Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Форумға қатысқандар экономикадағы мемлекеттің үлесінің шектен шығып бара жатқанына алаңдайтынын айтты. Бұл «Жақсы ма, жаман ба?» деген сұрақтың жүз түрлі жауабы бары да осы жиында белгілі болды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровтың айтуынша, монополиясыздандыру, жекеменшіктегі активтерді мемлекет меншігіне қайтаруда алға жылжушылық бар, бірақ кедергілер де жетеді. «Мемлекеттің үлесі барлық салада бар. Біз активтерді мемлекеттің пайдасына қайтару үрдісінің қалай жүріп жатқанын білеміз. Бірақ сол активтерді қандай ортаға тапсыру керектігі әлі айқындалған жоқ. Қоғам осы сұрақтың жауабын күтіп отыр», деп атап өтті Марат Омаров.
2022 жылдың наурызынан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде «Көлікке қызмет көрсету орталығы» АҚ (439 кірме теміржол желісі), «Қазақтелекомның» 28,8 пайыз қатысу үлесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Активтерді мемлекет меншігіне қайтару тауар нарықтарында монополиялық жағдайға ие болған делдалдардың санын азайтуға мүмкіндік берді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметтері бойынша кірме теміржол желілерінің мемлекетке қайтарылуы бизнес үшін тарифтерді 14 еседен астам төмендетуге мүмкіндік берді. Бірақ төраға айтып өткендей, қайтарылған активтерді қайда бағыттау керек деген мәселе әлі шешілген жоқ. Қазіргі уақытта жанар-жағармай нарығынан бастап, жолаушылар тасымалына дейінгі ел экономикасының базалық салаларына мемлекеттің қатысу деңгейі өте жоғары екені айтылып та, жазылып та жүр.
Әуе тасымалы нарығында – 91, сұйытылған және тауарлық газ нарықтарында – 70-тен 100, электрмен жабдықтау – 100, жанар-жағармай – 80, теміржол тасымалы – 63-100, көмір – 70 пайыз болып жалғасып кете береді. Мұның нәтижесі нарықтағы жаңа тенденция – мемлекеттік монополиялардың пайда болуына алып келді. Экономикадағы ШОБ өсімінің бізге қажет деңгейге көтерілмеуіне, жоғары арбитраждық тәуекелдерге және бизнес-климатты нашарлап кетуіне осы фактор себеп болғанға ұқсайды. Төрағаның пайымдауынша, мұндай шешім бәрі нарықтағы жағдайды бақылау үшін қабылданғанмен, іс жүзінде бақылаудың мүмкіндігі жетпей қалды.
Осы тұста Марат Омаров дизельді отын және бензин тақырыбын да қозғап өтті. Қазір нарықтың осы сегментінің 80 пайызын «ҚазМұнайГаз» арқылы мемлекет қабылдайды. Бұл компания мұнай-газ секторында доминант компаниялардың қатарында екені айтылып та, жазылып та жүр. Монополия және нарықты басқарудағы кемшіліктердің салдары жағдайды оңалта алмады. «Бақылауды қамтамасыз ету қиын... Біз өз кезегімізде бұл активтерді бәсекелестік ортаға беру, жеке кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін көтеріп, осыған байланысты түрлі құқықтық құжаттар әзірледік», дейді Марат Омаров.
М.Омаровтың айтуынша, әуе тасымалы нарығында мемлекеттік компаниялар тобы – Ұлттық авиатасымалдаушы және онымен үлестес компаниялар басым. Мемлекеттің қатысуымен авиакомпаниялардың активтерін бөлу мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін таппады. Нәтижесінде, нарықтың қолданыстағы құрылымы баға бәсекелестігі, шығындарды оңтайландыру үшін ынталандыруды азайтады. Бұл рейстердің жүйелі кешігуіне және бағаның өсуіне әкеледі, нәтижесінде тұтынушылар зардап шегеді. Қолданылатын динамикалық баға монополиялық нарықтарда жұмыс істемейді. Мысалы, авиакомпанияның ең жоғары тарифі бір маршрут бойынша ең төменгі тарифтен 4,5 есе асатын кейстер бар (67 743/ 14 743 тг.). Сондықтан қазіргі жағдайда нарыққа жаңа авиатасымалдаушыларға қол жеткізу үшін «Ашық аспан» режімін күшейту мәселесі қарастырылуда.
