03 Маусым, 2010

Күзет Қызметі күшейтілмек

661 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматыда жеке меншік күзет қызметін тәртіптейтін заңнаманы жетілдірудің жайы ашық әрі байыпты түрде талқыланды. Бұл жиынды Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитеті, Ішкі істер министрлігі және республиканың Күзет ұйымдары ассоциациясы ұйымдастырды. Пікірталасқа Мәжіліс депутаттары, соның ішінде аталмыш комитеттің жұмыс тобының жетекшісі Берік Бекжанов, Ішкі істер министрінің орынбасары Александр Кулинич, басқа да министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ күзет қызметі субъектілерінің басшылары қатысты. Біздің елімізде күзет құрылымдарына азаматтардың өмірі мен денсаулығын, сонымен бірге заңды және жеке тұлғалардың мүлкін заңсыз қол сұғушылықтардан сенімді қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін айтарлықтай толық нормативтік-құқықтық негіз жасалынған. Қазіргі уақытта мемлекеттік емес күзет қызметін 80 мыңнан астам адам атқаруда. Өткен жылы олар 1500-ге жуық қылмысты ашты, мыңдаған құқық бұзушылықтарды анықтады, көптеген тәртіп бұзушылар ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Дегенмен, тәжірибе қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде барлық резервтердің бірдей іске қосылмай отырғанын көрсетуде. Б.Бекжановтың баяндауына жүгінсек, Мәжілісте бірқатар заң актілеріне, соның ішінде Ішкі істер министрлігі әзірлеген “Күзет қызметі туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы талқылануда. Талқылауға қатысушылар жобаның күзет агенттіктерінің құқықтарын кеңейте түсетін бірқатар ережелерін мақұлдады. Атап айтқанда, оларға лицензиялары болған жағдайда, күзеттің техникалық құралдарын құрастырумен және қызмет көрсетумен шұғылдануға, сондай-ақ заңсыз қол сұғушылықтардан құқық шеңберінде қорғану тәсілдері бойынша ақыл-кеңестер мен ұсыныстар айтуға мүмкіндік берілмек. Күзетшінің құқығы мен міндеттерін айқындайтын нормалар енгізілді. Демек, ол тәртіп бұзушылыққа кесе-көлденең тұрып, қылмыскерді ұстауға қақылы. Осы кезде оған күш қолдануға және арнайы құралдарды пайдалануға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, ол нысанның өзін де, әрі оның төңірегіндегі аумақты да қорғауға ерікті. Күзетшінің құқықтары кеңейтіліп қана қоймай, оның жауапкершілігі де арттырылады. Заң жобасы қабылдана қалған жағдайда бұл қызметке бұрын сотталған азаматтар алынбайды, кадр іріктеу орайында басқа шектеулер де енгізілмек. Күзет агенттіктерінің басшылары, күзет қызметі саласының мамандары отандық және шетелдік, атап айтқанда, ресейлік тәжірибеге сүйене отырып, заң жобасын жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар енгізді. Қорғанбек АМАНЖОЛ, “Егемен Қазақстан”.