Шайырдың тілімен айтсақ: «Таусылмайтын құрғақ сөзге шырмалып, Жүрісіміз жеткен жоқ па ырғалып?» (Ә.Маханов). Бұрыннан да есеңгіреп келе жатқан ел қаңтар қасіретінен кейін біржола есінен танып түсті. Енді, міне, елдің ес жиюына барын салып отырған қауіпсіздік пен мемлекет тұтастығының кепілі болып табылатын ең жоғары лауазым иесінің сөзін місе тұтпай, қай әрекетін де орынды-орынсыз күстаналай бастадық. Жасыратыны жоқ, дүрмекке ерген елде осылай болары хақ. Ендігі жерде ол әңгімеден қашып құтыла алмаймыз. Баяғының есті қазағы «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар?» деген жоқ па? Осы уақытқа дейін қарапайым халықты көзінің алмасына тамсантып келген ескі жүйе бірыңғай ұлттың қамын ойлаған болса, қазақ бейбіт шеруге шығып, артынан арандап қалып, айдың-күннің аманында орасан шығынға ұшырамас еді ғой. Қалай десек те, ендігі жерде жүйеге сапалы өзгеріс керек. Онсыз саяси, әлеуметтік, рухани ахуал өзара шарбы бұлттай кіріге алмайды. Ел де үнемі өткен күннің елесіне еріп жүре алмасы анық. Қанша ауыр болса да, ес жиып, алысқа қарамаса болмайды. Өйткені мырза демесеңіз, уақыт шіркінің емші емес. Қарапайым өмірдің заңы – осы.
Отыз жыл мүлгіп, ұйқысынан оқыс оянып кеткен «жанның» күйін елестету қиын. Жұрт өң мен түстің арасындағы буалдыр бұлтқа мініп жүріп, бір белгісіз әрі-сәрі күй кешкен тәрізді. Сананың түкпірінде осыған ұқсас түсініксіз бірдеңелер жылт-жылт етеді. Иә, темір қанатының бір шетімен көк тіреген, енді бір ұшымен жер таянған алып империяның құшағынан сытылып шығып, рухани һәм саяси құлдықтың құрсауынан «азаттық алдық» деп жүрген алғашқы жылдары қазақ жаппай үлбіреген үміттің жетегіне ерді. Ұлт рухының өлмеуіне себепші болатын нәрсе осы ғой. Аттың жалы, атанның қомында жүргенде-ақ ұлы өркениеттер көшіне ілескен көшпелі тірлігін қала мәдениетінің ырқына жеңдіріп, терлікпен тұтасып кеткен тақымын жазып, орыстың ықпалымен аттан түсіп, алпыс тұтам ақ найза мен қара болат қайқы қылышты кереге басына ілген қазақты кеңес одағының жетпіс жыл ұстаған алақанының табы арқылы сіңген уыттан арылту үшін біршама уақыт керек болды. Қазақтың бұл тарихы Мысырға құл болып жүрген еврейлерді құтқарушы көсемнің қырық жыл құмда сандалған оқиғасын еріксіз еске түсіреді. Алайда екеуінің арасында үлкен керте бар.
Алғашқы кезеңде мұз астындағы көктемдегі қызыл судай, көз алдынан жылыстап өтіп жатқан салт, дәстүр, өнер, білім, ғылым, тіл мен діл жайында көп айтыла қойған жоқ. Мәселенің барлығы зарығып жүріп әрең жеткен тәуелсіздіктің тарихы он жылдықтың келесі белесіне иек артқан кезден басталды. Өкінішке қарай, ол кезде бәрі кеш еді. Алып «механизм» тетіктері іске қосылып, қарқын алып кеткен бойда кешегі кесіртке енді айдаһарға айналып, қонжық мақат болып ақыра бастаған. Әлемнің барлық түкпіріне «Мен мұндалап!» айқара ашылған есіктен де, сызық саңылау тесіктен де анталап, ағылып жаттекі мәдениеттің қанатына ілесіп кірген сан түрлі мәдени ұстындар дала көңіл аңғал жұрттың ақылын арбап, тұрмысын билеп, санасын улай бастағаны күні кешегідей көз алдында. Тап осы тұстағы қорқынышты сурет аңыздағы тойымсыз патша Зұлхақтың кеудесін жайлап, санасын улап, ырқын алып, еркін билеп, күніне пәленбай адамның миынан қорек таппаса, қос иіннен басын шығарып тұрып алатын, қанша жесе де тәбеті қайтпайтын аждаһа жыланға ұқсас оқиға тізбегін өз алдына сөз етпесе, бұл уәзипаның арасына сыймайды.
