03 Маусым, 2010

БОЛОН ҮДЕРІСІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚАДАМДАР

842 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Жас ұрпаққа беретін жоғары білімнің маңызы қай уақытта да артпаса кеміген емес. Оны қоғамның дамуына ықпал етіп қана қоймай, оның сұраныстарын да қамтамасыз ететін әлеуметтік институт деп білуіміз керек. Өйткені, бүгінгі ғаламдық айлаққа шығып кеткен кең ауқымды және жан-жақты мазмұнға ие экономикалық қарым-қатынастар ең алдымен жоғары оқу орындарында кәсіби дайындалған әмбебап мамандарға деген сұранысты қалыптастырып отыр. Мұның өзі жоғары білім беру жүйесін жер жүзіндегі озық ғылым мен техниканың жеткен биігі болып есептелетін “әлемдік стандартқа” талпынуға итермелейді. Сапалық жаңа көкжиектерді – интеграцияны игеруі, ұлттық білім жүйесінің әлемдік стандартқа жақындасуы, бірін бірі толықтыруы сияқты жоғары білімнің интернациялану үдерісі жүріп жатыр. Оны бүгінгі әлемнің өзгеруіне ыңғайластыра дамытқанда ғаламдық деңгейдегі уақыт талабына ілесетін боламыз. Бірнеше ондаған жылдардан бері Еуропалық Одақта жоғары білімді үйлестіру, басқару саясаты жөнінде арналы жұмыстар атқарылып келеді. Ауқымды және бастамашыл істер Еуроодақ саясаткерлерінің Болон декларациясын құруына алып келді. Әріптестер арасында студенттер мен оқытушыларды, басқарушы тұлғаларды жұмылдыру, Еуропа елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы байланыс пен ынтымақты күшейту арқылы бірыңғай білім кеңістігінде мойны озық мемлекеттердің ұлттық білім жүйесіндегі ең үздік тәжірибелерді таратуға мүмкіндік туды. Осындай үйлесімді әрі нәтижелі істерімен тұтас Еуропа әлемді “білім нарығына” тартып алды. Жоғары білімнің ұлттық жүйесі “мөлдір” болмай, даму үйлесімділігінің де ауылы алыс. Оған білім циклының (бакалавриат-магистратура) бір түріне көшуді кеңінен таратқанда, білім несиесінің ыңғайлы бірыңғай жүйесін (есептеу бірлігі) енгізгенде, біліктіліктің бірдей формасын қалыптастырғанда, академиялық біліктілікті өзара мойындағанда, мамандарды сапалы дайындаудың құрылымын және басқа да мәселелерді жетілдіргенде ғана шамаласуға болады. Соңғы екі онжылдықта Қазақстан жоғары білім саласындағы халықаралық қарым-қатынасты белсенді жүзеге асырып келеді. Елдің әлемдік білім кеңістігіндегі жоғары білім интеграциясы – Қазақстанның ұзақ мерзімдік стратегиялық бағыттарының бірі. Еліміздегі жоғары білім жүйесінде бірнеше жылдан бері Болон үдерісіне қосылу шарттарын іс жүзіне асырудағы мақсатты жұмыстар атқарылды. Бұл ең алдымен, білім құрылымының арақатыстылығы мен мерзімділігін қамтамасыз ету және жақындастыру, салалар бойынша бакалавр, магистр, философия докторы дәрежелерін алуда үш сатылы жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім жүйесіне көшу шаралары еді. Біздің республикамыздың Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевтың күш салуымен биыл Қазақстан Болон клубына толық кірді. Болон кепілдіктерін жүзеге асыру үшін біз қандай инновациялық қадамдар жасауымыз керек? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: “Жоғары білім ең биік халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс. Еліміздің жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттері рейтингіне теңесуге талпынуы керек”, деп атап көрсеткен болатын. Университеттің инновациялық қызметі білім сапасын көтеру проблемаларын шешумен байланысты. Бұл орайда ғылыми-әдістемелікті қамтамасыз етудің жүйелілігі аса маңызды, ол білім сапасын көтерудегі басты құрал болып табылады. Әлемдік білім кеңістігіндегі өзара ықпал ету, мысалы, шетелдік тәжірибелерді әкелу, мамандықтарды, факультеттерді, тұтас жоғары оқу орнын сертификаттау және аккредитациялау, оқытушы құрамын, студенттер алмасу сияқты жұмыстарды ұйымдастыруды білім ордасының басшылығы қамтамасыз етеді. