16 Шілде, 2014

Қарлығаш неге жылады?!

809 рет
көрсетілді
47 мин
оқу үшін

әшірбек сығайДездемонаны ойнауға ғұмыры жетпеген талантты актриса жайлы хикая

Иә, Қарлығаш, сен неге жыладың со жолы. Егілдің ғой әбден. Есімде қалғаны – бұлаудай болған қос жанарың... Танадай жарқыраған тостаған көздерің шарасынан шығып кетердей-ақ, қос иығың селкілдеп өкси жылағаныңды осы кезге дейін ұмыта алар емеспін. Жергілікті облыстық театрда актрисалық қызметте екенсің. Бірақ, біраз күндік іссапарымда сені сахнадан көре алмадым. Мен үшін түсініксіз жағдай осы болды. Көрік-келбетке мол, табиғатынан талантты, бойшаң да сұлу жүзді курстасымның өнердегі болашағынан көп нәрсе күткенім рас-тын. Консерваторияның актерлік бөлімінде бірге оқыған жастық жылдарымыз-ай! Тұлымың желбіреп, қашанда жарасымды киінер тал бойыңнан бір мін таппай бозбала біткен жолыңда құрақ ұшқанына өзім куәмін. Ақсұрлау келген пішімді жүзіңдегі ұсақ сепкілдер онсыз да көз баурайтын сүйкімді кескініңді риясыз нұрландыра түсер еді. Көпшіл едің... Ойын-сауық десе ұшып тұрар думан­шыл едің. Біздің топта оқитын өзің теңдес қыздардың арасында өзіңді тым еркін ұстадың. Иә, айтпақшы, құр­быларыңнан гөрі, ұлдарға жақынырақ жүрдің. Оның себебін сонау Семей өлкесіндегі алыс ауылдардың бірінде кемпір-шалдың шаңырағында жалғыз өскеніңмен түсіндіруші едің. Еркелігіңді, еркекшора ашық мінезіңді, алақұйын алқын-жұлқын жүріс-тұрысыңды біз ұлдар жағы қоштап-қолдап, сенің тосын әрекеттеріңе түсіністікпен қарап, күліп қана қоятынбыз. Ал қыздар жағы сенің апыр-топыр қылықтарыңды ерсілікке балап: «Ту-у, Қарлығаш-ай, тыныш жүрсең етті» – деп әлсін-әлсін ауыздары жыбырласып қалысатын. Оған қыңа қоя­тын Қарлығаш бар ма? – Әй, ұлдар кеттік, менде азды-көпті тиын-тебен бар. Тамақ әперем, деп саңқылдай жөнелетін. Ашқұр­сақ жүрген студент ұлдарға бұдан артық қандай қамқорлық керек. Соңынан дүрлігісе еріп, кете баратынбыз. Ортамыздағы жастары ересектеу Құман мен Ерсайын сен әперген «гуляшты» азсынып, тағы да сенің есебіңнен бірер саптыаяқ тобылғы түстес орыс сырасын да қылғытып үлгеретін. Курстың кенжелері Мұрат екеуміз де ас ішіп, аяқ босату жарысында ешкімнен кем түспеуші едік. Әшірәлі ғана қашандағыдай сабырлы. Сыпайылығынан танбайды. Онысы түсінікті де. Республикаға еңбегі сіңген бір әдемі актрисамен әмпей-жәмпей боп жүрген. Қазы-қарта қарбытып жүрген кісінің «гуляшпен» ымыраға келмесі белгілі ғой. Ішімізге ел қонған біздер әндете жатақ­­ханаға көңілді оралар едік. Қар­лы­ғаш қасымызда. Біз үшін одан қадір­лі жан жоқ. – Әй, ұлдар, – дейді ол, жаудың бетін қайтарған Жанна Д` Арктей жұлқынып. – Давай, келесі жексенбіде Көктөбеге кетіп қалайық! Әнеукүнгі бір фильмнің көпшілік сахнасына қатысқаным үшін кеше аз-кем ақша алғанмын. Соның төбесіне су құяйық! Келістік пе, ұлдар, – дейтін ол әр сөзін нығарлай сөйлеп. Таң атып, тауық шақырмай тұрып, бөлмеміздің есігін сан рет қағып, ұйқымыздан оятып, сабаққа уақтылы баруымызды да қалт жібермей қадағалайтын осы өзіміздің Қарлығаш-ты. Мамандық бойынша өтілер дәрістен бөлек пәндерге бас ауыртып жатар ол жоқ. «Саяси экономия», «Философия» деген сөздерді естісе-ақ, төбе шашы тік тұрар еді. «Иттің етінен жек көрем соларыңды» –деп сарнай жөнелетін. Есесіне аса думаншыл. Сауықшыл. Көңілді кештерді керемет жақсы көрді. Жастар бас қосқан жиындарда ортаның сәні де, гүлі де біздің Қарлығаш. Әлия екеуі қатар тұра қалып қазақтың лирикалық ғашықтық әндерін қос дауыспен сызылта шырқай жөнелгенде жігіт біткеннің ауыздарынан су сорғалайтын. Біздің кездердің «модный» билері «твист», «шейктің» түбін түсіретін. Вальс ырғағымен көйлегінің етегі желбіреп дөңгелей жөнелгенде жоғарғы курс жігіттерінің өздері әуеннің екпінінен жаңылысып, Қарлығаштың «шаңына» ілесе алмай сүрініп-қабынып жатары еш қоспасыз шындық еді. Қайран, парталасым, ұяласым Қарлы­ғаш! Қай қылығыңды айтып тауысайын. Әсершіл ең. Сезімге берілген қияли мінез-құлқың өзіңе біртүрлі жарасып тұрушы еді. Эмоцияң өзгеше еді. Өзің жүрген жер қашанда көңілді күлкі, күтпеген оқыс оқиғаларға толы. Бар жаңалықты сенен естуші ек. – Әй, ұлдар, әлгі бізден екі курс жоғары оқитын, шығыс әндерін тамылжыта орындайтын әдеміше жігіт Рустем Нұсқабековті «оркестровыйдың» студенті Гукасян пышақтап кетіпті. Неғып жатырсыңдар, түге, түгелдей тұрыңдар, –деп, актерлік кәсіп түлектерін тегіс көтерген-тін бір­де. На­мысқа басып, қызарақтасып-ақ қалғанбыз. – Сол бір Рүстем, өзіңе сөз айтқанда көз қырыңды да салмап едің. Енді кеп, таң атпай жатақхананы басыңа көтеріп, ұйқымызды шайдай