Қазақстанда 2009 жылдан бастап іске қосылған «Дипломмен ауылға» жобасы бүгінгі күнге дейін жұмысын жалғастырып келеді. Жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан маманға 100 АЕК, яғни 345 мың теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы беріледі. Ал тұрғын үй сатып алу үшін 0,1 пайызбен (15 жылға) 15 500 АЕК, яғни 5 млн 200 мың теңгелік несие түрінде әлеуметтік қолдау шаралары көзделген. Өз міндеттемесін орындап, 3 жыл ауылда жұмыс істеген мамандар тиісті мерзім аяқталған соң жүгін буып-түйіп, қайтадан қалаға көшіп кетіп жатыр.
«Ауылға көшкен жас мамандар бағдарламадан айнып, қалаға қайтып кетудің салмақты себебі - тұрғын үйді сатып алу қиындықтары мен орталықтандырылған су, газ, жылу жабдықталуының жоқтығы. Нәтижесінде көптеген ауыл тұрғындары әлі күнге дейін тәжірибелі мұғалімсіз, білікті дәрігерсіз отыр. Мемлекеттен бөлінетін бір реттік 345 мың теңге неге жетеді? Қазіргі ауылдағы азық-түлік қаладағы құнмен бірдей. Үйге деп бөлініп берген 5 млн теңгеге үй сатып ала аласыз ба? Әлде жоба шеңберінде ауылға көшіп барған маман сол ауылда квартирант болу керек пе?», деді «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» фракциясының мүшесі Наурыз Сайлау.
Осы орайда депутаттар ауылдық жерлерге барған мамандарға жағдай жасау мақсатында келесі ұсыныстарды алға тартты.
- Мамандарға берілетін бір реттік көтерме жәрдемақыны әр отбасы мүшесіне, яғни адам басына мың жарым АЕК - 500 020 теңгеге дейін арттыру;
- «Дипломмен ауылға» бағдарламасының критерийлеріне түзету енгізу. Атап айтқанда, жас мамандарға тұрғын үй үшін 5 млн кредит бергенше, жаңа үйлер салып беру немесе тұрғын үй сатып алуға және салуға берілетін несие мөлшерін ауылдың, елді-мекендердің географиялық орналасқан жеріне байланысты 3 мың АЕК - 10 млн теңгеге дейін ұлғайту.
- Бағдарлама аясында ауылдық жерлерге баратындардың 70%-ы жас отбасылар болғандықтан, міндетті еңбек өтілімін 3 жылдан 5-7 жыл аралығына дейін ұзарту.
- Бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған моноқалалар мен шағын қалаларды ұсынысқа енгізу.
Аружан НАҒАШЫБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті