Қоғам • 15 Мамыр, 2023

Депутат бала асырап алған отбасыға ай сайын 1 миллион теңге төлеуді ұсынды

802 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балалар үйінде айына бір бүлдіршінге бөлінетін қаражатты асырап алғысы келетін отбасыға бағыттау керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қарақат Әбденнің Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат бала асырап алған отбасыға ай сайын 1 миллион теңге төлеуді ұсынды

«Бұрынғы кездермен салыстырғанда, бұл біршама жақсы көрсеткіш. Енді осы үрдісті бәсеңдетпей балаларды отбасыларға орналастырудың жолдарын дамыту керек. Қазір жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыға берудің бірнеше формасы бар: бала асырап алу; қамқоршылық; патронаттық тәрбие; патронаттық жанұя. Оның қатарында кәсіби немесе фостерлік отбасыларды құру бастамасы да бар. Бұл жоба да еліміздегі балалар үйінің санын азайтуға бағытталғаны белгілі. Осы орайда пилоттық форматта іске қосылған бұл жобаның қазіргі жағдайы қандай? Арнайы дайындықтан өткен фостерлік отбасылардың саны артты ма? Еліміздегі жетім балаларды орналастыруға шамамен 500 фостерлік отбасы қажет деп көрсетілген», деді депутат. 

Еліміз бойынша қазір сәбилер үйінде 707 бүлдіршін тұрып жатыр, ал балалар үйінде 4916 тәрбиеленуші бар.

«Көп жағдайда балалар үйінің жетекшілері асырап алғысы келетіндерге немесе патронаттық отбасыларға оларды беруге ниет білдірмейді. Бас прокуратура мен бала асырап алу жөніндегі агенттік тарапынан жүргізілген тексерістің нәтижесінде тіпті бала асырап алуға қарсы жасанды кедергілерді ойлап тапқан жетекшілер де анықталды. Өйткені әр балаға мемлекеттен көлемді ақша бөлінеді. Мысалы, балалар үйіндегі бір бүлдіршін үшін мемлекеттен айына 1 миллионға жуық қаражат беріледі. Осы қаражатты бала асырап алғысы келетін отбасыларды қолдауға бағыттасақ, бала үшін бұл әлдеқайда пайдалы болары анық», деді Қарақат Әбден.