16 Шілде, 2014

Қабыл

523 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
ACD_8989 Құрқылтайдың ұясындай клиникаға кіріп барғанда кезек күткен адамның көп екенін бірден байқайсыз. Ауруы жанына батқан, дертіне шипа іздеген кісілердің көзінен үміттің ұшқыны байқалады. Талай жерді адақтап, табанынан тозып, ем таппай қиналған жандардың шаршаған бейнесі ет жүрегіңді елжіретпей тұрмайды. Өйткені, мысқылдап кірген аурудың табандап шықпай қоятыны әлімсақтан аян. Ал мына жерге жанын жегідей жеген дертті қолмен сылып алғандай сауықтыра ма деген үмітпен келеді. Сол үмітті ақтайтын ақ сақалды, иманжүзді, өзі арбаға таңылған кісі. Бұл – Қабыл Досжанов деген дәрігер. Әлқисса. Қабыл Қайырбекұлы анадан туғанда он екі мүшесі бүтін, аяқ-қолы сау еді. Жұртпен қатар жетілді. Алматыда медициналық білім алды. Оқып жүргенде өзінен төмен курстағы Мәдина екеуі шаңырақ құрды. Елге оралып мамандықтары бойынша жұмыс істеді. Қабыл балалар емханасына дәрігер, Мәдина қалалық перзентханаға акушер-гинеколог болып орналасты. Бір жұмысқа ғана байланып қалмады. Отағасы артық уақытында жедел-жәрдем бөліміне барып нәпақасын арттырды. Жұбайы медициналық училищеде білім берді. Себебі, үлкен әулеттің қажетін айыру керек. Өздері жас. Бойларында жалын бар. Солай жүргенде 1983 жылдың қыркүйек айы келді. Құр келмеді, қаралы жағдайды ертіп жетті. Қабыл Досжанов жол-көлік апатына ұшырады. Ақырында екі аяғы істемей, арбаға таңылды. Солайша, алты жыл үйде отырды. Оның үш жылында емделді. Қарағандыдағы жұлын омыртқаларын емдейтін орталыққа бірнеше рет барды. Аяғынан тұрып кете алмаса да, біршама сауықты. Ал қалған үш жылын Қабыл Қайырбекұлы жоғары жақтан жұмыс сұраумен өткізді. Министрден бастап, басқарма бастығына дейін хат жазды. Жағдайын айтты, жұмыс беруін өтінді. Бірақ оған елең еткен адам болмады. Әр хатты апарған сайын Мәдинаның тауы шағылып, сағы сынып, мұңайып қайтатын. Дей тұрғанмен, отағасына ондай көңіл күйін білдірмейтін еді. Онсыз да қиын жағдайға душар болып, жұмыссыз қалып отырған отағасына неше түрлі сылтау айтып, сыртта естіген жағымсыз сөздерін өзі жұтып қоятын. Шыдамның да шегі бар ғой. Қашанға дейін ішінде сақтасын. Қанша жерден мықты болғанмен еменнің де морт сынатын кезі болады. Бір күні Мәдина да шыдамады. Кезекті хатын алып барғанда денсаулық сақтау басқармасындағылар «Сендер жазған хаттан бір үй соғатындай болды. Құр сандалғанды қашан қоясыңдар?» деген кекесінді сөз айтады. Талай қорлығы өтсе де тырс етпеген Мәдина Досжанова мына сөзден кейін құлазып сала береді. Олар үшін арбаға таңылса да, жұмыс істегісі келетін, жұрт қатарлы өмір сүруге талпынатын адамның әрекеті көк тиындық құны жоқ екен. Бұлар жазған құр хаттың өзін ауыр санады. Қара сия арқылы ақ қағаздың бетіне құйылған жанайқайы құлақтарына жетпеді. Демеу іздеген сөздері өтпеді. Сол күні Мәдина үйіне ебіл-себілі шығып жылап келді. Бірталай уақыттан бері ішінде қатқан шемен көз жасы болып төгілді. Жан жүрегі ауырып егілді. Тауы қайтып, езілді. Әр хатына үлкен үміт пен аманат арқалатып жіберіп, үйінде жақсылық күтіп отырған Қабылдың да көңіліне қарайтындай болмады. Осыған дейінгі бар әңгімені жайып салды. Ешкім қолұшын созбайтынын, мұның тағдырына әлдекімнің алаңдамайтынын, қайта табалап, мысқылдап, барған