Әлем • 15 Мамыр, 2023

«Мокко» циклоны: Мьянмада 6 адам қаза тапты

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бангладеш пен Мьянма жағалауында кейінгі 20 жылдағы ең күшті «Мокко» циклоны көтеріліп, Мьянмада алты адамның өмірін қиды, деп хабарлайды Egemen.kz BBC News-ке сілтеме жасап.

«Мокко» циклоны: Мьянмада 6 адам қаза тапты

BBC News-ке жергілікті тұрғындардан түскен ақпарат бойынша, батыстағы Ракхайн штатының астанасы Ситтва қаласының 90%-ға жуық аумағы қираған. Бирман әскері Ракхайн аумағын тұтастай апат аймағы деп жариялады.

Жексенбі күні кешке циклон әсері Бангладеште бәсеңдеді, ол айтарлықтай залал әкелмесе де, елде көшкін мен су тасқындары әлі де тіркеліп жатыр. Бангладеште зардап шеккендер туралы әзірге ақпарат жоқ.

Дауыл Мьянмаға қатты әсер етіп, үйлер қирады. Ракхайн штатында электр тарату желілері үзілді.  Елдің метеорология қызметінің хабарлауынша, циклон ел аумағынан сағатына 209 шақырым жылдамдықпен өткен.

Жергілікті БАҚ ағаштардың құлауы салдарынан 14 жастағы баланың қаза тапқанын хабарлады.

Электр желілерін тарату мен сымсыз байланыс Мьянманың Ситтва қаласының көп бөлігінде бұзылды. Интернетте жарияланған кадрлардан үйлердің шатыры ұшып, телекоммуникация бағандары қирағанын, ал жарнама тақталары нөсер жауын кезінде жұлынып кетіп жатқанын көруге болады. Ал, жергілікті билік BBC News-ке циклон 1 300-ден астам баспананы, 16 мешіт пен оқу орталықтарын қиратқанын хабарлады. Лагерьлерде ағаштар құлап, екі рет көшкін болды. Кейінгі деректер бойынша, ондағы адамдар аман.

Синоптиктер Мокко циклоны кейінгі жиырма жылдықтағы ең күшті дауыл болуы мүмкін екенін ескерткен. Циклон басталмас бұрын Бангладеш билігі 750 мыңға жуық адамды эвакуациялады. Сондай-ақ жақын маңдағы әуежайлар жабылды, балықшыларға жұмысын тоқтатуға бұйрық берілді. Қауіп төніп тұрған өңірлердегі адамдар үшін 1 500 баспана дайындалды.