Боксшыларға ризамыз
Нұржан СМАНОВ,
бокстан Қазақстанның
еңбек сіңірген спорт шебері:
– Әлем чемпионаты қарсаңында БАҚ өкілдеріне: «Жарыс әділ өтсе, Қазақстан құрамасы төрт алтын алуға мүмкіндігі бар, ал егер төрешілер бұра тартатын болса, екі алтынмен шектелеміз», деп кесіп айтқан едім.
Менің осылай күмәндануым негізсіз емес. Кезінде өзім де Ташкент төрінде сан мәрте жұдырықтастым. Ол жерде жергілікті боксшыны айқын басымдықпен жеңбесең, жеңісті саған бере қоюы неғайбыл. Олар «кімнен ұтылсақ та, қазақтарға есе жібермеуіміз керек», деген қағиданы ұстанады. Оған таңданатын түгі жоқ. Біздің де ұстанымыз сондай.
Күні кеше ғана аяқталған әлем чемпионатын тапжылмай тамашаладым. Иә, бастапқы кезеңдерде біраз бұра тартушылық болды. Бірақ алғашқы айналымдарда ұтылған еліміздің былғары қолғап шеберлеріне көпе-көрінеу қиянат жасалды деп айта алмаймын. Жеңілген жігіттеріміз кінәні өздерінен іздесін. Осындай дүбірлі додада жеңіс тұғырына көтерілу үшін оларға әлі көп жұмыс істеу керек.
Жартылай финал және финалдық сайыстар әділ өтті. Бас жүлде үшін өткен жекпе-жектерде жеңіліс тауып, күміс медаль иеленген Дулат Бекбауовтың (67 кг) өзбекстандық Асадхожа Муйдинхуджаевқа әлі жетпеді. Алғашқы екі раундты қандасымыз қарсыласына беріп қойды. Тек үшінші раундта ғана Дулат ширақ қимылдай бастады. Бірақ қарсыласыңды ұрып жықпасаң, соңғы раундта жеңісті жұлып алу мүмкін емес.
Ал шешуші тұста жеңіске жеткен төрт боксшымызға айтар алғысымыз шексіз. Барлығы да өте керемет өнер көрсетті. Ойбек Жураев пен Сайджамшид Жафаровты өз жерінде тас-талқанын шығарып жеңген Махмұд Сабырхан (54 кило) мен Асланбек Шымбергеновтің (71 кило) шеберлік деңгейі бәсекелестерінен бір бас жоғары болды. Сол себепті төрешілер жергілікті боксшыларға жақтасып, жерлестерімізге «килігуге» еш ілік таппады. Бәсеке барысында Махмұд қарсыласын екі рет нокдаунға жібергенде, шаттанбаған қазақ жоқ-ау, сірә! Санжар Тәшкенбай (48 кило) мен Нұрбек Оралбайдың да (80 кило) басымдығы анық байқалды. Жас болса да жалынды әрі қарымды жігіттер екен. Иә, дәл осындай өр мінезді өрендері бар Қазақ елі боксының ертеңі үшін еш алаңдамауға болады.
Жалпы алғанда, Ташкенттегі әлем чемпионатының ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары болды. Өзбектер бұл жарысқа жан-жақты және тыңғылықты дайындалған екен. Осы жағы бізді қуантты. Ал Мырзағали Айтжанов жаттықтырған Қазақстанның ұлттық құрама командасының аталған додадағы өнері бас бармақпен бағалауға тұрарлық.
Қамшыбек жігерсіздік танытты
Тұрсынғали ЕДІЛОВ,
бокстан Қазақстанның
еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
– Жалпы алғанда, Қазақстан құрамасының әлем чемпионатында өте жақсы нәтиже көрсетті деп айтуға толық негіз бар. Десек те «әттеген-ай» деген тұстарымыз да жоқ емес. Мәселен, аса ауыр салмақ дәрежесінде күш сынасқан Қамшыбек Қоңқабаевтың өнеріне көңілім мүлде толмады.
Бүгінгі таңда бұл салмақтың фавориті Баходир Жалолов екені сөзсіз. Бірақ оны да ұтуға болады. Қоңқабаевпен өткізген жекпе-жегінде ол шаршы алаңға қобалжып шықты. Күллі Өзбекстан халқы аса ауыр салмақтағы алыбынан тек алтын жүлде күтіп отырғандықтан, Жалолов қазақ боксшысынан қалайда жеңіліп қалмаудың қамын ойлады. Бұл – психологиялық тұрғыдан қосымша ауыртпалық жүктеді. Бәсеке барысында Баходир сол қолмен тіке соққы жасаумен ғана шектелді. Басқа мардымды ештеңе істей алған жоқ. Сол сәтті Қамшыбек ұтымды пайдалануы керек еді.
