Қоғам • 17 Мамыр, 2023

Қуаныш алаңы

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Гагарин саябағында спортпен айналысу мүмкіндігі туып отыр. Жуықта мұнда бочча ойынына арналған алаң ашылды. Жергілікті жасөспірімдер үзбей жаттығу жүргізіп, Польша елінде өтетін халықаралық жарысқа дайындалып жатыр.

Қуаныш алаңы

Бочча – доп ойыны, тірек-қозғалыс аппа­ратының ең ауыр бұзылыстары бар балалар мен ересектерге спортта өзін-өзі сы­нап көруге мүмкіндік бере­тін бірнеше паралимпиадалық спорт түр­лерінің бірі. Мұн­дай ерекше алаң Павлодар қаласында алғашқы рет пайда болды. Қалалық спорт бөлімі­нің бас­шысы Әсет Әбілтаев­тың айтуынша, құны 5 млн тең­ге­ге бағаланған жобаны «Строй­Групп PVL» ЖШС са­лып шыққан. Саябақ ішін­де орналасқандықтан ба­ла­лар таза ауада емін-ер­кін тыныстап, кез келген уақыт­та ойнай немесе жат­тыға алады. Бұған дейін мүм­кіндігі шектеулі жандар «Авто­мобилист» спорт кешенінде ойнап келіпті. Әлгін­дей ашық алаң – облыста әзірше екеу ғана. Бұған дейін Ақсу қала­сында салынған.

Жаттығу шараларына спорт­­шылардың ата-анала­ры да қатысады. Себебі олар­дың көмегінсіз ойынды жүр­гізу мүмкін емес. Жаттық­тыру­шы балаға допты қалай ұстау керек екенін, лақтыру әдісі мен машықтарын үйретеді. Мұндай мүмкіндікке ата-аналар дән риза. «Біздің бала­ларымызға арнайы алаң са­­лып бергеніне ризашылығымыз шексіз. Арба­ға таңылған жас­өспірімдеріміз енді зерік­пейтін болды. Олар бұл жерде бір-бірі­мен сөйлесіп, әлеуметтік жағынан бейім­деле­ді. Саябақта серуендеп, таза ауамен тыныс алу­дың өзі ғажап! Бұған дейін баламды облыс­тық балаларды оңалту орталығына және «Самал» орталығына ғана апара алатын­мын. Енді бос уақытымызда осында келіп тұратын болдық. Табиғат аясында балаларымыз бір-бірімен танысып, командалық ойынның не екенін түсініп, кәдімгідей ынтасы оянды. Келешекте үлкен жарыстарға қатысып, өзге елдерге барып жатса, біз үшін одан асқан бақыт жоқ», дейді ана Лариса Козлова.

Боччамен тұрақты айна­лысып жүр­ген Али­­на­ның жасы 28-де, былтыр атал­ған пара­лимпиадалық спорт түрінен Қазақ­станның чемпионы атаныпты. Бұған дейін Мәскеуде үлкен жа­рысқа қатысып кел­генін мақ­танышпен жеткізді.

Халықаралық балалар күніне орай Астанада өтетін ел чемпионатына павлодар­лық бочча спортын серік еткендер де қатыса­мыз деп отыр. Ол бәсекеде еліміздің әр түпкі­рінен 200-ге жуық паралимпиадашы жиналады деп күтілуде. Ал тамыз айында Польшада халықаралық ойын ұйымдастырылып, оған керекулік Даяна Нұрғазина мен Виктор Кожевников жол тартпақ.

 

ПАВЛОДАР