аштың, –деп бұр­қыл­даған-тын Ерсайын ең шеттегі кереуе­тінен амалсыз көтеріле беріп. Бірақ, ешкім де, ешқайсымыз да оған қатты ренжімейтінбіз. Айтқанына илігетінбіз. Сол жолы да оның сөзі расқа шықты. Әлденеге ерегісіп қалған екі студенттің бірі қолына түсе кеткен нан турайтын пышақты оқыс сілтеп қалған. Әлбетте, пышақ ұшы Рүстемнің жанды жерін әжептәуір жырып кетсе керек. Рүстемді жедел емханаға аттандырып, Гукасянды жатақханадан қуып салғанымыз бар. Музыканттар мен актерлердің арасы салқын тартып, тіпті өзара шекісіп те қалғанбыз. Гукасян сол кеткеннен мол кетті. Пәтерге шығып алды ғой деймін. Рүстем ағамыз қатарға қайта қосылып, актерлік дипломын алып, шырайлы Шымкент театрына жол тартып кетті. Қызыл шырайлы, жігіттің өңдісі еді. Осы күнгі танымал әнші Ақжол Мейірбековтің туған ағасы-тын. Бой десе бойы, ой десе ойы бар келісті жігіт. Көркем қыздарға ән арнауда алдына жан салмайтын. Қарлығашқа қырындағанынан да хабардармыз. Басы бос, бойдақ жігіттердің, (оның үстіне өнер адамдары болса) жан желігіне кім шүбә келтірер. Бұл Қар­лы­ғашқа сол Рүстемнің курстас­тары Тынымбек те, Болат та емеурін білдіріп, жиі-жиі биге шақырысқан. Бірақ, одан түк шықпаған. Әлгі жігіттер ақырында өз теңдерін таңдап тауып, бірі Қызылордаға, бірі киностудияға актерлік қызметтеріне кете барған. Соншама жігіттердің «тырнағынан» сытылып шы­ғып, сықылықтай күлген, көңілді күйі­нен айнымаған Қарлығашымыз ортамызда. Оқуымызды жалғастырып жүріп жаттық. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы біздің шәкірттік дәуіріміз де түгесілуге шақ қалған. Ұс­тазы­мыз атақты актриса Хадиша Бөкеева Қарлығашқа ескерту жасауды жиі­лете бастады. – Оқуың бітуге таяу, алдыңда дип­ломдық жұмыс тұр. Аптығыңды баспаймысың, ұлдарға еріп алып, қашан көрсең дүрлігіп жүргенің. Кеше көріп қалдым, Әуезов театрының бір топ жас актерлерінің арасында шек-сілең қата, есің шығып тұрсың. Саған әлі ертерек емес пе? – дейді, қайран бапкер шәкіртін жайсыз жүрістерден сақтандырғандай. – Осы кісінің мен турасындағы көз­қарасы аса оңды емес. Қыздардың бірі құтыртып жеткізеді ғой деймін. Ылғи да сендермен жүретінім сол ғой, ұлдар. Мені тастамаңдаршы. Қыздардың қыжыртпасына шыдай алмаймын. Да ну их! – деп, шала бүлінеді Қарлығаш. Сөзін­де жан бар. Оның еркекшора мі­незін, ерсілі-қарсылы айта салатын қай­сыбір кереғар сөздерін қыздар жағы жақ­­тыра бермейтінін білеміз. Әсіресе, Рахилям мен Ғайникамал ұнатпайды. Өйткені, Қарлығаш ойындағысын ірікпей, айтып салады. Обалы қайсы? Ақкөңіл. Пейілі таза. Ойы мөлдір. Көп сөздері шындыққа да саяды. Әттең, дипломатия­сы кемшін. Кейбір күндері бір жерден шәй іше салар әдеттері бар емес пе, студент қауымының. Сондай бір отырыста, Қарлығаш Ғайникамалға ойындағысын (әдетінше) батыл айтып салған. –  Әлгі саған келгіштеп жүрген сақал­ды суретшіңнің жүрісі суық. Саған тең емес. Опа қылмасы анық. Ажарына қызы­ғып, арандап қалма. Дон Жуанның өзі! Ғайникамал анау-мынауға көтеріле қоймайтын салмақты қыз. Өзі медицина институтын тастап, актрисалық арман жетегінде консерваторияға келіп киліккен романтик жан. – Қарлығаш, сен өзіңді жөндеп ал! Әкеңдей кісімен ілінісіп жүргеніңді сезбей жүр ғой деймісің. Бүкіл өнер ортасы хабардар оныңнан,– деп әншейінде оңайлықпен сөзге аралас­пайтын Ғайныш та (оны кейде солай атайтынбыз) шап ете қалған. Ғайныш жанды жерден қол салды. Қайтсін! Жатқан жыланның құйрығын басқан Қарлығаштың өзі. Ғайныш айтқандай, Қарлығаш та бір күтпеген драманың сюжетіне татырлық іс бастап жүрген-ді. Үлкен театрымыздың көркі десе болар­лық, келісті де көрікті, махаббат, ғашық­тық рөлдерінің хас шебері, халық әртісі дәрежесінде жүрген, алпысты алқымдап қалған сақа актермен оңашалау қыдырып жүргенін көзіміз шалып қалған. Шалып қалғаныңыз былай тұрсын, әлгі ақ шашты, сұлу жүзді, қолдан қашалған мүсін тәрізді, тік денелі ағамызды ымырт мезгіл­дерінде жатақхана жанынан да ұшыратып жүрдік. Ұшыратқаныңыз не, о кісімен жалбақтай амандасып, жымыңдай жүріп Қарлығашты талай рет сыртқа шақырып бергенін бөлмелес дос Мұрат әр жолы рахаттана әңгімелейтін. Жә, Қарлығаш қарап қалсын ба? Ба­рын­ша ойын жинақтап, әріден сөз бас­тады. – Қыздар, ұлдар! – деді ол, әр сөзіне мән бере. – Мен әлдекімдерге жеңіл ойлы жан кейпінде көрінетін секілдімін. Бәлкім, солай көрінерім де рас шығар. Бірақ, бүкпем де, қулық-сұмдығым да жоқ. Жаңа үлкен кісіні сөз еттіңдер. Бекер. Жаның түсінбегесін жалаулатып жатырсыңдар. Әкеңдей кісі дейсіңдер. Ол кісімен сырласып көрдіңдер ме? Ол ақынжанды, адал адам. Жастығын уақыт