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде жан-жақты, терең білімді, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар дайындау үшін уақыт үдесінен шығатын негізгі қадамдар жасалды. Алдымен мемлекеттік білім стандарты бекіткен білім сапасы мен оның жоғары деңгейіне жетуді жүзеге асыру үшін сапалы басқару жүйесі жасалды. Сонымен қатар, университетті дамытудағы басым бағыттарының стратегиялық жоспары қабылданды. Инновациялық және оқытудың несиелік технологияларын оқытушылар мен профессорлар өз тәжірибелерінен өткізіп, оны оқу үдерісіне енгізді. Соңғы жылдары оқытушы-профессорлар құрамына және материалдық-техникалық базаға да ерекше назар аударылды. Оқытудың сапасын университеттегі оқытушы-профессор құрамының жоғары әлеуетінен бөліп қарауға болмайды. Университетте өтетін сабақтың, бағдарламаның уақыт құбылыстары мен қоғамдағы өзгерістерге дер кезінде жауап бере алатын, бүгінгі өмірмен сабақтастық қабілетін анықтайтын жұмыстар реті өз алдына бір төбе. Жоғары оқу орнында қазіргі заман талабына ілесе алатын мықты материалдық-техникалық база болмай, бәсекеге қабілетті мамандарды сапалы дайындау мүмкін емес. Университеттегі мамандықтар бойынша білім бағдарламаларын жүзеге асыру үшін мамандандырылған аудиториялар, оқу және ғылыми зертханалар жабдықталған. Жоғары оқу орны білім беру үдерістерін ұйымдастырудың және оның сапасын, университет имиджін көрсететін маркетингтік шаралар өткізіп тұрады. Инновациялық технологияларды пайдаланатын сабақтың жаңа формалары тәжірибеге енгізілді, студенттердің ізденуі үшін жағдай жасалды, бір реттік ақысыз бағдарламалар беру, елімізде және шет елдерде жұмысқа орналастыруға көмек беру сияқты көтермелеу жолымен білім сапасын арттыру ісі күш алып келеді. Жоғары білімнің мемлекеттік стандартын және оның біліктілік сипатын анықтау білім сапасын көтерудің маңызды шарттарының бірі болып табылады. Жоғары оқу орнын бітіргелі отырған түлек өзі алған мамандығымен қоса экономикадан, ұйымдастыру-басқару ісінен де мол хабардар болуы қажет. Оның өзі қалаған салада кездесетін түйінді мәселелерді, міндеттерді белгілі дәрежеде шеше алатындай, әлеуметтік қабілет-қарымы білім ордасында қалыптасуы ләзім. Ал біздің міндет кәсіптік бағдар жасау және білім берудің жан-жақты мазмұнын байыту, оның өзіміз қалаған нәтижесін көру болып табылады. Ал ол алдымен абитуриентті дұрыс таңдаудан басталады, одан әрі белгілі бағытта құрылған оқу жоспарына ілесіп, үлгеріп отыру болмақ. Студенттер теориялық біліммен шектелмей, оны тәжірибе жүзінде түйсініп, қолдана білуге тиіс. Олар алған білімін өндіріс алаңдарында тереңдетіп, бекіте түседі. Университетте ұйымдастырылған тәжірибенің барлығы да шынайы, өндірістік жағдайға бейімделген. Ветеринар дәрігері мамандығын алатын студенттер оқытушыларымен бірге конкурстардан ұтып алған тендерлері бойынша жануарларды егу жұмыстарына қатысады. Болашақ инженерлер “Агромашхолдинг” акционерлік қоғамында тәжірибеден өтеді, зауытта двигательдерді жинайды, осында жылжымалы сабақтар жүреді. Студент-журналистер екінші курстан бастап облыстағы газет-журнал, телевизия редакциялары қызметіне белсене араласады, ал каникул уақытында ақылы жұмысқа орналасады. Осылай біздің студенттер университет қабырғасында жүріп-ақ теориялық біліммен бірге болашақ мамандығына төселіп қалады. Білім ордасында жүргізіліп тұратын маркетингтік зерттеулер А.Байтұрсынов атындағы университет дайындаған мамандардың қаншалықты сұранысқа ие екендігін білуге мүмкіндік береді. Мысалы, 2008 жылы түлектердің 87.4 пайызы жұмысқа орналасса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 95 пайызды құрады. Студенттердің практикалық жұмыстарын шетелдерде өтуіне назар аударып отырамыз. Біздегі бұл мәселенің шешімін табуына Қазақстан Республикасының Германиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Онжанов пен еліміздің Майндағы Франкфурт қаласындағы бас консулы Бейбіт Атамқұлов қолдау, көмек көрсетіп отырады. 