Рапунцель ертегісінің ұзын шашты кейіпкерінің есімімен аталған «шаш жұту» синдромы – өте сирек кездесетін сырқат. Бұл ісік асқазан-ішек жолында қорытылмайтын, сіңірілмейтін шаштың үлкен көлемде жиналуынан пайда болып, ішкі ағзалардың кідіріссіз жұмысына кедергісін келтіреді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалы берген мәліметке сүйенсек, осынау дертке душар болған 15 жастағы бала Атырау облысынан шипа іздеп келіпті.
«Бұл ауру өте сирек кездеседі. Асқазанда жиналған шаштың көп мөлшері трихобезоардың немесе «шашты ісіктің» пайда болуына әкеліп соғады, сосын асқазанды бірте-бірте жауып, бітеп тастайды. Мұндай ісік «ұзын құйрықты» асқазанның пішініне келеді, аш ішекке дейін жетеді. Ғылыми мәліметтер бойынша, Рапунцель синдромы бар науқастардың 70 пайызы – 20 жасқа толмаған әйел адамдар», деп түсіндірді №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының жоспарлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Азамат Оразалинов.
Дәрігердің айтуынша, ұлдарға қарағанда қыздар Рапунцель синдромына жиі ұшырайды. Әйелдердің шаштары әдетте ер адамдарға қарағанда ұзын, сондықтан асқазанның шырышты қабатында қалып қою ықтималдығы жоғары. Бала шашты жұтқан кезде ісік көлемі ұлғаяды және бұл ішкі ағзаларды зақымдайды.
«Пациенттерде трихофагия белгілерінің пайда болуын, яғни олардың неге шаш жейтінін түсіндіретін көптеген теория бар. Мысалы, стресске қарсы құрал секілді үнемі дұрыс тамақтанбау немесе дағдылардың әсерінен туындайтын балалық негативизм. Трихофагия және пикацизм, яғни тәбеттің бұзылуы және жеуге жарамсыз заттарды жегісі келетін, бақылауға көнбейтін бұл әдет ағзасында темір жетіспейтін адамдарда кездеседі. Рапунцель синдромының кейбір ғылыми сипатында пациент құрамында темір бар препараттарды қабылдағаннан немесе целиакия сырқатынан емделгеннен кейін шашты жұлуды және жеуді қояды. Бұл аурудың ықтимал себептерін жоққа шығарған кезде міндетті түрде психологтың кешенді көмегі қажет. Өкінішке қарай, көп жағдайда хирургиялық әдіс «шашты ісік» мәселесін бірден шешетін және асқазан-ішек жолдарын қалпына келтіретін ең тиімді әдісі болып қала береді. Балаға біздің ауруханада жоспарланған хирургия бөлімінде лапаротомия, гастротомия, асқазанның трихобезоарасын алып тастау операциясы жасалды. Операцияны Астана қаласының штаттан тыс бас балалар хирургі Ринат Бәйгереев жасады. Қазіргі уақытта бала дәрігерлер бақылауында», деді А.Оразалинов.
Ауруханаға түскен баланың ата-анасы алдымен өз емханасына жүгініп, онда фиброгастродуоденоскопия (ФГДС) арқылы тексеру жүргізген екен.
«Біз Атырау облысынан келдік. Баламыз – 15 жаста. Қазіргі уақытта оқу жылы аяқталғанша Астанада тұрып жатырмыз. №2 емханада тіркеудеміз. Бала мезгіл-мезгіл іші ауырып, тамақ ішкеннен кейін құсатын. Тексеру кезінде асқазанында трихобезоар анықталды. Содан №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жолдама беріп, порталға қойды. МӘМС жүйесі арқылы қысқа мерзімде ауруханаға жатқызып, операция жасады. Бала қазір өзін жақсы сезінеді. Сол үшін көмек қолын созған алтын қолды абзал жандардың бәріне ризашылығымызды білдіреміз», дейді әжесі Света.