Рас, бұл кезеңде мемлекет «байтал түгіл бас қайғының» күйінде еді. Ең бастысы, қарапайым халық осының бәріне көз жұмып, қарап отыра алған жоқ. Алайда көптің дауысы көктегі Құдайға жетсе де, Ақ Ордаға жетпеген соң амал қанша? Тойынып, етке шығып қышынған ат төбеліндей топ өзінің ұлттық құндылықтарын ұлтарақ құрлы көрмеуге айналды. Өйткені олар ұлттық мұрат, елдік мүддені мүлдем басқа құндылықтармен ауыстырып алған болатын. Іздегенін тапқан күннен бастап жемсауын нығыздаумен ғана айналысты. Ал қара халықтың ащы зары мен жанайқайы айтылған жерде құрдымға сіңгендей болып отырды. Қанды қаңтарға дейінгі үшінші онжылдықта қазақ қоғамының басынан кешіп жатқан мәселелер қарапайым жұрт тарапынан жиі айтыла бастады. Өкінішке қарай, ол кезде халық пен биліктің арасы тым алшақтап кеткен болатын. Көз алдында өсіп шыққан кішкентай тұқылдың қарқарасы қауға айналып үлгергенін көрсек те, көрмейтін жағдайға душар болғанымыз өкінішті, әрине.
Иә, қаңтар оқиғасы аяқасты бұрқ ете қалған бұрқақты жағдай емес. Болмашыға көз алдап, өзін алдарқата жүріп, үздіксіз үміт еткен отыз жылдан астам уақытты ішінара үшке бөліп алып «бастау», «даму», «ушығу» динамикасын толық бастан кешкен заңды үдеріс. Өкінішті болса да, бұл біздің жүріп өткен жолымыз, қазақ амалсыз мойын ұсынған шұбарала тарих. Енді оны қаласақ та, қарамасақ та, көштің ізін толайым сүріп тастау мүмкін емес. Әрине, төреші уақыт бәрін де електен өткізіп, еншілі тарихқа айналдыратыны ақиқат. Көп нәрсенің байыбына сол кезде бойлап баруымыз мүмкін. Ал уақыт деген құдіретті бір орында ұстап тұра алмайсың. Дүние-диірмен бір сәтке де тоқтауды білмепті. Дер кезінде есін жиып үлгермеген ұлттар қолдағы тізгіннің ұшынан айрылып қалғаны жайында тарихтың ащы сабағынан тәлім алмасқа амал жоқ. Онсыз барар жер, басар тау, тірелер тұйығың белгілі. Осындайда «өгізді» де өлтірмей, «арбаны» да сындырмай өте шығатын даңғыл жол табу – оңай шаруа емес. Мүмкін біздің қазақ белгілі бір уақытқа «тайм-аут» алып, тағдырын сеніп тапсырған басшыға түбегейлі өзгеріс жасау үшін мүмкіндік беру керек шығар? Онсыз ұлт ұстазы Ақаңның белгілі орыс мысалшысы Крыловтан тәржімелеген жырына арқау болған аққу, шортан һәм шаянның керін келтіруіміз бек мүмкін ғой. Қазір жұрттың бәрі, білетіні де, білмейтіні болса да, саясиланып алған. Иә, халық ашқұрсақ болған жерде мұның ешқандай емі жоқ. Сол үшін бірінші кезекте қарапайым қарашының әлеуметтік жағдайы шешілуі тиіс. Онсыз, қарсақтабан, қалжауыр байланған қалыптан алға жылжуымыз екіталай. Шынын айтқанда, тап қазір соның қай-қайсысына да бізде уақыт бар деп айту қиын. Сонда не істемек керек?