2009 жылы Қостанай мемлекеттік университетінің студенттері, магистранттары мен оқытушылары Германиядағы академиялық білім қызметі және “Темпус” бағдарламалары бойынша стажировкадан өтті. Студенттеріміз Германия елшілігі ұйымдастырған DAAD бағдарламасы шеңберінде сол елге барып, жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларымен танысуға мүмкіндік алды. Жаңа оқу жылынан бастап оқу үдерісіне жұмыс берушілердің қалауы бойынша үстеме сабақтар қосу жоспарланып отыр. Бұл, сөз жоқ, университет түлектерінің бәсекеге қабілеттігін жоғарылатады деген үміттеміз. Себебі, бүгінде жоғары өнімге ұмтылған өндіріс және ауыл шаруашылығы кәсіпорындары инновациялық технологияларды енгізуге ұмтылады. Сондықтан білім ақпараттануын, үдерістер автоматтануын, инновациялық технологияларды игеру біз үшін де оқу үдерісіндегі басым бағыттар болып отыр. Қазіргі қоғамның дамуы еліміздің ақпараттанудың жаңа сатысына кіруіне, яғни желілі технологияны дамытуға, мониторингтің ақпараттық жүйесін енгізуге, білім сапасын талдауға тікелей байланысты. Университетте оқытудың кредиттік жүйесін басқаруды автоматтандырудың, оның ішінде офис-тіркеуші ақпараттық жүйесі, тестілеу секторы, құрамында білім ордасының корпоративтік желісі, www-сервері, мәліметтер базасы сервері, университеттің пошта сервері бар құрылымдық бөлімшелерінің мүмкіндігі кеңейтілу үстінде. Студенттің пәнге жазылуы және жеке оқу жоспарын құру жұмысы автоматтандырылған. Бұл студенттің берген жауабын талдауға, оның айқындығы және жариялылығы үшін өте маңызды, оларға тестіден кейін өзінің берген жауабының дұрыстығы көрсетіледі, егер күдігі болса емтиханды қайта тапсыруға апелляция беруіне болады. Білім ордасында ішкі ақпараттық білім порталы жұмыс істейді. Қостанай мемлекеттік университеті қазір білім қызметі секторы және сапалық менеджмент құралы ретінде электрондық ректорат құру жұмысын белсенді жүргізіп отыр. Білім ошағындағы оқу үдерісінде ақпараттық технологияны пайдалануға ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі заманғы телекоммуникация мен компьютердің дамуы ақпараттық технологияларды білім берудің бір құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Бұл, әрине, оқытуды, оның тиімділігі мен сапасын арттыра түседі. Ақпараттық технологиялар арқылы оқыту, дамыту, бақылау, анықтамалық, жаттығу, иммитациялық және диагностикалық бағдарламалар кеңінен қолданысқа енді. Олардың әр мақсаттағы бағыттары педагогикалық міндеттердің кең көлемде тиімді шешілуіне жол ашады. Құрамында диплом немесе курс жұмысының жетекшісі болып табылатын белгілі пән оқытушысы мен ақпараттық технология факультетінің оқытушылары, компьютерлік жұмыстарды атқаратын студент-программист бар топ өздерінің жеке электрондық оқулығын жасап шығарады. Білім ордаларының қасиетті міндетіне қатысты “алдымен – адам, сонан соң – маман” деген қанатты сөз бар. Расында, жоғары оқу орнының атқаратын сан алуан жұмысы тек маман дайындауға ғана емес, алдымен қоғам, сол қоғамды жаңартатын рухани жан дүниесі бай адам қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Бұл орайда білім ордасында жастар тәрбиесіне жаңа көзқарас тұрғысынан қараған дұрыс, сол үшін маңызды әдістемелік жаңалықтар енгізу алдыңғы орында тұрады. Кредиттік технология бұрынғы қалыптасқан әдістемедей емес, студенттің дара білім алуын, жеке, өз бетімен жұмыс істеуін қарастырады. Дегенмен, ұжымда жұмыс істей алатын, көпшіліктің пікірімен санаса білетін, тіл табысатын жан-жақты мамандар дайындау үшін бізге басқа да тетіктердің қажеттігі де білінеді. Ол үшін оқытушылардың студенттермен жеке жұмысының, эдвайзерлердің рөлін көтеретіндей, сонымен қатар студенттердің өзін-өзі басқару сияқты және көптеген басқа факторларды назарға ала отырып, тәрбиенің ғылымға негізделген түпкілікті жаңа формалары мен әдістемелері керек. Бұл орайда студенттердің өзін-өзі басқаруы ылғи да қолдауға лайық, онда әр жастың өзіндік тұлғасын көтеру тетігі жасалады. Университетте студентті ынталандыру, стипендияны көбейту, атаулы стипендия бекіту, басқа да материалдық жеңілдіктер жасау арқылы жүзеге асады. Бүгінде оқу орнында А.Байтұрсынов, А.Иманов, К.