Дәлірек айтқанда, депутат келесі мәселелерді қарастыруды сұрады:
- ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға міндетті медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет атынан жүзеге асыру;
- ядролық сынақтардан зардап шеккен, бірақ елдің басқа өңірлеріне көшіп кеткен азаматтарға заңнамамен көзделген барлық құқықтар мен жеңілдіктерді ұсыну;
- зардап шеккен азаматтарға берілетін үстемеақылардың барлық түрлерін екі есеге ұлғайту және жыл сайынғы қосымша еңбек демалысын төлеуге мемлекеттік қолдау көрсету;
- барлық зардап шеккен азаматтарға толық кешенді медициналық тексеру жүргізу және медициналық оңалту ұйымдарда емделуін қамтамасыз ету;
- оңалту орталықтары мен мамандандырылған шипажайлардың санын көбейту.
«Зейнетақыға үстемеақы алу құқығы төтенше радиациялық қауіпті және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқандарға және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға берілген. Ал радиациядан зардап шегіп, басқа аймақтарға көшіп кеткен және зейнетке 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін шыққандарда бұндай құқық жоқ. Қосымша еңбекақы және жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс тек қана зардап шеккен аймақтарда тұрып жатқан азаматтарға ғана беріледі. Басқа аймақтарға көшіп кеткен азаматтар бұл құқықтармен қамтамасыз етілмеген. Барлық жұмыс берушілер жыл сайынғы қосымша демалысты төлей алмайды және басқа да қажетті төлемдерді толық қамтамасыз етпейді, себебі бұл үшін қаржылық мүмкіндіктер жоқ», дейді депутат.
Депутаттың сөзінше, зардап шеккендердің барлығы уақтылы медициналық тексерістен өтпеген және оларға тиісті диагностика жасалмаған. Оңалту орталықтарында да ем алу қолжетімсіз.
Сонымен қатар, депутаттың мәліметіне сүйенсек, жиі көтерілетін мәселелердің бірі - зейнетке шығу жасын төмендету. Оған қоса, зардап шеккен азаматтардың көпшілігі тұрақты жұмыс орнында еңбек етпейді. Осыған байланысты, олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлей алмайды.