақырым жүгіреді. Қатты жүгірген кезде салбыраңқы мұрындары арқылы өкпесіне ауа жақсы барады. Табиғи ортаның өзгерісіне тез бейімделгіштік қасиеті ежелгі Тұран ойпатының киелі жануарын осы кезге дейін құрып кетуден сақтап келеді. Қыста түгі қалыңдап ақ түске, күзде сары түске боялып жылтырап тұрады. Ақбөкеннің жезкиік атауы содан қалған. 2015 жылы мамырда Бетпақдала үйірлерінің іші кеуіп, жаппай қырылып қалғаны жұрттың есінде. Сол жылдары киелі жануардың саны мүлде азайып кетіп еді, бірақ кейінгі жылдардағы табиғат қорғау шараларының нәтижесінде жақсы өсім бар.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» РММ Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің бас маманы Шынар Ақашованың айтуынша, өткен жылы резерват аумағында бірде-бір браконьерлік дерек тіркелмеген. Оған Қылмыстық кодексте заңсыз киік аулаушыларға қарсы жазаның қатаңдатылуы және айыппұл мөлшерінің көбейтілуі себеп болған. Заңсыз киік атушылар ұсталып қалған жағдайда бір аталық киікке 1 млн 700 мың теңге, бір аналық киікке 1 млн 200 мың теңгеден айыппұл төлейді.
Резерват – тек киіктердің қонысы ғана емес, 250 түрлі құс пен 42 сүтқоректі жануардың да мекені. Бұл жақтағы тереңдігі 1,5-2,5 метр болатын 30-ға жуық шағын көлдің тең жартысы кеуіп қалды. Өйткені кейінгі онжылдықта су өте аз келетін болғандықтан, көп көлдің орны сорға айналды. Биыл 13 көлге су келді, бірақ бұрынғы арналарының жартысын да толтырмады. Су мол келген жылдары құстың түрі көбейіп, су келмеген жылдары құс та сирейді.
Резерват көлдеріне ұшып келіп-кетіп жатқан 250 түрлі құстың 34-і еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген. Көлдің қамысы арасына 113 түрлі құс ұя салады. Жалпы, мұнда су құстары мен су маңы құстарының 109 түрі кездеседі. Ал құс келіп, қайтатын көктем мен күз мезгілінде Пәкістан, Үндістан бағытына ұшып бара жатқан 125 түрлі құс аялдап өтеді.
Резерватты мекендейтін 42 түрлі сүтқоректінің арасында жабайы шошқа, қасқыр, қарсақ, түлкіден өзге сирек кездесетін жануарлар да мекендейді. Соның бірі – «Қызыл кітапқа» енгізілген шағыл мысығы. «Шағыл мысығын 2007 жылы инспекторлар көріп қалып, есепке алған. Бірақ содан бері осы аңды кездестірмедік. Түрі шағыл мысығына ұқсайтын қамыс мысығы бар, бірақ бұл – басқа текті аң», дейді резерваттың бас маманы Әсемгүл Әбдірахманова.
Резерват аумағындағы Шалқартеңіз, Жігіткөлде қоқиқаздар қонақтайды. Жақында Нұра елді мекені жанындағы Қорашы деген көлге қоқиқаз қонды. Алайда Қорашыдағы қоқиқаздың түсі ақшылдау. Өйткені қоқиқаздардың сүйікті қорегі – тұзды көлдерде болатын артемия салина құрты. Осы құрт қоқиқазға алқызыл түс береді. «Біздің жеріміздегі көлдердің суы тұщылау болғандықтан, қорегіне байланысты құстың түсі өзгерген деп ойлаймыз. Бірақ қоқиқаздың осы жақта жұмыртқалайтынын, не ұшып өтетінін анықтай алмай жатырмыз. Олар мүмкін өздері қонақтайтын Шалқартеңіз көлі ортасындағы батпақты терең сордағы қамыс арасында жұмыртқалайтын болар», дейді Ә.Әбдірахманова.
Резерваттағы Алабұғалыкөлді қызғылт және бұйра бірқазандар мекендейді. Бірқазан да – «Қызыл кітапқа» енгізілген құс. Бірқазанның жемсауына 8 килоға дейін балықты толтырып алып, бір жерден екінші жерге ұшып барып, басқа құстармен қорегін бөлісетін қасиеті бар.