Қаңтар оқиғасын АҚШ-тың Таяу және Орта Шығыстағы ұлт-азаттық қозғалысын басып-жаншуға бағытталған Дуайт Дэвид Эйзенхауэр доктринасымен беттестіруге ыңғай танытып тұратындар қатары бар екені байқалады. Иә, бұл бір қырынан қарап, жеңіл көз жүгіртіп өткенде санаға сәулесін шашыратып үлгеретін сыртқы, алдамшы әсерлер жиынтығына келіңкірейді. Шын мәнінде, біздің жағдай американдықтар тап болған ахуалмен салыстырғанда, мүлдем басқа. Жалпы, қаңтар оқиғасы болашақта түрлі мамандар қайта айналып соғып, тарихи, саяси түйіндер жасайтын күрделі мәселе. Тарих қатпары терең жасырған, бұл күнде ұмытылғандай әсер қалдырғанымен, үнемі көрініп қалып отыратын түрлі оқиғаларды айтпағанда, қазіргі қазақтың этник тамырының өзегінде жатқан түйткілдер бізге билікте, қарапайым өмірде болса да, ментальдік ерекшеліктерді толайым қайта қарамайынша, мәселе түбегейлі шешілмейтінін көрсетіп қана қоймай, соны іштей дәлелдеп беріп отыр.
Осы уақытқа дейін өктем жүйенің ырқы мен ыңғайына қарай топтасқан кландық топ билікке келіп, саяси трайбалистер тарапынан байырғының тасасында қалған касталық бөлініс жүйесін жаңғыртуға жол берілді. Соның салдарынан қай жағынан болсын (білім, парасат, тәжірибе) кемел азаматтар мемлекет мүддесі, халықтың игілігі үшін адал қызмет жасау мүмкіндігінен шетқақпай етілді. Кейінгі жылдары елдегі ахуалдың тым шектен шыққанын сезгендіктен, түрлі деңгейдегі мамандар амалсыз шетел асып кетуге мәжбүр болды. Осы уақытқа дейін шеру тартып келген мақтау мен мадаққа желбуаз жүйеге негізделген билікке сенім болса, елдегі ішкі миграция жайын айтпағанда, күрделі эмиграциялық ахуал дәл бүгінгідей қауіпті шекте болмас еді. Ендігі жерде шекара асып кеткен мамандарға реэмиграция жасайтындай жайлы жағдай тудырмайынша, біз жылдар бойы шеккен шығынның орнын жуық арада толтыру қиын. Қазақстанның бар байлығы халыққа, мемлекеттің басты құндылығы – әр азамат ұлтқа қызмет жасағанда ғана жаңа Қазақстан мүмкіндігін арттыруға болады.
Қазіргі қазақ қоғамы маңдай тіреген мәселелер жиыны жағдайында XVIII–XIX ғасырларда дамыған идеялық ағым – ағартушылық бағытты қайта жаңғыртып, ел игілігіне пайдаланудың маңызы ерекше. Есім-сойы тарихтан белгілі аталған ағым өкілдері қай кезде де адам баласы үшін ауа мен судай қажет ізгілік, әділет, ғылым, білім, өнер, таным жолдарын уағыздау арқылы қоғамды түзетуге күш салды. Бір ғажабы, олардың бұл игі әрекеттері қай кезде де қарапайым халық тарапынан қолдауға ие болып, ел ізгі бағыт ұстану үшін тиімді тәсіл ретінде қолданылды. Өкінішке қарай, қоғамдық формациялар өзгерген сайын белгілі, белгісіз күштер халық пен билік арасында дәнекерлікке жүре алатын осы ағымды жойып жіберіп отыруға тырысқан. Оның себебін алыстан іздеп қажеті жоқ. Бұл екі айырықтың арасындағы тұтастық сақталған қоғамда қай мемлекеттің болсын іргетасы берік. Әрине, бұл тобырлық сана ықпалын жамылғы ететін саяси жүйедегі әсіре демократтар үшін онша оңтайлы тәсіл болмауы мүмкін. Ал саясат ағымы ағартушылық идеялар негізінде түзілгенде қоғамда сауатты идеология қалыптастыру мүмкін екені өзін сан рет дәлелдеді. Өйткені тал бойын анархиядан аулақ салып, ізгілік рухындағы тәрбиеден тәлім алып, бағыт түзеген қоғам мүшелері өзі жасаған әділет қағидаларынан айнып, өз бағытына қарсы келе алмайды. Ендеше, билік пен халық арасында ашық байланыс орнау үшін осы тәсілді қайтарып, жаңа қырынан қайта жаңғыртудың маңызы орасан.