Скрябин, К.Сағадиев атындағы стипендияларды 16 студент алады. Барлық студенттердің шамамен 5 пайызы ректордың грантымен оқыса, 15 пайыз студентке түрлі жеңілдіктер жасалған. “Спорт барлығымыз үшін”, “Мәдениет барлық жастар үшін” ұстанымдары шеңберінде студенттерге тәрбие берудің ұзақ мерзімді бағдарламасы бар. “Бұлақ көрсең, көзін аш” деген халқымыз, білім ордасында студенттердің бірінші курста-ақ байқалған қабілеті мен талантын одан әрі ұштауға мүмкіндіктер жасалады. Бұл үшін университетте “Сұңқар” спорт клубы, “Өнер” студиясы, дебат клубы және көптеген үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Біздің студенттер тек облыс аймағында ғана емес, республика көлеміндегі жарыстарға қатысады. Соңғы оқу жылында университеттің 8 студенті қысқы универсиаданың жеңімпазы атанды. Бүгінгі білім беру ісі сапалы болу үшін осы саладағы ұстанымдарымыз да уақыт талабына қарай өзгеруі керек. Түлек жоғары оқу орнын бітіргенде алған білімін, дағды және білігін місе тұтса тұйыққа тіреледі, сондықтан кәсіби деңгейін көтеріп, оған қоса рухани байып отыру үшін ол ғұмыр бойы, өз бетімен білім алуды жалғастырады. Университет қабырғасында студентті осындай жолға бағыттау ұстаздар міндеті болып отыр. Сонымен бірге, білім сапасын басқару технологиясын, жүйесін жетілдіру – уақыт талабы. Қамқорлық кеңесі, Түлектер қауымдастығы, Жұмыс берушілер мен инвесторлар кеңесі сияқты бірлесіп, ынтымақпен жұмыс істеудің жаңа формаларын пайдаланамыз. Олар студенттердің оқу үдерісінің сапасына, түлектердің жұмысқа орналасуына оң ықпал етеді және оқу бітірген жастардың кейінгі өсуіне жағдай жасаса, бұл нәтижелі сабақтастық болар еді. Университетте лицензиялау, мемлекеттік аттестациялау және аккредитациялау сияқты бұрыннан өтіп келе жатқан тетіктер негізінде білім сапасын тексеруді жетілдіруге айрықша маңыз беріледі. Бүгінде жоғары оқу орны аккредитациядан өтуге дайындық жұмыстарын жүргізуде, болашақта бірнеше мамандықты халықаралық аккредитациядан өткізу жоспарда бар. Білім ордасындағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың басым бағытының бірі университеттің атын асқақтатып, болашақ студенттер үшін оның беделін көтеру болып отыр. Оған бірінші кезекте жоғары оқу орнының аймақтағы және жалпы республикалық деңгейдегі рейтингін көтергенде қол жететіні тағы анық. Биыл Ахаң атындағы университет 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Әдетте, мерейтойды атау дуылдатып той жасау емес, көп жылғы еңбектің нәтижесін, жастардың қаперінде жүрер өнегелі істерді жұртшылыққа паш ету болмақ. Білім ордасының қуанышына келген қонақтар мен түлектер университеттің жаңадан жасақталған музейін тамашалады. Сонымен қатар, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың университет жанындағы музейі жаңадан жөнделген тарихи ғимаратқа көшірілді. Гуманитарлық-әлеуметтік факультетіндегі археология ғылыми зертханасының жинақтаған олжалары да осы ғимараттың екінші қабатынан орын алды. Бүгінгі жастарға еліміздің, туған жердің әр талының, әр тасының тарихын білуге, оған деген сүйіспеншілікке тәрбиелегенде ғана Отанымыздың патриотын қалыптастырамыз. Біз білім ордасының мерейтойын атап өтуді осы тұрғыдан ұйымдастырдық, студенттерге осылай түсіндірдік. Еліміздің басты байлығы – адам. Қоғамның даму стратегияларын жүзеге асыру білім жүйесінен өрістетілген, толымды жұмыстарды талап етеді. Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік даму динамикасына жан-жақты білім алған, жан-жақты дамыған замандастардың ісі мен ойы таразы. Ал бұл жүйенің еліміздің барлық жастағы азаматтарының үздіксіз білім алуына, білімге, ғылымға негізделген экономика талаптарының өзгерістеріне нақты жауап бере алатын қабілетін дамытуға қолайлы жағдай жасай алуы қай уақытта та маңызын жоймайды. Ұлт ұстазы Ахаң атындағы Қостанай мемлекеттік университеті де осы жолда келеді. Асқар НӘМЕТОВ, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры, ветеринария ғылымдарының докторы. ҚОСТАНАЙ.