сайын жігерін құм етіп қайтаратынын айтты. Арбада отырған Қабыл бәрін үнсіз ғана тыңдады. Жарын аяп та кетті. Дегенмен, мұндағы аяныш сезімі қоғамның тасбауыр қалпын бұза алмайтынын сезінді. Ашу шақырғанмен, басын тауға да, тасқа да ұрып шарқ ұрғанмен ештеңенің бітпейтінін ұқты. Ұқты да күш қайратын жинап, енді ешкім­нен көмек сұрамауға бел буды. Әйткенмен, түбі Жаратқанның жападан-жалғыз қалдырмайтынына сенді. Үйде отырған адамның құлағы қашанда түрік болады. Теледидар мен газеттердегі ақпараттардан қол үзбейді. Заманның қалай қарай дамып бара жатқанын біліп отырады. Қабыл Қайырбекұлының өмірі де солай өріліп жатқан. 1989 жылы КСРО Денсаулық министрі Евгений Чазов Аралға келді. Барлық ақпарат көздері Чазовтың Қызылорда облысына келетінін, Арал проблемасын сол жерде талқылайтынын жарыса айтып жатты. Кешкілік Мәдина жұмыстан келгенде отағасы бір сырдың шетін шығарды. «Чазов келеді екен. Мен ең соңғы өтінішімді сол кісіге хатпен жеткізейін. Егер одан көмек болмаса, енді ешқашан ешкімнен көмек сұрамаймын. Қалай қарайсың?». Отанасы үнсіз ғана қоштаған. Содан Қабыл қайта қалам алып, хатқа отырды. Бәрін ақтарды. Ішіндегі сырының бірін де бүгіп қалмады. Мұның жағдайына ешкімнің басын ауыртпайтынын ашық жазды. Ең соңғы табан тірер адамы екенін айтты. Сөйтті де, хат соңында «менің мәселемді ешкімге тапсырмай, тікелей өзіңіз шешіңіз» деп қадап айтып, нүктесін қойды. Ал енді мұны қалай жеткізу керек? Алдымен байланыс бөлімшесіне телефон соқты. Өзінің жайын түсіндіріп, Аралда жүрген министрге жеделхат жолдағысы келетінін, соған қолғабыс етуді сұрады. Хатты оннан жаңа асқан қызының қолына ұстатып, қып-қызыл он сомдықты қосымша қыстырып, байланыс бөлімшесіне жібереді. Онда­ғылар біраз қиналыпты. Десек те, өмір мейрімсіз адамдардан ғана тұрмайды ғой. Министрдің тікелей қолына жететіндей етіп салады. Жеделхат жеткенде Чазов Аралда актив жиналысында отыр екен. Жанайқайға толы хатты оқып шыққан министр облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысын орнынан тұрғызады да, сұрақты төтесінен қояды. «Облыста қанша мүгедек дәрігер жұмыс істейді?». Қойылған сұрақ осы екен. Ал аймақта ондай бірде-бір дәрігер жоқ. Басқарма бастығы не десін? Жанарымен жер шұқып, кібіртіктеп қалады. Чазов жиналыстың үстінде басқарма бастығына тапсырма беріп, орындалуын тікелей өзі қадағалайтынын айтады. Ертесі облыстың денсаулық саласындағы атқа мінерлері Досжановтардың үйіне құда келгендей сау етіп келе қалады. Сонда әбден ішіне жиналған қыжылын, ашу-ызасын, жеделхатты 10 сомға жіберіп, бұл ақшаға сол кезде бір бөтелке коньяк қана келетінін бірауыз сөзге сыйдырған Қабыл Досжанов атқа мінерлерге былай депті: «Сендердің құндарыңның бір бөтелке коньяк екенін баяғыдан білмедім ғой». Бұл сөз олардың сүйегінен өтті ме, өтпеді ме, Құдай білсін? Бірақ одақтық деңгейдегі министрден тапсырма алған соң олардың да иілмеске амалы жоқ-тын. Енді арбадағы дәрігерге қандай жұмыс ұсыну керек? Қабыл Досжанов қандай жұмыстан болсын қашпайтынын мәлім қылады. Дәрігер болмаса да ренжімейтінін жеткізеді. Тек бір ғана талабы бар. Жұмысты үйде отырып істейді. Ол кезде қазіргідей мүгедектерге арналған такси жоқ. Жұмысқа қатынау тым қиын. Әрі ойланып, бері ойланып, ешкім ешқандай мардымды ұсыныс айта