жалмаған кісі. Нағыз қызбен қыдырар бозбала шағында нәубетке іліккен. Айдауда болып, абақтыда отырған. Және де бес жыл емес, он жыл емес, табаны күректей он сегіз жыл отырып келген. Жердің түбінде... Ит арқасы қиянда... Несі бар! Жастығын іздейді. Жігітке бергісіз алаулы сезім иесі. Ең бастысы, өмірге деген, әдемілікке деген құштар­лы­ғын жоғалтпаған. Отызға жетпей мыж-мыж болып жүргендер аз ба? Өкі­ніш­ті ғұмыр кешкен қазақтың бір әзиз пер­зентімен сырлас болсам оның несі сөкет. Оған тигелі жатқан, мені алғалы жатқан ол жоқ. Оны несіне әлдеқандай әңгімеге айналдырдыңдар. Жазған өлеңдерін оқиды. Білсеңдер ғой шіркін, поэзиясы қандай мұңлы һәм сырлы. Ақан мен Сырымнан монологтарды толғап бір кеткенде Ақтоқтыдай күрсініп, Қаракөздей егілесің. Нағыз романтик өнер иесі. Лирик актер. Сондай жұмсақ жанды, кемел де кең жүректі сахна серісінің қапыда өткізіп алған өмір өкініштерінің орнын толтыруға титтей де болса үлес қоссам онымды... онымды ерсілік немесе ессіздік деп есептемеймін. Не десеңдер, о деңдер, өнер адамдарын жанымдай жақсы көремін және оларды жасына қарап бағалауды мешеулік деп санаймын, – деді де, Қарлығаш отырған орнынан атып тұрды. Жанарына жас та келіп қалғандай. Жүзі де құбылып, үні де өзгеріп кетті. Көбіміз үнсіз қалдық. Тек курс «философы» атанып кеткен Ерсайын (Ердж дейтінбіз) ғана – Риторика! Демагогияның иісі аңқиды,–деді, өзінің тік сөйлейтін новосібірлік орыс мінезіне басып. Құман мен Әшірәлі онымен келіспеген сыңайлы «Сен не дейсің топ старостасы»–дегендей екеуі де маған ежірейе қарады. – Бөкеева естімесін! Қарлығаштың дип­лом қорғауы қиындап кетуі мүмкін. Кафедра, деканат басшылары дәл осыдан саясат жасап жүрмесін, – дедім, парталастарымды сақтандырып. – Түкіргенім бар! Өз еркім өзімде. Әлдекімдер сияқты бо­ла­­шағымды күні бұрын есеп-қисапқа құр­ғым жоқ. Алматыда қалатындарға тілерім тек сәттілік! Мен өзімді қарт Се­мейімнің театры жатсына қоймас. Мұнда бәрімізге орын қайда? Ол жақтарда да біреулер жұмыс істеулері керек қой, –деді, Рахилям, Құман, Әшірәлі, Мұрат, Ерсайын, Ғайникамалдарға бұрыла қарап Қарлығаш. Шынында да, жоғарыдағы курстастарымның көбі Алматы театрларына орналасып үлгерген еді. Қарлығаш туралы айта берсем сөз көп. Бірде ұлымыз бар, қызымыз бар кезек­ті бір отырыстан жатақхананы бетке алып жаяу-жалпы жөңкіліп келе жаттық. Алматы көктемінің құлпырып гүлге оранған кезі. Түннің бір уағы екендігінде шаруамыз шамалы. Шәмші әндерін шамырқана шырқап, қала көшелерін шарлап келеміз. Шіркін, жастық-ай! Қорқу, үрку ойға келсейші! Жігіттер жағы шараптың буына желпінісіп алған. Қыздарымыз қасымызда. Сол кездері «Қыз Жібектегі» Төлеген рөліне түсе бастаған Құман ортамызда. Сырнайын құлаштай созып «Бақыт құшағынданы» бебеу қақтырып келеді. Бәріміз де әдемі әннің ырғағына тербеліп келе жатқанда, денешынықтыру институтының маңында кездейсоқ бір топ жігіт біздермен ай-шай жоқ байланыса кетсін. Біздің де жігіттік намысымыз «атып-ақ тұрсын!». Олар ішкен шараптан біз ауыз тиген кермек сусын кем бе екен? Тіке тіресе кеттік. Курс­тас қыздарымыз ұлдарды қорғаштап шырылдап жүр. Аналар да спортпен айна­лысып, тығыншықтай денелерін қайда қоярын білмей жүрген қулар екен қыз­дарымызға қырындап біздерді бұйым көрер емес. Жастықтың күші қойсын ба? Біздердің де айылымызды жия қояр түріміз жоқ. Текетірес ушығып бара жатты. Құман да ірі денелі жігіт. Қалғандарымыз да кон­серваторияға дейін майысып кесте тігіп жүргеніміз шамалы, алыс-жұлыстың түр-түрін көріп, жұдырық сілтеуді әрқа­лай меңгерген, шаңға аунап төбелесіп үйренген ауыл балаларымыз. Ештеңеден тайсалар жай жоқ. Спортшылар екен-деп ығудан адамыз. Неде болса көріп алдық. Сол сәт жұтынған, жаланған сұңғақ бойлы, ажарлы бойжеткен арашаға түсе кетсін. Бұл кәдуілгі өзіміздің Қарлығаш-ты. Өйтіп-бүйтіп құрбыларын анадай жерге апарып иіріп қойып, жалма-жан бізге оралған беті екен. – Әй, спортшы ұлдар, –деп саңқ ете қалды. Мығым шық­қан ащы даусы қараңғы түнді жаңғыр­тып жіберді. Сендер білесіңдер ме, кім­дермен ұстасып тұрғандарыңды. Бұлар төбелестің адамдары емес, бұлар өнер оқуының нәзік жүректі болашақ дара тұлғалары. Мына тұрған Құман Тас­танбеков ертеңгі Төлегендерің. «Қыз Жібек» фильмінің түсіріле бастағанын есіткен боларсыңдар. Бекежан Төлегенді өлтіріп Жібекті бір рет жесір қалдырып еді. Енді сол Төлегенді екінші рет өлтіріп, (анадайда тұрған қыздарды нұсқап) ана тұрған Жібектердің біреуін тағы да зар қақтырмақсыңдар ма? Жайымызға күліп-ойнап келе жатқан біздің топқа өздерің келіп киліктіңдер. Тиісерге қара таппай алақандарың қышып, күштерің тасып бара жатса, қане, мына менімен жекпе-жекке шығатының бір қадам алға шық! Жігітің қайсы, мігітің кім? Мықтыларың менімен ұстас!