Нұржан Сманов әлем чемпионаты қарсаңында БАҚ өкілдеріне: «Жарыс әділ өтсе, Қазақстан құрамасы төрт алтын алуға мүмкіндігі бар, ал егер төрешілер бұра тартатын болса, екі алтынмен шектелеміз», деп айтқан еді.
Бұл сөзін ол келесідей түсіндірді:
«Менің осылай күмәндануым негізсіз емес. Кезінде өзім де Ташкент төрінде сан мәрте жұдырықтастым. Ол жерде жергілікті боксшыны айқын басымдықпен жеңбесең, жеңісті саған бере қоюы неғайбыл. Олар «кімнен ұтылсақ та, қазақтарға есе жібермеуіміз керек», деген қағиданы ұстанады. Оған таңданатын түгі жоқ. Біздің де ұстанымыз сондай.
Күні кеше ғана аяқталған әлем чемпионатын тапжылмай тамашаладым. Иә, бастапқы кезеңдерде біраз бұра тартушылық болды. Бірақ алғашқы айналымдарда ұтылған еліміздің былғары қолғап шеберлеріне көпе-көрінеу қиянат жасалды деп айта алмаймын. Жеңілген жігіттеріміз кінәні өздерінен іздесін. Осындай дүбірлі додада жеңіс тұғырына көтерілу үшін оларға әлі көп жұмыс істеу керек.
Жартылай финал және финалдық сайыстар әділ өтті. Бас жүлде үшін өткен жекпе-жектерде жеңіліс тауып, күміс медаль иеленген Дулат Бекбауовтың (67 кг) өзбекстандық Асадхожа Муйдинхуджаевқа әлі жетпеді. Алғашқы екі раундты қандасымыз қарсыласына беріп қойды. Тек үшінші раундта ғана Дулат ширақ қимылдай бастады. Бірақ қарсыласыңды ұрып жықпасаң, соңғы раундта жеңісті жұлып алу мүмкін емес», деді Нұржан Сманов.
Сондай-ақ шешуші тұста жеңіске жеткен төрт боксшымызға шексіз алғысын білдірді.
«Барлығы да өте керемет өнер көрсетті. Ойбек Жураев пен Сайджамшид Жафаровты өз жерінде тас-талқанын шығарып жеңген Махмұд Сабырхан (54 кило) мен Асланбек Шымбергеновтің (71 кило) шеберлік деңгейі бәсекелестерінен бір бас жоғары болды. Сол себепті төрешілер жергілікті боксшыларға жақтасып, жерлестерімізге «килігуге» еш ілік таппады. Бәсеке барысында Махмұд қарсыласын екі рет нокдаунға жібергенде, шаттанбаған қазақ жоқ-ау, сірә! Санжар Тәшкенбай (48 кило) мен Нұрбек Оралбайдың да (80 кило) басымдығы анық байқалды. Жас болса да жалынды әрі қарымды жігіттер екен. Иә, дәл осындай өр мінезді өрендері бар Қазақ елі боксының ертеңі үшін еш алаңдамауға болады», деп пікірін білдірді.
Оның айтуынша, жалпы алғанда, Ташкенттегі әлем чемпионатының ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары болды.
«Өзбектер бұл жарысқа жан-жақты және тыңғылықты дайындалған екен. Осы жағы бізді қуантты. Ал Мырзағали Айтжанов жаттықтырған Қазақстанның ұлттық құрама командасының аталған додадағы өнері бас бармақпен бағалауға тұрарлық», деді Нұржан Сманов.