Үшінші раунда Қоңқабаев біраз «тірілгендей» болды. Жақсы екі соққы жасағанда, Жалолов қашқақтай бастады. Қандасымыз шабуылын одан әрі жалғастыруы керек еді. Ал ол қарымта соққы алып қаламын ба деп қорқып, жеңіліп жатса да, өте сақ әрі баяу қимылдады. Қарсыласынан қаймығып, уақыт созып жүріп алды. Бір сөзбен айтсақ, Қамшыбек жігерсіздік танытты. Сын сағатта намысын қамшылай алмады.
Келесі жылы Парижде Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Төртжылдықтың басты додасында олардың жолдары қайта қиысатыны анық. Ол кезде де Қоңқабаевтың ұтылатынына күмәнім жоқ. Өйткені Жалоловтан жеңілуге оның еті әбден үйреніп қалған. Ал олай болса, алдын ала осалдығын мойындап, сағы сынған боксшыны Олимпиадаға апарудың не қажеті бар? Әлде барлығымыз жаратушыға «Финалға дейін Қоңқабаевты Жалоловпен жолықтырмаса екен» деп жалбарынып отыруымыз керек пе? Қамшыбек қанша жерден атақты боксшы болса да, оны дереу басқа боксшымен алмастыруымыз керек.
Төрт алтын – кездейсоқ нәтиже емес
Рауан ОҚАС,
бокс сарапшысы,
спорт комментаторы:
– Араға 10 жыл салып әлем чемпионатында тағы да 4 алтын медаль алдық. Бұл жолы шетелде өткен жарыста және шаршы алаңда біздің бітіспес қарсыласымыз саналатын өзбек елінде. Шын мәнінде, бұл – қуантарлық жайт. Әлем чемпионатының қарсаңында бокс мамандары мен жанкүйерлері «өзбектер 2017 жылғы Азия чемпионаты сияқты медальдың басым бөлігін өздері жинап алады, біздің боксшыларға қиянат жасалады» деп болжаған еді. 9 жүлде тым көп, бірақ алған 5 алтындарын лайықты деп қабылдауға болады. Басқа елде өтсе, біздің команда бірінші орыннан көрінер еді.
Жартылай финалдан бастап қазақ боксшылары сенімді жұдырықтаса бастады. Бес боксшы финалға шықты. Қолаға қол созым жерде 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Серік Теміржанов (57 кг) мен Қамшыбек Қоңқабаев (+ 92 кг), Сағындық Тоғамбай (86 кг) секілді боксшылардың сүрінгені көңілімізге қаяу түсірді.
Бұл додада сенімді ақтай алмаған боксшы деп тек Санатәлі Төлтаевты (63,5 кг) айтар едім. Өте өкінішті. Екі егіз боксшының құрамадағы жолы осымен жабылды-ау деп ойлаймын. Талғат Сырымбетов мен Сағындық Тоғамбайға әлі де мүмкіндік беру керек, ал Қамшыбектің Жалолов бар кезде халықаралық жарыстарда алтын алуын елестете алмаймын. Қоңқабаев алар асуын алды, мүмкіндік берілді, енді ұлттық құрамада орнын жастарға босатып бергені дұрыс. Басқа жігіттердің де шығуына жағдай жасалу қажет.
Ташкент төріндегі дүбірлі додада жігіттеріміздің төрт алтын медаль алуын кездейсоқтық емес деп айтар едім. Жасыратыны жоқ, тек Нұрбек Оралбайдан (80 кг) ешкім алтын жүлде күткен жоқ. Ал Санжар Тәшкенбай (48 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Асланбек Шымбергеновтердің әу баста чемпион болуға мүмкіндігі бар екенін топшыладық, Сәкен Бибосыновтың (51 кг) да жүлдеге таласатын қауқары болған. Алайда жарақаты, былтырдан бері рингке шықпағаны өзіне кері әсерін тигізді. Сондықтан 13 салмақта 4 алтын, бір күміс жүлде алу ешқандай да жаңалық емес.