–деп алдымызға кесе көлденең тұра қалсын! Қозғалуымызға мұрша берер емес. Естілеу, ересектеу біреуі: – Консерва­то­рияның студенттерімен спорт шебер­лері төбелесті деген сөз біздерге абырой әпере қоймас. Жігіттер. Құман Тас­­­тан­­бековті естігемін, Төлегенді тө­мен­­шіктеткеніміз мәрттік болмас. Бұ­­ларың да қайтуы қиын, қайсарлар екен! Одан да танысайық, достасайық, қарындас, – деп Қарлығашқа қолын соза берді. Шошаңдаған қасындағы біреуі: – Қасарысқандары үшін де сазайларын беру керек еді, – деп жұдырығын алып алға ентелей беріп еді, әлгі мағыналы сөз бастаған гүжбен қара оны бір қолымен салып жіберіп, шалқасынан түсірді. Қанша дегенмен жастар емеспіз бе? Лезде шүйіркелесіп, татуласып кеттік. Құ­ман­мен тонның ішкі бауындай танысып үлгерген баяғы гүжбен қара кейіннен есімі елге белгілі боксшы атанды. Бапкерлікпен де айналысты. Жақын боп кеттік. Сол сәттерді еске алып күлі­сіп жүрдік. Ұмытпасам, кейіннен Қар­лы­ғашты іздеп консерваторияның жатақ­ханасына келіп-кетіп те жүрді. Міне, біздің Қарлығаштың шынайы портреті. Қызылбастарға қарсы тойтарыс берген Тұмар ханым (Томирис) дейсіз бе? Ағылшын басқыншыларынан титтей де тайсалмаған француздың батыр қызы Жанна Д` Арк дейсіз бе? Өзіңіз безбендей беріңіз. Қарлығаштың сол жолғы тапқырлығы, батылдығы екі жақты да ыңғайсыз жанжалдан аман сақтап қалды. Тырнақтай қыздың арыстарды бітімге шақырып, бұл­шық еттері бұлтылдаған жуан жұды­рық бозбалаларды сабасына түсіруі – қалайда, ерлік. Қазақ қыздарына тән жақсы жоралғы еді. Қалтырап-дірілдеп, жылап-сықтау табиғатында болмағаны ғой. Сол мінезімен өтті өмірден Қарлы­ғаш. Жағынып, жалбақтап жатпаушы еді. Әйтпесе, әртүрлі пәндерден дәріс оқыр жас мұғалімдерге сәл жымиып, көзін төңкеріп жіберсе (және ондайды қаласа, қатырып орындайтыны тағы ақиқат) Қарлығашқа жақсы баға алу түкке де тұрмайды. Бірақ, ол ондай жыл­постық жолдан бойын аулақ ұстады. Өзім дегенге өзегін жұлып берердей жомарт еді. Жалған әрекетпен ұпай жинаған емес. Ұстаздар да пенде емес пе? Арсалаңдаған, аңғал да ақкөңіл қыз көбінше ауызға ілінбей тасада қалып жүрді. Оның тәртібіне күдіктенушілер әр жолы-ақ табылатын. Бірақ, бірге оқып, бірге жүрген біз білеміз ғой. Ол қарапайым кемпір-шалдың отбасында өскен салдырлаған ауыл қызы еді. Шешесі ерте қайтыс болған. Жалғыз қалған әкесін жалғызсыратпай әлпештеумен өтті. Сол жалғызілікті әкесінің жағдайын жасау үшін де Семейге кеткенше асықты. Оның үстіне оған, «қала ғой» деп бәйек болған да ешкім жоқ. Кескіні, көркі, дене-бітімі назар аударуға әбден-ақ тұрар­лық Қарлығаштың дипломдық жұмыстары да анау айтқандай мардымды шықпады. Алғыр қыздың сахналық пішімі өз деңгейінде пайдаланылмағаны даусыз. Ұстаздардың да өздерін жиі төңіректейтіндердің тұтқынында қалары рас. «Сараң», «Кешіккен махаббат» секілді пьесаларда аса шеберлік таныта алмайтындай рөлдерді иемденген Қарлығаш құлашын созып, бауырын жаза алмаған күйі Семей театрына кете барған. Алысыраққа ортамыздан шығандай тартқан Қарлығаш болды. Бәріміз Ал­маты­да қалдық. Қимай қоштасқанбыз. Жігіттер жағы шығарып салдық. Пойызға отырып жатып, жанарындағы жасын жасырумен болған. Танадай көзі боталап, Ерсайынды, Құманды, Мұратты, Әшірәліні, мені өзіне тартып құшырлана кеудесіне қысқаны есімізде. (Әшірәлі мен Ерсайын бертінде бақилық болып кетті.) Ортамызда жүрген Құман мен Мұраттың осы айтқандарымды қуаттайтынына зәредей күмәнім жоқ. Оны ер-азаматқа бергісіз өжет мінезі үшін де жақсы көрдік. Қалтасындағысын қағып беретін. – Әй, ұлдар, үңіреңдеп аш жүрсіңдер ме? – деп сұраудан жалықпайтын кең пейіл Қарлығашты шығарып салып тұрғанымызға біртүрлі кінәлі де сияқтымыз. Тәйірі, Алматыдан бір орын табуға шарасыздығымызды айтсаңызшы! Ол кезде қолымызда не бар? – Әй, Семейге бірінші қайсың іздеп келер екенсіңдер мені, –деп арсалаңдай сықылықтайды ол. Мұрат – семейлік жігіт. – Әрине, мен. Жерлесің емеспін бе, күтуге даярлана бер, –деп, ол да ыржаң қағады. – Әшірбек, сенен режиссер шығарын жүрегіммен сеземін. Тек сенің тұсыңда ғана менің талантым ашылатын секілді. «Отеллоны» қойшы, өлсем де Дездемонаны ойнап өлейін, –деді ол, біртүрлі мұң аралас кейіппен. Онысы күлкіден гөрі өксіктей болып естілді бізге. Сәл үнсіздіктен кейін: – Сендерге қайда жүрсем, тағы да сәттілік тілеймін. Қара да тұр, әлі-ақ шеттеріңнен халық әртісі, қайраткерлер атанасыңдар, мені ұмытып кетпеңдер