Экономикалық тұрғыдан бізге сырттан кіретін импорт атаулы зиянсыз, керісінше, шикізат эскпортының жолын кесу керек дейтіндер қатары баршылық. Әлеумет тұтынатын қай тауардың да бағасын мейлінше арзандатып, ішкі базар нарқын тұрақтандыру арқылы елдің ахуалы түзелетіні айтпаса да түсінікті. Керісінше, адамның қолымен, ақыл кенінің қоры арқылы атқарылатын еңбек нарқын қымбаттатумен бірге, ерекше бағалау керек. Сол адам-асылды қоғамға сай тәрбиелеп, оның күн райынан да тез бұзылғыш толқымалы көңіл-күйінің мың бұрауын бір қалыпты ұстап тұратын камертон – руханият әлемі заңдылығы аталған өлшемнің алғашқы тармағына мүлдем кереғар. Бұл тұрғыда, сол сырттан кіретін «импорт» – бар бәленің басы. Біз осы уақытқа дейін, әсіресе руханият әлемінде тек қана сырттан келген «импорт» түрлерін малданып келдік. Соның салдарынан Қазақстан түрлі секталар мен діни ұйымдардың жылы ұясына айналды.
Шынын айту керек, өкінішке қарай, біз ұлттың санасы жайында тым сирек ойланатын күйге түстік. Негізі, мемлекет бас қатыруға тиіс басты әрі түйткілді мәселелердің бірі – осы. Біздің қойын-қонышымыз қазақ салт-дәстүрінен басқа жұрттың жасығына барынша толып болған. Неге екенін қайдам, қазақ өзінің түпнегіз табиғатына тән қасиет атаулыдан басқаның бәрін талғамай қабылдай беруге теріс емес екен. Отыз жылда орнына келіп, ордасы кеңімей қойған шұбарала тіл тағдырының өзі неге тұрады? Негізі, мәселенің бірі осы жерде жатыр. Біздің қазақ өзінің байырғы ата кәсібінен айрылу, тіпті кейбір жағдайда әдейі бас тарту арқылы ана тілінің айдай жүзіне қара дақ түсіріп алғанын мойындағысы келмейді. Сөйтіп, тіл тағдырына қатысты айыптыны өзгеден іздеуге теріс емес. Рас, оған сыртқы факторлардың да әсері орасан. Десе де, тілге қатысты термин, атау сөз, бейнелі теңеу мен қазақы оралымның негізі аңшылық, егіншілік, малшылық кәсіпте жатқанын кімнен жасырғымыз келеді? Сонда бұған кінәлі кім екен? Мәселе ешуақытта біржақты туындамайды және дау қырық жылда бітсе де «қыршын кеттім» дейтіні рас екен.
Одан әрісі «айтсам апам да кетедінің» кері. Сондықтан да қазіргі жоғары, орта оқу орындарын айтпағанда, мектеп пен балабақша қабырғасынан бастап қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен ұлттық өнер түрлері арнайы пән ретінде оқытылып, дін дәстүрлі ұғымдар негізінде үйретіліп, насихатталуы тиіс. Оны айтасыз, түрлі жеміссіз айтыс-тартыстарға ұласып жататын қазақ этногенезіне қатысты, оның бір ата мен ортақ бұтақтан тарамағаны, түрлі тайпалық одақтардың негізінде құралған суперэтнос екеніне байланысты шындықты да балаға бесіктен белі шықпай тұрып ұғындыру қажет. Қалай десек те, ендігі жерде өтірік атаулыға орын аз. Сонда ғана біз өмір сүріп жатқан қоғамды түрлі кезбе иллюзиялар салдарынан арылтуға болады. Шын мәнінде, қазақтың өзінен басқа жауы да, досы да жоқ! Абай данышпан жеткен, жетіп қана қоймай жіті сезінген ақиқат әлі күнге дейін сол өзекті қалпында тұр. Ендігі жерде қазақ руханиятына қатысты өзге елдің тәжірибесін үлгі етіп, өмірі орындалмайтын старатегиялық даму бағдарламаларын қабылдай бергеннен іс бітеді дегенге енді ешкімді сендіре алмаймыз. Халық ғасырлар бойы шеккен бейнетінің зейнетін бүгін көргісі келеді.