Малайдар көлі – қоңыр қаз, ақбас үйрек, сыбырлақ аққу, сұңқылдақ аққу сияқты жойылу қаупі бар су құстарының мекені. Сары тұмсықты сұңқылдақ аққу – жұмыртқасын жеп қоятын жыртқыш құс. Сыбырлақ аққудың тұмсығы қызыл болады. Сондай-ақ резерват көлдерінде балшықшы, шалшықшы, ақбас тырна сияқты су маңы құстары құс базарын қыздырады. Дуадақ, қыран, безгелдек, қарақұс сияқты дала құстары да осы жақта. Салмағы кішігірім қозымен бірдей дуадақ өте сирек жағдайда көрініп қалып жүр. Құстардың есебі инспекторлардың мамыр және күз айларында өзен-көлді бақылап, құстардың ұялары мен жұмыртқаларын санауы, жылдық есептерді талдауы негізінде шығарылады.
Резерватта өсетін 423 өсімдік түрінің 30-ы – дәрілік, төртеуі – эндемик. Мұндағы сирек кездесетін өсімдік түрлерінің бәрі – Биберштейн, Леман, қосгүлді деп аталатын ерекше қорғауды қажет ететін қызғалдақтар. Белгілі бір аймақта ғана өсетін балықкөз, жусан және сүттіген сияқты эндемиктер де бар. Дәрілік өсімдіктер санатындағы түйежапырақ киіктердің төлдеу науқаны кезінде гүлдеп, ерте қурайды. Қуарғанда сары түске боялатын түйежапырақ астына киіктер жаңа туған төлдерін жасырып қойып, жыртқыштардан қорғанады. Киіктер лақтарын өріске алып кеткеннен кейін түйежапырақ та өсуін тоқтатады. Сондай-ақ Атанбасы алқабында өте ежелгі өсімдік – тораңғыл мен сексеуіл өседі. Резерват аумағында бауырымен жорғалаушылардың 14 түрі, балықтардың сазан, мөңке, алабұға, табан, шортан, оңқа, тоңқа, аққайраң сияқты 8 түрі кездеседі. Сәуірдің соңынан маусым айының басына дейін уылдырық шашып жатқандықтан, балық аулауға рұқсат жоқ. Қыста инспекторлар балықтарға ауа баруы үшін ойықтар ойып, оның ортасына қамыс түтік салады.
Аң-құсқа жайлы мекен болған Торғай үстіртінің етегіндегі «Ырғыз-Торғай» резерваты – ішкі туризмнің бір бағыты болуға сұранып тұрған жер. Тек туристер тартуға инфрақұрылымның әлсіздігі, қонақүйлердің, кемпингтердің болмауы қиындық келтіреді. Соған қарамастан осы мекеме қызметкерлері резерват аумағында Малайдар, Торғай-Нұра, Шалқартеңіз көлдері бағытына үш маршрут ашқан.
«Өткен оқу жылында жылы Малайдар көлі жағына Ырғыз ауданының 500 оқушысын апардық. Ол жақта тек шағын ғана бір үй тұр, тамақтанатын, жатын орындар салынбаған. «Торғай-Нұра» маршрутын аштық, қоқиқаздарды көрсетуге апарайық десек, ол жақта инфрақұрылым мүлде жоқ. 2021 жылы Шалқартеңіз бағытын аштық. Бірақ ол жаққа жол қиын, әрі алыс. Адамдар Шалқартеңіз жағына жер астынан ыстық су қайнап шығып жатқан емдік қасиеті бар бұлақ үшін барады. Алайда «Ыстық атпа» Ырғыз елді мекенінен 506 шақырым қашықта. Оған жол талғамайтын көлік болмаса, басқа көлік жете алмайды. Онда да белгілі бір жерге дейін барып тоқтаймыз да, әрі қарай жаяу соқпақтармен кетеміз. Бірақ біз осы маршрутпен тек күніне 6 адам ғана апара аламыз. Өйткені соқпақтарға ауыртпалық түспеуі керек. Табиғатын жаяу тамашалап, жер астынан шығып жатқан атпа бұлақтың суына түсіп, кері қайтады. Осы маршруттармен табиғат аясына шығамын деушілерді резерват қызметкерлері 31 маусымнан бастап желтоқсанға дейін апарады. Адамдар өздері бара алмайды, өйткені ерекше қорғалатын аумаққа кіруге қатаң тыйым салынған», дейді резерват маманы Шынар Ақашова.
Ақтөбе облысында ішкі туризмді дамыту жүйелі жолға қойылмаған. Оның негізгі себептері – жол инфрақұрылымының әлсіздігі, туристерге арналған жатын орындардың салынбауы мен тамақтанатын орындардың жоқтығы. Осы мәселелер – ішкі туристік маршруттарды ұйымдастыруға үлкен кедергі. «Ырғыз-Торғай» резерваты табиғатты жаяу аралап, ашық аспан астында түнеп, шатырларда қонуға әзір азаматтар үшін жақсы демалыс орны болуға лайық жер болса да, осындай кедергілердің кесірінен тартымдылығын жоғалтып отыр.
Ақтөбе облысы