бірақ, – деп, өзіне біткен жарқындықпен еркелей тіл қатты. Айтқаны келді Қарлығаштың. Құман мен Әшірәлі халық әртісі дәрежесіне дейін көтерілді. Қалғандарымыз еңбек сіңірген қайраткерлер, әртістер атандық. Ерсайын мен Қарлығаш атақ алмаса да адам екендіктерін дәлелдеп мына пәни жалғаннан озды. Өкініштісі – тым ерте көшті. Мұрат болса, Алматы театрындағы жұмыс орнын амалсыз тастап, елдегі қарт әке-шешесінің жағдайын жасау қамымен біржола ауылына кетті. Қазақ сахнасы ғаламат бір комик актерінен көз жазғаны өкінішті-ақ. Талантты жігіт сол күйі ауылда қалып қойды. Таланттар тағдыры әрқалай қалыптасады. Консерватория қабырғасынан ертелі-кеш шыққан небір дарынды қыз-жігіттердің өнердегі өмірлері қалыпты болмады. Болат Әуелбеков, Рүстем Нұсқабеков, Баянғали Қалжаппаров, Болат Күнболатов, Тынымбек Пірімжанов жасындай жарқылдаған ғажап талантты жігіттер еді. Тамаша образдар жасағандарын қалай ұмытарсыз? Бәрі көкейде. Өнерде бірге жүріп, бірге тұрдық. Қазір көбінің көзі жоқ. О дүниелік болған. Еңбектері дер кезінде бағаланбаған сабаздардың көңілдері олқылықтан арылмады. Екі-үш ән айтып, атаққа масайрап жүргендерді олар көрмеді ғой деймісіз. Негізі, драма әртістерінің жолы ауыр. Өмір, өнер жолдары шынымен-ақ драмаға толы. Күнде концерт беріп, теледидарға шыға беру драма әртістеріне бұйырмаған. Әнші, күйші, биші, ең бастысы таза драмалық талант иелері Р.Әуезбаева, Е.Садақбаева, А.Тайғарина сынды тамаша қыздарымыздың сахналық ғұмырлары да кедірлі-бұдырлы болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Осындайда атыраулық актер А.Сұлтанғалиев, режиссер Т. Тұңғышбаев есімдері де жадымызға оралады. Шын өнерлілерін ғана еске түсіріп жатырмыз. Кезінде, солардың сәл шалыс басқан қадамдарын түзесіп жіберудің орнына, олардың шығармашылық тағдырларына жүрдім-бардым қарамадық па екен дегендей ой келеді маған. Қиял адамдарының кейде, жоғары кернеудегі эмоциялық еріктерін тежей алмай жатары да жасырын емес қой. Дәл сол кездерде қол созып, көмектесе қою жағының да аздау болғанын күлбілтелеудің қажеті жоқ сияқты. Осыдан бірер жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Айым­торы неге мұңаяды» атты мақал­ам жұрт­шылық тарапынан зор қызығушылық туғызған. Ол жолы да актерлік күрделі тағдыр жөнінде, алпысыншы жылдары есімі дүркірей шығып, Қызылорда, Шымкент театрларының махаббат героинасы атанған Айымторы Тайғаринаның өмірі, өнері жайында сөз қозғалған еді. Сан сауалдардың астында қалғанмын. Қайсыбір өнер адамдары, соншама тау­сылып жазатындай: «Айымторы не тын­дырыпты?» – деп те тарылған. Көп кешікпей пәленбай жыл сахнадан «жоғалып» кеткен Айымторының өзі мені іздеп келсін. Алматының өнер академиясында қауышып ұзақ әңгімелестік. Жанарына іркілген ыстық жасы толассыз жылтылдайды. Мұңлы да момақан қоңыр даусы жан ауыртарлықтай. – Тындырған түгім болмаса да, мөлдір өнердің тұнығын былғамасам деген ізгі тілекпен руханият табалдырығын имене аттаған ем. Жастықтың мастығымен байқамаппын, сумақай сөз, аяр әрекет жүрегіңдегі бар жылылықтан әп-сәтте жұрдай етер екен. Басқасын қойыңызшы, ал енді өнердің өз адамы, атақты режиссер-педагог ағамыздың тепкісіне төтеп бере алмадым. Облыс орталығына іссапармен бір келгенде, «айтқаныма көне қоймадың» – деп бурадай шабынып, ұжым алдында ойнаған рөлдерімді қара бақырға алғысыз етіп, талқанымды шығара сынап-мінегенде, кірерге қуыс таппай далбасалап қалдым. Алдында ғана, білімдар ұстаз келді, өнердің үлкен білгірі келді, – деп жалбақтағанымды қайтейін. Адамның меселін қайтарып, жас болмысты сындыру түкке де тұрмайды екен. Елге, әріптестеріме қарай алмай аласұрдым. Сол-ақ екен, жандары ашы­ғансып, жүрек жарамды жазғысы келген болып, ыбырлап-жыбырлап, отқа май құйғандар көбейді. – «Бәлем саған сол керек, тарттың ба сазайыңды» –деп сазара түскен бәсекелестер де жетіп ар­тыл­ды. Қойшы әйтеуір, басыңнан бағың таярда не болса сол себеп екен. Тірлігім қырын кетіп, үміт-арманымның берекесі қаша бастады. Айналып келгенде, жастықтың, тәжірибесіздіктің салдары деп түсіндім кейінірек. Ең өкініштісі, сахна сырт айналды. Қарсы күресіп, тағдыр тауқыметтерімен тіке тіресуге тым әлсіздік таныттым. Толқынға қарсы жүзудің орнына оның уысына оңай түстім. Ыға бердім. Шегіне түстім. Ыдыс-аяқ жуып, еден сыпыруға дейін мәжбүр күндерді кештім. Бұл Айымторының мұңы. Тайғари­на­ның жан айғайы. Ал, Қарлығаш Қаби­жанова тартқан құқай да аз болмады. Бәлкім, сонша тәптіштей айтатындай небәрі облыстық театр әртісінің өмірі кімге қызық? – дер біреулер. Сабыр етіңіз! Бұл – өнер