Фото: Еuronews
Италияда су тасқынынан үш адам қайтыс болды. Тағы үш адам із-түзсіз жоғалып кетті. Эмилия-Романьяда қатты жаңбырдан кейін бірнеше өзен жағадан шықты. Чезена қаласы біраз уақытқа дейін су астында қалды.
«Өзен жағадан қайта шығуы мүмкін. Қала тұрғындарын жағалау маңына бармауға және жертөлелерге түспеуге шақырамыз. Өзеннің жанында тұратындар мүмкіндігінше төменгі қабатқа түспеуі керек», деді Чезена қаласының әкімі Энцо Латтука.
Италияның солтүстік аймақтарында ауа райы әлі де қолайсыз болады. Өңірлерде қауіптің «қызыл» деңгей режимі сақталады. Эмилия-Романья мен Тосканада 6 мыңға жуық адам эвакуацияланды.
Солтүстік Адриатикаға жаңбыр көп мөлшерде жауды, ол Хорватия, Босния және Герцеговинаға да әсер етті.
Боснияның батысындағы бірнеше қалалар мен елдімекендер су астында қалды. Жүздеген үйлердің тұрғындары шұғыл түрде қауіпсіз жерге көшірілді. Ең қиын жағдай – елдің солтүстік-батысындағы Бихач қаласының маңында. Онда жағалаулар мен жолдарға себу үшін қажетті құм дорбалар жеткізіліп жатыр.
Көршілес Хорватияның бірнеше аймағында төтенше жағдай режимі жарияланды. Онда әскери қызметшілер уақытша бөгеттер мен бекіністер салуға кірісті.