Жеңіс тұғырына шығып, Қазақстан намысын қорғап, ел үмітін ақтаған жамбылдық екі боксшыны жанкүйерлері құшақ жая қарсы алды.
Еске салсақ, ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов алтын медаль иеленсе, Дулат Бекбауов күміс медаль жеңіп алған еді.
Арнайы ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада облыс әкімі Нұржан Нұржігітов былғары қолғап шеберлерін жеңіспен құттықтап, жерлестерінің атынан марапаттады.
«Әлемдік бәсекеде көк Туымызды биікке көтерген өрендеріміз Асланбек пен Дулатты айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Жамбыл бокс мектебінің жарқын дәстүрін сақтаған спортшыларымыз өздерін нағыз шебер боксшы екендігін осы әлем біріншілігінде дәлелдей білді.
1999 жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында Болат Жұмәділов алтыннан алқа тақса, араға 24 жыл салып Асланбек Шымбергенов сол жеңісті, сол ерлікті қайталап отыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, жоғары мәртебе. Боксшыларымызды үлкен рингке баулып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері деңгейіне көтерген ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков пен Ермек Ертаевтардың ерен еңбектерін де айрықша атап өткім келеді», деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Салтанатты жиын барысында әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновке 3 бөлмелі пәтердің кілті тарту етілді.
Сондай-ақ жеңімпаздың жеке бапкері, жоғары санатты жаттықтырушы Ермек Ертаевқа 5 миллион теңгенің сертификаты сыйға берілді.
Айта кетсек, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауовқа 2 бөлмелі пәтер берілсе, оның жеке бапкері Нұрлан Ақүрпековке 3 миллион теңгенің сертификаты табысталды.