хикметі. Шығармашылық сүр­леудің бұралаң хикаясы. Сол баяғы Семейге шығарып салған көріністі ұмыт­паған боларсыз. – Қайсың іздеп келер екенсіңдер демеп пе еді ол. Тәйірі, Семейіңіз Колыма емес қой. Мына тұрған өзіміздің Шығыс өлкесі. Абай, Әуезов жүріп-тұрған киелі мекен. Жай әншейін төрт-бес жыл бірге оқып, қатар жүрген тобынан жырылып, жеке соқпақ сүрлеуіне түсер сәттегі жас қыздың толқынысқа толы қимастық сезімдері емес пе? Сонымен бір жолы қақаған ақ шұнақ аязда Семейге жол түскен. Барған бетте парталасым Қарлығашты сұрастырдым. Театр басшылары шұғыл іздестіріп, тез таба қойды. Әзер таныдым. «Япыр-ай» – деймін іштей таң қалып. Небәрі көріспеген он алты-он жеті жылда қалай өзгеріп кеткен. Көздерінің айналасын әлжуаз әжім айналдырып, маңдай тұс шаштарын бірді-екілі ақ түс меншіктей бастапты. Қайран, бір кездегі қылықты қыз Қарлығаш! Баяғы танадай жарқыраған сүйкімді көздердің от шашып тұрар шуағы солғын тартқан. Күлкісі бұрынғы сәнінен айырылған. Бет-жүзіндегі өзіне ғана жарасып тұрар ұсақ сепкілдері едәуір ұлғайып, Қарлығаш кескін-келбетінің құтын қашыра түскендей. Өткен-кеткеннен сұрастырып қоятын­мын. Әркімдер әрқалай айтатын. – Мазасы жоқ, науқас қарт әкесінің әлегі қажытып жүр. Бір суретшінің етегінен ұстаған секілді еді, оның да баяны болмады-ау! Суретшілеріңіз де қияли қызық халық қой. Қазір қасынан көрмейміз. Шамасы айырылысқан-ау, өздері. Жалғыз ұлын сүйрелеумен әуре. Жұмысының да мәнісі онша емес пе, қайдам? Бұрындары тәп-тәуір рөлдері бар еді, соңғы кездері сахнадан сирек көрінеді. Тіпті, театрдан шығып қалған ба, шығарып жіберген бе, сондай да сыбыс бар ел арасында, –деп қайырар еді, Қарлығашты білетіндер. Міне, сол Қарлығаш алдымда. Театр­дың директоры мен көркемдік жетек­шісі де біздерден көз алмай қарап қалып­ты. – Қарлығаш, халің қалай? Міне, сені іздеп келдім, – деймін, ішкі ой-тол­қы­ныс­тарымды сездіртпеуге тырысып. – Жақсы, – дейді ол жайраңдай күлген болып. Бірақ, тағы да айтайын, күлкісі өзінікі емес. Қиналып күліп тұр. Әлденеге айыпты секілді. Бірдеңені бүлдіріп қойған кінәлі кісідей қипақтай береді. Біресе, басшыларына, біресе маған кезек-кезек абдырай қарап, «осы жерден былайырақ шығайықшы» дегендей пішін танытып тұрғандай. Студенттік жылдарының өзін­де арзандау болса да, қашанда қоным­ды киімдерімен айрықша көзге түсер сергек те сезімтал Қарлығаштың үстіндегісі де көнетоздау тым қарабайыр қысқа пальто. Түсініңкіремей тұрмын. Құшағын жая тұра жүгірер, – деген жақсы ойларым далада қалды. Әйтсе де, сезгендеймін. Ежел­гі өжеттігі ұстап аналардың алдында сыр ашпауға бекінгендей. Қасақана, тәкап­парлау тік мінезін ұмыта алмай тұрғанын аңдап та тұрмын. Соны байқап қалғандай театр басшылары да кері шегіне берген. Қарлығаш та соны күткендей-ақ, «кеттік» – деген тез-тез сөйлеп, мені жетегіне ала беріп. Арқаның сықырлаған ақ қар, көк мұ­зын бұйым көрмеген күйде көп қабат­ты, әбден тозығы жеткен ескі үйдің кетік-кетік баспалдақтарымен жоғарыға қарай көтеріле жөнелдік. Жұпыны (екі бөлме ме, үшеу ме байқай алмадым) тұр­мыс, жа­дау көрініс. Бір бөлмеден күрк-күрк жөтел­ген қарт адамның қарлығыңқы үні келе­ді құлаққа. Мардымды әңгіме бас­тай алар емеспін. Ол шағын асхананы түтін­детіп, әлденені (картоп болар) апыл-ғұ­пыл қуы­руға кірісіп кетті. Ақсақал түпкі бөл­ме­де, тыны­м­сыз жөтелімен алысуын қояр емес. Ұлы бар дегені қайда? Ол көрінбейді. Баяғы гүл жайнаған, жігер күші қайнаған отты да өткір Қарлығашты көз алдыма елестетумен әуремін. М.Магомаевтың дәуірлеп тұрған кездері. Хит әндерді әуелете шырқайтын жұлдызды шақтары. Жатақхананың есік-терезелерін ашып тастап, сырнайға қосылып аңырата ән салатын Құманға ілесіп аққудай сыңситын Қарлығаштың сиқырлы нәзік үні біртүрлі жуан тартып, дөрекіленіп кеткендей. – Осы асханада отыра берейік, сырқат әкейден алысырақ, – деді ол үлкен кісіден әбден мезі болғандай. Сөйтті де, жалаңаш столға сарт еткізіп бір шөлмек ащы суды еш қымсынбай қоя салды. – Отыр! Таң қалатындай ештеңе де жоқ. Ауру әке мен кішкентай бала баққан қатында не сән қалушы еді. Бай кеткен басы ауған жағына. – Әкем 80-нен асқанда лақпа деген ауруға ұшырады. Аңдысып отырамын, не үйді құлыптап, қамап кетемін. Мен келгенше, терезеден секіріп кетер ме екен деген үрей бар санамды байлап-матап алған. Үйден шықса лағып, қаңғып кететін кесел болады екен. Мың рет жоғалтып, мың рет тауып дегендей итшілік өмірмен жүріп жатырмын. Ұлғайған шағында жесір қалған кәрі шалдың жағдайын жасаймын деп, жұмыстағыларға да жексұрын болдым. Репетицияға кешігіп қаламын немесе дәл спектакль жүрер күні балам не әкем ауырып қалады. Солардың тәш-пүшімен жүргенде реті келіп тұрған рөлдерден де сан рет қағылдым. Басшылар да безер болды. Қызметке салғырттық танытқан кісіні кім жақсы көрсін. Оларды да түсінуге болады. Қыз кездегі қызықтың қызуымен келген бетте, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, С.