Телекоммуникация нарығында да мемлекеттің нарықтағы үлесі 75 пайызға дейін өсті. Негізі, бұл бизнеске сатылуы керек мемлекеттік ресурс екенін осы сала өкілдері жиі айтатын. Қазіргі жағдайды «мемлекет өзіне-өзі сатты» деп бағалауға болады. Бірыңғай операторларды қысқарту жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, жаңа операторлардың ашылуына байланысты олардың саны артып отырғанын атап өтті. Спикердің айтуынша, қазір агенттік жаңа операторларды құруға заңды түрде тыйым салу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шара қолға алынса, мемлекеттік монополия субъектілерінің саны қысқарады. Бәсекелестік ортаның енгізілуімен тұтынушылардың бағасы көтеріледі деген үкіметтің қауіптенуіне тоқталған М.Омаров дәрі-дәрмек нарығын мысалға келтірді. Ол қазір дәрі-дәрмек құнын кезең-кезеңімен реттеу жүргізіліп жатқанын атап өтті. Нәтижесінде, баға көтерілмейді, керісінше, кейбір лауазымдар үшін фармацевтикалық компаниялар арасындағы бәсекелестік нәтижесінде ұсыныс арзандайды. М.Омаровтың айтуынша, биылғы жылы бірінші кезең аясында үштен астам өндірушінің 376 рецептсіз сатылатын дәрі-дәрмегі алынып тасталады. Келесі екі кезең 2023-2025 жылдарға жоспарланған. «Жалғыз нұсқа ретінде біз мәжбүрлеп жекешелендіруді және активтерді бәсекелестік ортаға беруді ұсынамыз. Ең бастысы – «шок терапиясы» мен жүйелі IPO арасындағы теңгерімді табу» деп атап өтті М.Омаров.
БРИКС халықаралық бәсекелестік құқық және саясат орталығының директоры Алексей Ивановтың айтуынша, «үлкен нәрсенің бәрі ерте ме, кеш пе қиындықтар туғызады». Осыған байланысты монополия құрмай, шағын компаниялар есебінен бәсекелестікті күшейту қажет. «Қазақстанда мемлекеттік компаниялар бірімен-бірі жалғасып ағып бара жатқан алып кеме тәрізді. Мұндай жағдайда стандартты монополияға қарсы шаралар нәтиже бермейді, өйткені біреуіне тыйым саласыз, ал мемлекеттік компания саңылау тауып, сонда өседі. Біз белгісіздік жағдайында қақтығысты модельдеуді және үнемі өзгеріп отыратын шындықпен жұмыс істеуді үйренуіміз керек», деп кеңес берді Иванов.
Экономист талдаушы Жарас Ахметов ел экономикасы мұнай рентасымен күн көріп келе жатқанын айтты. Өткен ғасырдың аяғында жүргізілген реформалар мұнай бағасына ықпал етті. Бірақ әлемдік қаржы дағдарысы ІЖӨ-ні тежеп, негізгі капиталға келетін инвестицияны азайтты. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралардың нәтижесі аздау болып тұр. Өнеркәсіп өндірісінің үлесі тұрақты түрде төмендеп келеді. Сарапшы айтып өткендей, мемлекет ойын ережелерін белгілейтін, олардың орындалуын қадағалайтын, субъектілер арасындағы дауларды реттейтін бақылаушы, реттеуші және төреші міндетімен шектеліп қалды», дейді Жарас Ахметов.
Сарапшының айтуынша, идеалды мемлекет құру әрекеттері осыған дейін де бірнеше рет жасалған. Солардың ішінде бізге ең танысы – КСРО. «Өмір үнемі жаңа жағдайларды тудырады және ешбір мемлекеттік аппарат оларға ілесе алмайды. Экономикада мемлекет үлесі неғұрлым көп болса, ондағы бәсекелестік соғұрлым аз және сәйкесінше «батпақты» секторлар да көбейеді. Көбірек қадағалау жаңа кәсіпкерлер үшін кіруге көбірек кедергілерге жол ашады. Салықтардың көп болуы жабық компаниялардың көбеюін байқатады. Көбірек тұтыну тауарлар мен қызметтерді сату мүмкіндігінің аздығын білдіреді. Үкімет Қазақстанның дамуына жаңа серпін беремін десе, оның экономикадағы қатысуын азайтуы керек. Өзін-өзі ұйымдастыруға, өзін-өзі реттеуге, бастамашылыққа көбірек мүмкіндік беру қажет», деп сөзін түйіндеді сарапшы.