алмайды. Кесімді ұсыныс тағы да біздің кейіпкеріміздің тарапынан шығады. Дәл сол кезде «Жекелеген еңбек әрекеті» деген заң шыққан болатын. Оны аяқ киім тігетіндер мен мұқаба түптейтіндерден басқа ешкім пайдаланбайды екен. Былай айтқанда, нарыққа терезе ашып тұрған заң. Дей тұрғанмен, ешкім рахатын көрмеген. Қабыл Досжанов осы заң бойынша ауруларды үйінде қабылдауға болатынын ортаға салады. «Басым сау, ақыл-есім түзу, білімім бар. Бұл менің қолымнан келеді», – дейді Досжанов. «Мұның бәрі дұрыс, орынды болғанмен, үйде қандай дәрігер ретінде қабылдайсыз?» деген қарсы сұрақ туындайды. Қабыл Қарағандыда жатып, алты ай емделіп жүргенде оны Астахов деген дәрігер инемен емдейді. Қолынан іс келетін, білімі мен білігі қатар жетіліп тұрған жігіттің арбаға таңылғанына жаны аши ма, Астахов Қабылға осы инемен емдеу тәсілін үйретеді. Күндердің бір күнінде қажетіңе жарар дейді. Айтқаны айдай келді. Міне, үйде ауруларды инемен емдейтін сәт туды. Десек... оны растайтын, мұндай ем-доммен айналысуға рұқсат беретін құжаты жоқ екен Досжановтың. Оның да жолы табылады. Ол шақта неврология бөлімінде жатып, білім ала беруге болатын. Солайша, Қабыл Досжанов облыстық неврология бөлімінен білім алып шығады. Өзі үш бөлмелі үйде әйелі екі баласымен тұратын. Соның бір бөлмесін кабинетке айналдырып, адам қабылдай бастайды. Міне, арбадағы дәрігердің өмірі осылай өрілген еді. Алты жыл дегенде барып арманына жетіп, сүйікті ісімен қайта қауышқан. Аяқ-қолы сау адамдардың жұмыс жоқ деп дағдарып, әлдекімге өкпелеп, кіжініп жүргенін көргенде Қабыл Қайыр­бекұлының қайраты еске түсе береді. Тәуелсіздік келіп, өмірімізге нарық дендеп еніп, заман басқаша сипат алғанда да ол жұмысын жалғастыра берді. Жалғастырды деген әншейін сөз. Дамытты деген дұрыс. Қаладан жер үй сатып алып, соның бір бөлігін емдеу орнына айналдырды. Оның үстіне бүгінгі аурудың өзі сан-салалы болып кетті. Кейбірін тек инемен ғана емдей алмайсың. Заманның кейпіне қарай бұлар да клиниканы дамытты. Жұбайы Мәдинаны өкіметтің жұмысынан шығарып алып, екеуі тіршілікті бірге өрбітті. Ол да өзінің мамандығы бойынша адамдар қабылдай бастады. Бір медбике қарындасын қанатының астына алды. Осылайша, «Досжановтар клиникасы» өмірге келді. Бұл жерде онкологиялық, хирургиялық аурулар мен туберкулез жұқтырған адамдарды емдемейді. Ал басқа дерттің барлығын емдеуге мүмкіндіктері бар. Мәдина апаймен сөйлесіп отырмыз. «Сіздерге аяғынан тұра алмай келіп, шауып кеткен адамдар көп пе?» дейміз. «Қайбір жылы Құлахмет Сапарбаев деген жігіт келген. Екі жағынан екі адам ұстамаса өздігінен тұра алмайды. Белінің құяңы бар екен. Тіпті, отыруға шамасы жетпейді» деп жатыр. Тоқтай қалыңыз. Әңгімеге елітіп отырып адам атына аса назар аудармаппыз. Құлахмет менің туыс ағам ғой. Біздің бала кезімізде белінен шойырылып тұра алмай қалған. Екі рет ота жасатты. Белдегі өсіп кеткен шеміршекті кестіріп. Онысы қайта-қайта өсе береді. Тұра алмай қалғанын көргенбіз. Кейіннен бір жерге барып келіп, аттай шауып кеткен. Мәдина Досжановаға әңгімесінің соңын сарнап өзіміз айтып беріп жатырмыз. Ағамызды аяғынан тұрғызған кім деп ойламағанбыз ғой. Жаратқанның өзі жолықтырып отырғанын қарамайсыз ба?! «Досжановтар клиникасының» ең бас­ты ерекшелігі не? Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі адамдар мен олардың отбасына түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар, қарттар үйіндегі кісілерді тегін емдейді. Қысқасы, тағдырдың тауқы­метін тартып, оған ауру жамап алып, емделуге мүмкіндігі болмай жүрген адамдарды аяғынан тұрғызып, өмір сүруге ұмтылдыру үшін жағдай жасап отыр. Бұдан басты құндылықтың ақша емес екенін анық аңғарамыз. Үлкен сауапты іс жасап отырғанын сеземіз. Осы мақаланы жазу барысында Талдықорғандағы облыстық медициналық орталықтың бас дәрігері Мұрат Рахметов хабарласты. Өзі Қабыл Досжановтың курстасы екен. – Қабыл өте білімді әрі білікті дәрігер. Алдына келген адамдардың дертіне шипа таппағандары кемде-кем. Ең бастысы, біз оның қажыр-қайратына таңғаламыз. Тағдыры өте қиын болса да, соған мойы­мады. Алға ұмтылды. Тыным таппады. Жетілді. Түбінде нәтижеге жетті. Оның ең үлкен нәтижесі – елдің ықыласы. Ол халықтың алғысын алған адам. Кей-кейде тіршіліктің күйбеңімен көп нәрсені назардан сырт қалдырып жатамыз. Қарапайым адами қарым-қатынастарды ұмытып кетеміз. Ал Қабыл ондай емес. Бірге оқыған қыз-жігіттердің бәрінен хабар алып отырады. Жағдайы болмай жүргендерге көмектеседі. Бәріміздің басымызды жинап тұрады. Кейде соған демеушілік те жасап жібереді. Сонысымен бәрімізге үлгі болып жүреді. Өзі ақжарқын, пейілі ақ азамат, – дейді ол. Өткен күннің өткелдерін айтып отырып, бүгіннен аттап кеткендей екенбіз. Қазір мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмысқа орналасуы, қайта білім алуы көп жеңілдеді. Биылдан бастап Елбасының нақты тапсырмасынан кейін мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген қамқорлық ерекше артты. Олар енді баяғыдай үйлерінде отырып әрбір мекемеге хат жазып, жұмыс сұрамайды. Мемлекеттің өзі мұндай адамдарға жұмыс беруге мүдделі болып отыр. Сөзіміз жалаң болмасын. Осы орайда, Қызылорда облысында атқарылған қырауар тірліктің бір сыпырасын айта кетейік. Осы күні облыс бойынша 350 мүмкіндігі шектеулі адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Атап айтқанда, Аралда – 27, Қазалыда – 24, Қармақшыда – 33, Жалағашта – 20, Сырдарияда – 25, Шиеліде – 46, Жаңақорғанда – 25, Қызылорда қаласында 150 мүгедек тұрақты жұмыстың құлағынан ұстаған. Сонымен қатар, аймақта алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мүгедектерді қашықтықтан оқытуға облыстық бюджеттен 5,0 миллион теңге бөлінді. Бұл өмірдің өзі өгейсіткендей болған адамдар үшін үлкен көмек екені белгілі. Олар өздерін қоғамнан тыс санамауы керек. Елге, мемлекетке керек екенін сезінулері қажет. Сондықтан, осындай кешенді іс басталды. Түбі қайырлы болсын дейміз. Қабыл Досжанов бес уақыт намазын қаза қылмайтын қазақ. Шіліңгір шілдеде оразасын ұстап, құлшылығын жасап жүр. Адамдарға ем-дом жасап жатқанда «біссімілә» деп бастайды. Ішінен ауруға шипа беріп, сауығып кетуін тілеп, дұға етіп отырады. Алла тағала сүйікті құлының тілегін қабыл етеді дейді ғой. Соған қарап Қабылдың еміне, шипа іздегендер үшін жасалатын дұғаларын Жаратқан қабыл етеді деп ойладық. Оның үстіне адамның аты оның тағдырына әсер етеді деген де түсінік бар. Арбадағы дәрігердің алдына келген кісілердің құлан таза айығып кетуінің бір сыры осында жатса керек. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.