Жүнісов, Ә.Тарази, О.Бөкей, Қ.Мұхамедханов, Д.Исабеков кейіпкерлерінің біразын жамсатып-ақ жүрдім. Ел-жұрт дүрліге қол соқты. Басшылар да қолпаштап бақты. Көре алмай, күйе жаққандар да болмай қалған жоқ. Оның бәріне көндім-ау, шыдадым-ау. Мына әкейдің науқасы жанымды қинайды. Кемпірсіз жесір қалған өзі ауру жалғыз әкемді не істеуім керек? Театр ұжымына сүйкімсіз де боп қалдым. Сенен несін жасырайын, мына зәһармен де жан күйігімді басқан болып, осы пәленің ыңғайына да ойысып кеткен сүреңсіз күндерім өтті. Оның үстіне бозбастау, өзіне-өзі иелік ете алмайтын ішкіштеу біреумен бас қосып, қайғыма күйік жамап алғанымды қайтейін. Әй­теуір, құтылдым. Сөйтіп, шарадай басы шақшадай болған, баяғы небір сылқым жігіттер тілдесуге ынтық болған ерке әпкең (ол менен бір жас ересектігін алға тартып, кейде солай дейтін) мына сүйрік саусақтармен әркімдердің кір-қоңын да жуды. Аяқ киім тігетін фабрикаға барып, етіктің ұлтанын, туфлидің өкшесін де желімдеді. – Серілерге арман болған мына сорлы саусақтар не көрмеді деп, күтімсіздеу қолдарын маған қарай соза берді. – Театрда жүргенде де алатын жалақының көлемі өзіңе мәлім ғой. Қайда барсаң Қорқыттың көрі демекші... Жә, басыңды ауыртып жібердім ғой деймін. – Оқасы жоқ, ит өмір осылайша өтіп жатыр. Бәрібір жарық күнге не жетсін! Қара аспанды төндіріп, көңіл-күйінді әркі-тәркі еткен болармын. Мана өзіңді көргенде, жанарым жарқ ете қалғандай болды. Аналардың көзінше сыр бермеген сыңайым ғой. Өзім таяуда ғана театрға қайта қабылдандым. Саған жақындап барсам-ақ еңіреп жіберетінімді сезгендей, өзімді-өзім тежеп ұстап, осалдығымды білдіртпеген сықпытым ғой, өзімше. Сен де біртүрлі ұқпай қалғандай кейіп таныттың. Қайран ұялас, парталас мәңгілік старостам-ау, келші енді бір құшақтап, туған бауырымдай кеудеме басайын, – деді де ағыл-тегіл жылауға бассын кеп. Қой, дегенімді естір де, елер емес. Бет-жүзін екі алақанымен басып алған. Көп жылғы шер-шеменін шығарып алсын деген оймен мен де кедергі жасамауды жөн көрдім. Жарты сағаттан аса армансыз көз жасын төкті. Әзер дегенде, ақылға келді. Басылды. Мәссаған! Сол екі ортада шал үйден шығып кетіпті. Қайда, қай бағытқа... Біз өткенді еске алып, азан-қазан болып жатқанда, жарықтық қария ашық тұрған есіктен сып ете қалыпты. Сізге өтірік, бізге шын қас-қарайғанша сабылып іздедік. Айналадағы көршілері көрмегендерін айтудан жалығар емес. Ізім-қайым, із-түзсіз жоғалып кеткен науқас қарияны іздеп бүкіл мөлтек аудандардың ауласын аралап шықтық. Еңіреп жүр. Қарлығаш жазғанда ес жоқ. – Айттым ғой, көрген күнім осы, – деп, безек қағады. Мен оны әбден түсіндім. Әйел де болса төзіміне риза болдым. Бір жасөспірім жігіт нұсқаған жақтан әзер таптық ақсақалды. Ештеңемен шаруасы жоқ, өзімен-өзі, қалың ойда, бір елеусіздеу ескі аялдаманың сынық отырғышында қақайған қалпы сіресіп отыр. Қарлығаш екеуміз алдап-сулап үйге алып келдік. Дәп бір жансыз затқа қарағандай, маған жай ғана көз салды да қойды. Бөлмесіне кіргізіп, есігін тас қып бекітіп тастады Қарлығаш. – Әжетханаға шығарда өзі белгі береді, бір жақсысы, – деп күлімсіреген болды. – Қарлығаш! –дедім ақырын дауыспен. Мен сені әбден ұқтым. Сенің түк те кінәң жоғына көзім жетті. Өз денсаулығыңды сақта! Кел, екеуміз келісейік. Мына қырсық шалғыр көк шөлмектің көзін құртайық. Екеуміздің көп жылдан кейінгі кездесу құрметімізге аздап ырымын жасасақ та жарасар еді, бірақ соны, сол ырымды дәл осы күннен бастап, келмеске аттандырайық. Әбден шаршапсың. Қажыпсың. Көзім көрді. Табанымыздан тоздық. Екі аяғым қақсап отыр. Уақыт болса біразға барып қалыпты. Мен қонақүйдегі орныма оралайын. Пенде болғасын өкініш болмай тұрмайды. Ғажап актриса боларлық мол табиғаттың әлі де болса сені талай биіктерге көтеруі әбден ықтимал. Күдеріңді үзбе! Мен де басшыларыңа жай-күйіңді айтармын. Олар да түсінеді сені. Алғаш театрға келгеніңде сені төбелеріне көтерген солар емес пе еді? Ойнар рөлдерің алда. Студент кезіңнен өзің құлай армандаған Шекспирдің «Отеллосындағы» Дездемонаны кескін­дей­тін жалынды күндер кейініректе қал­ды, әлбетте. Әуезовтің Қарагөзін қалық­тата, солықтата сұңқылдатар аққу үн жарықшақ тартты деп, мұңға батып, уайым салма! Әр кезеңнің өз