Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Алматы қаласындағы білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Татьяна Ежованың айтуынша, «Саламатты тамақтану мектебі» бағдарламасы 2013 жылы басталған. 10 жыл ішінде педагогтердің және ата-аналардың күшімен біршама іс тындырылған. Мәселен, былтыр бағдарлама аясында мұғалімге арналған әдістемелік құралдан, жұмыс парақтарынан және оқушыларға арналған презентациялардан тұратын жаңа цифрлық курс құрылды. Ол сараптамадан сәтті өтіп, жаңа оқу жылында іске қосылады. Аталған курс Астана мен Алматының ғана емес, еліміздің барлық өңірінің педагогтері үшін қолжетімді болады.
Астана қаласындағы әдістемелік орталықтың басшысы Сындар Дәуешованың айтуынша, дені сау оқушыны тәрбиелеу – жалпыға ортақ әрі кешенді мәселе. «Сондықтан бастауыш сыныптарда дұрыс тамақтанудың маңызы туралы білім мен идеяларды жүйелі түрде алуы үшін оқу-тәрбие үдерісін құру маңызды. Бұл бағыттағы тиімді құралдың бірі – «Саламатты тамақтану мектебі» бағдарламасы. Ол бастауыш сынып оқушыларына арналған. Өйткені дәл осы жаста мінез-құлықтың барлық нормасы, күн тәртібі мен тамақтану тәртібі белгіленеді», дейді С.Дәуешова.
Педагогика ғылымдарының кандидаты Александра Макееваның айтуынша, қоғамда денсаулық мәдениетін ілгерілету арнайы ағарту жұмысынсыз мүмкін емес. Өйткені пайдалы әдеттердің қалыптасуы неғұрлым ерте басталса, нәтиже де соғұрлым тиімді болады.
Еске сала кетейік, «Саламатты тамақтану мектебі» бағдарламасы «Нестле. Дені сау балалар» жаһандық бастамасы аясында жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты – 2030 жылға қарай дүние жүзіндегі 50 миллион балаға саламатты өмір салтын ұстануға көмектесу. «Саламатты тамақтану мектебі» 2013 жылдан бастап Астана мен Алматы мектептерінде жұмыс істеп келеді. Бағдарлама 6-8 жастағы балаларға бағытталған әрі мұғалімдер өткізетін сабақтар жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Ол Қазақ тамақтану академиясымен және «Өрлеу» орталығымен бірлесіп әзірленген. Осы күнге дейін 60 мыңға жуық бала «Саламатты тамақтану мектебімен» танысқан.