Келер жылы Париж Олимпиадасы өтетіні баршаңызға белгілі. Боксшылардан бұрын бапкерлерге оңай тимейді. Шамасы, Санжар Тәшкенбай 51 кило салмақта бағын сынайды, Сәкен Бибосынов екеуінің арасында жеңімпаз анықтау керек болады. Теміртас Жүсіпов 48 кило салмақта қалатынын айтты. Махмұд Сабырхан Серік Теміржановтың салмағына ауысса, ол жақта да бәсеке қызайын деп тұрғандай. Ағайынды Оралбайлардан Айбекке әрі қарай да үміт артқанымыз дұрыс. Осы жолы чемпион атанған сыңары Нұрбек үшін өте қуаныштымын, дегенмен оның жеребесі өте сәтті түскенін айта кеткен жөн. Алдағы Париж Олимпиадасында мен осы жігіттерді көргім келеді:
48-52 кг: Санжар Тәшкенбай
52-57 кг: Сабырхан Махмұд
57-63 кг: Талғат Сырымбетов
63-69 кг: Дулат Бекбауов
69-75 кг: Асланбек Шымбергенов
75-81 кг: Нұрбек Оралбай
81-91 кг: Айбек Оралбай
+91 кг: Дамир Тойбай
Ұлттық құрамаға жаңа есімдер керек
Аслан ҚАЖЕНОВ,
спорт журналисі:
– Бәрімізге белгілі, Токио Олимпиадасында боксшыларымыз абыройсыздыққа ұшырап, жанарымен жер шұқып қалған болатын. Кейінгі халықаралық жарыстарда да жігіттеріміз ойдағыдай өнер көрсете алмай, жанкүйерлердің қатты сынына қалып жүрді. Осындай келеңсіздіктен соң федерация басшылығы биыл жыл басында бас бапкерді ауыстырды. Оның өзі көпшіліктің пікірін екіге жарды. Бірақ отандық бокстың басы-қасындағылар осы қысқа ғана уақыт аралығында айтарлықтай жұмыс атқарғанына куә болдық. Мәселен, командаға литвалық маманды алдырды. Ол жігіттердің физикалық дайындығына жауапты болды. Жанкүйерлер байқаған болуы керек, боксшыларымыз қазір бұрынғыдай үшінші раундта шаршап қалмайды. Керісінше, өте сергек және белсенді қимылдап жүр. Яғни шеттен маман тартқаннан нәтиже бар деген сөз. Ал тактиканы бас бапкер Мырзағали Айтжанов қояды. Тәжірибелі жаттықтырушы ғой. Таңдаудың соған түскені де жемісін берді. Сонымен қатар құрамада әр боксшының жеке бапкері, спорттық дәрігер, массажист, психолог, диетолог сияқты мамандар да. Әлем чемпионатындағы жетістік – осылардың бірлескен еңбегінің арқасы.
Сәкен Бибосынов пен Талғат Сырымбеттің ә дегеннен шығып қалғаны мен үшін күтпеген жағдай болды. Өйткені менің жеке көзқарасым бойынша, жерлестеріміз қарсыластарынан бір мысқал да кем түспегендей көрінді. Тіпті Талғат Халықаралық бокс федерациясының басшысы Умар Кремлевке арнайы мәлімдеме жасап, жекпе-жек нәтижесін қайта қарауды сұрады. Алайда қазіргі ереже бойынша оны жүзеге асыру мүмкін емес. Төрешілердің тобықтан қағуы да оларды жүлдесіз қалдырды. Жалпы, биылғы әлем чемпионатында төрешілер тарапынан бұра тарту көп байқалды. Халықаралық бокс федерациясы бұрыннан солай жасайтыны белгілі ғой. Талай жерлесіміз сондай жағдайлардың құрбаны болғанын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Ал Санатәлі Төлтаев, Нұрқанат Райыс және Сағындық Тоғамбайлардың салмағына жаңа есімдер келсе деймін. Қамшыбек Қоңқабаевтың да ұлттық құрамадағы орнын босататын уақыт келген сияқты.
Биыл алғаш рет боксшылардың әлемдік бәсекесінен елге ақпарат таратып, жұмыс істедім. Ташкенттегі қазақ жанкүйерлері боксшыларға керемет атмосфера сыйлағанын айта кеткен жөн. Әлем чемпионаты құдды бір Қазақстанда өтіп жатқандай әсер қалдырды. Әсіресе финалдық сындарда зал түгелдей көк түске боялды. Бәрі бірдей қиқулағанда «Хумо аренаны» дірілдетіп жібереді. Боксшылардың өзі де осы қолдауларды киім ауыстыратын бөлмеден сезіп, соның арқасында жігерленгенін айтып жатыр. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов та ең алдымен осы қалың Қазақ елінің демеуі арқасында жетістікке жеткенін алға тартады. Бұдан бөлек, 4 мәрте әнұранымыз шырқалып, 4-еуінде де соңғы бөлігін халық музыкасыз, яғни, өз даусымен айтып шыққаны, Махмұд пен Асланбек марапаттау рәсіміне тақия киіп шыққаны және Дулат Бекбауовтың финалда жеңілгеннен кейін көк туға көз жасын сүрткені, әрине, ешқашан есімнен кетпейтін сәттер.
Жазып алған
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»