Иә, бұл тек руханият әлеміндегі «импортқа» қатысты мәселе. Әдебиет пен өнерде де жағдай тура осыған ұқсас. Түрлі көркем шығарма, тиым салынған әдебиеттер арқылы жылдар бойы тіршілігімізге еніп, сана түкпірінен енді балталасаң да бұзылмайтын тұрақ теуіп үлгерген «тылсым түсініктер» ұлттың жадау жанына тас кенедей қадалып алып, қанын теспей сорғанын көріп, қол қусырып отыра беру мүмкін бе? Жастар арасындағы түрлі жыныстық ауытқу, ұлтқа тән емес «өзім білемін» түсінік, «үлкеннің сақалынан алып, арбаға байлап сабау», өзіне өзі қол жұмсау, жастың да, жасамыстың да психотроптық заттарға жаппай әуестігі, міне, осының бәрі бір-ақ күнде аспаннан түсе салған аяқасты нәрсе ме? Жоқ, бұл қай мемлекетте болсын, сауатты идеяға құрылған идеологияның орны ойсырап тұрған жерде бос кеңістікті жаулап алып, өз ойындағысын іске асыра қоятын ежелгі, әбден таптаурын болған тәсіл. Бүгінгі қазақ қоғамы осы аталған мәселенің бірімен емес, бәрімен бетпе-бет келіп тұр. Өнердегі, оның ішінде дәстүрлі ән, күй, жыр мен ұлттық фольклортанудағы шаш етектен мәселенің жайы да осындай.
Шарль де Голльдің идеясына негізделген, өзін жер бетіндегі апайтөс мемлекеттерден азат, ішкі саясатта еркін сезінгісі келетін «Голлизм» деп аталатын идеология бар. Мұның өзі түптің түбінде ұлтты консервацияға алып келетінін уақыт төрешінің өзі дәлелдеп шыққан. Осы бағытты қолдайтындар бар. Иә, Ресей, Қытай, Америка, Түркия сияқты алыптардың ортасында тұрып, қай жағынан болсын, азат мемлекет болғанға не жетсін? Бірақ оның әзірге қой үстіне бозторғай ұя салған ертегілер әлеміне тән қиял екенін сезінгісі келмейтіндер көп. Өмірдің шындығы мен көркем шындықтың ара-жігін ажырата алмайтын пенделер үшін мұны бір сөзбен түсіндіру қиын, әрине. Десе де, шындық атаулының бетіне тура қарамайынша, іс бітпейтіні белгілі.
Әр дәуірдің, әр халықтың өз фәлсафасы болады. ХVIII ғасырда рухани мәдениеттің ошағына айналған Франция өзін өркениетті санап келген мемлекеттерді француз мәдениеті алдында тізе бүгуге мәжбүр етті. Өйткені қоғамдағы түрлі қайшылық бытысып кеткен тұста ағартушылық идеология француз революциясының да, реформаторлық қозғалыстардың да теориялық алғышартына айналды. Әрине, ағартушылық идея эволюциясы қай кезде де біртекті болған емес. Ол кезде де бірі – ағылшындық монархиялық құрылысты, екіншісі Еуропаға табынушылық идеясын қолдады. Біздің бүгінгі жағдайымыз дәл осыған ұқсас. Өйткені қазақ әлемдегі дамыған елдердің қай-қайсына болсын тәу етіп, ұқсап бағудан кет әрі емес. Алайда ұлт философиясына сүйене отырып, мемлекеттегі руханият үлгісінің өзіндік моделін жасап шыққысы келетіндер тым сирек. Көшірме қалып, ұлттың өзегінде жатқан асылдарды айдынның бетіне толық алып шыға алмайды. Сондықтан да, мемлекет қолға алатын қай жоба болсын ұлттық болмыс пен ұлттық мінезге негізделсе екен дейміз.
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы