Дәстүрлі білім жарысының облыс орталығындағы Абай мектебінде өтуі де рәміздік мәнге ие. Былтыр өңірде төрт бірдей мектеп қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының есімін иемденген. Енді «Абай оқуларының» облыстық кезеңі жыл сайын осы мектептердің бірінде ұйымдастырылады.
Байқауға қатысқан оқушылар Абайдың «Қарасөздері» мен өлеңдерін жатқа, ал ақын шәкірттерінің шығармаларын мәнерлеп оқудан жарысқа түсті. Мектеп мәжілісханасында өткен Абай әндерінің сайысын бөлек бір мереке дерсіз. Білім жарысына жас ақындар да қатысып, ұлы ақынға арнаған өлеңдерін оқыды.
Байқау қорытындысына келсек, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты ақындар сайысында «Торласа ой-санамды тұмандай күн, Абайдың әлемінен сыр аңдаймын» деп толғаған, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназияның оқушысы Арман Әміров озып шықты. Ал «Абайдың қарасөздері» аталымы бойынша Арқалықтағы Бейімбет Майлин атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Нұрайым Нұрбекқызы жеңімпаз атанды. Абайдың ақын шәкірттерінің шығармаларын нақышына келтіріп мәнерлеп оқудан да Арқалық қаласының оқушылары озық шықты. Бұл аталымды Арқалықтағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Ақсезім Спанова жеңіп алды. Абай әндері бойынша өткен сайыста Қостанайдағы №15 мектептің 9-сынып оқушысы Арнұр Қуандық алдына жан салмады.
Білім басқармасына қарасты «Қостанай дарыны» өңірлік оқу-әдістемелік орталығының маманы Гүлнәр Ерғалиеваның айтуынша, облыстық байқаудың жеңімпаздары алдағы уақытта республикалық Абай оқуларына қатысады.
Қостанай облысы