рөлдері жетерлік. Толғанай, Зейнеп, Ұлжан, Мақпал, Күнікей, Қамқа... қай-қайсысы да сенің уысыңда. Тәжірибеңді, көрген тәш-пүшіңді сал соларға. Мойыма! Сен баяғы бір топ спортшы­ларға жалғыз қарсы шыққан қайсар да қайтпас Қарлығаш емеспісің! Қайда сол тасқынды қайратың. Шақыр сол бет қаратпас зауығыңды. Қарлығаш даусын шығара қатты күлді. – Әй, старостам, сол спортшы жігіт, әлгі гүжбен қараны айтам, осы Шығыстың азаматы екен. Кезекті бір гастроль кезінде сахнаға атып шығып, қолымды сүйіп, менімен бірге бір топ әртістерді мейрамханада қонақ етті. Нағыз арыстың өзі екен, бәрімізге қонақкәде жасап, үлкен кісілік көрсетті. Өткендерді еске алып, әбден күлістік. Сәл денсаулығы сыр бергесін, еліне оралыпты, –деді де, маған өзінің алғыс сөзін айтты. – Рахмет! Айтқандарың өте орынды. Ендігім ерсі болар. Ананы-мынаны сылтау ғып, өзім де етекке сырғып барып қалыппын. Театрға қайта оралдым. Жаңа өмірдің жалғасын іздейін. Осы сен мені іздеп келген сәт жаңа күндердің басы болсын. Мөлдіреп мүләйсімсіп тұрған мына пәлені соған құрбандыққа шалайық, – деп, шөлмекті анадайға ысырып тастады. Ырза боп қалдым. Текті жан ғой. Таланттың буы бар. Арқасы бар. Кешіріммен қарадым Қарлығашқа. Бір кездері қарға аунаған түлкідей құлпырған келісті де кескінді қыз Қарлығашты көңіліме медеу тұтқандай қайтуға оқталып орнымнан тұра бердім. – Ұлыңа сәлем айт, көре алмадым, – дедім, көңіл-күйінің сәл қалпына келгендігін пайдаланып. Әкесінің кім екенін, қазбалап сұрап, басын қатырмауға тырыстым. Ертесіне өзім жақсы сыйласатын театр басшыларына қамкөңіл актрисаға бас-көз болу жөніндегі өтінішімді жеткіздім. Олар да менің сөзімді қоштап-қолдап қауқылдасып қалды. – Бізден де бір білместіктер кеткен болар, табиғи таланттың бабын таба беруде кейде шабандық танытарымыз да жоқ емес қой. Толық мүмкіндік бере алмадық па, кім білсін, дегендей кісілік сөздерін айтты. Курстасым Қарлығашқа барынша разы болдым. Бір ауыз ғайбат сөз айтып, біреуді қараласа, қанеки! Шіркін, жалған! Өмір дегеніңіз кейде манағы Қарлығаш итеріп тастаған шөлмек секілді-ау?! Сәл жайсыз тастал­ған шөлмектің сынбауы мүмкін емес қой. Өмір, тағдыр да солай. Сәл шалыс бассаң, бар болмысың шытынағалы тұр.

ХИКАЯТ ТҮЙІНІ

Арада бес-алты жыл өтіп кеткен. Кабинетте отыр едім, кәдуілгі Қарлығаш кіріп келді. Сондай нұрланып кеткен. Үлпілдеген ақ шашы бөріктей көтеріліп әдемі жарасады өзіне. Үстінде қымбат материалдан тігілген сәнді костюм. Жанары жарқылдап, кірпік­тері қайқая түскен. Нағыз ақсүйек бәйбішенің өзі. Күлім қағады. Ажарлана түскен. – Міне, бабыңа енді келіпсің, Қарлығаш, – деппін, қуаныш сезімімді жасыра алмай. – Рахмет! Рахмет! –деді ол да өзгеше көңіл-күйін жасыра алмай. – Сенің ана жолғы келісің мені қайта қанаттандырды. Мен әлі де керек екенмін, –дерліктей сенім-наным сезімі пайда болды бойыма. Семейден арнайы келіп отырмын өзіңе. Ана жолы айта алмаған бір сырымды ақтарайын деп. Айтпақшы, әкейді мәңгілік мекеніне шығарып салғанмын. Мен естімегенімді білдіріп, көңіл айттым. – Жәрайды, үлкен жастағы кісі ғой. Алдынан жарылқасын! Ендігі Аманатым –жалғыз ұлым. Мәдениеттің бір құлағын ұстап отырсың ғой. Көз қырыңды сала жүргейсің. Тегінде бар. Өзі биші. «Салтанат» ансамблінде істемекші. Әкесін сен шамалауың мүмкін, –деді тағы да қуақылана. – Қайдан білейін, сен ғашық болмаған, саған ғашық болмаған жігіт сирек, –дедім, мен де әзілге салып. – Жүрегім ойнамалы болып қалды. Қорқамын. Осы баланы саған тапсырдым... Өзі де өте сезімтал, таяуда үйленбек ойы бар. Тойына қайтсең де, Күләш екеуің келесіңдер, – деп кесіп-кесіп айтты әр сөзін, өзінің ежелгі төл мінезіне басып. – Дәлізде, хатшы қызыңның қасында отыр. Көресің бе, көрші, – деді дегбірсіздене. Өзі тұра салып, есік сыртындағы ұлын ішке кіргізді. О, Алла! Дәл соның өзі. Шынында да, дәл соның өзі. – Бұйра шашы, кертіктеу мұрны, қоңырқай жүзі... айтпай танитындаймын. Жетпісінші жылдары ұлы Мұхтар Әуезовтің шығармасы бойынша кино түсірген, қырғыздың талантты режиссері Алматыға жиі келгіштеп жүрді. Консерватория қыздары да фотобайқауға, кинобайқауға түсіп, бақтарын сынары заңды ғой. Мына сүйкімді жасөспірім әдеміше бала қалай болғанда да... Қарлығаш өмірінің жалғасы, талантты актрисаның соңына қалдырған олжасы. Сол күні «Салтанат» ансамблінің басшыларына бала болашағына дұрыс қарауды тапсырдым ғой деймін. Толық есімде жоқ. Өкініштісі, сырқат жүрек Қарлығашты көп жүргізбеді. Өзінің жастық шағы өткен шәһарына жасаған Қарлығаштың соңғы сапары осылайша есте қалды. Мен режиссер болып, «Отеллоны» қоя